Инвестиция тарту келісті келіссөзден басталады

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент қаласын дамыту мен салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары мақұлданған болатын.
Аталған жоспарды жүзеге асыруда қалаға инвестицияны көптеп тартудың маңызы зор. Осы бағытта қалалық әкімдікке қарасты басқармалар өз саласының дамуына серпін беру жолында инвесторлармен келіссөздер жүргізуді қолға алған.
Таяуда қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков пен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Р. Ерменбеков Сауд Арабиясынан келген кәсіпкерлермен жүздесті. Қонақтарға басқарма басшысы Асқар Қаныбеков Шымкентте ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін жан-жақты баяндады. Сонымен қатар ол, Қазақстанда инвесторларды қолдау және тарту бағытында жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдауларды тілге тиек етті. Қазіргі таңда қалада 136 гектар аумақты қамтитын агро-индустриялық аймақтың құрылысы жүргізілуде. Аталған кездесуде дәл осы агро-инудстриялық аймақтың жобалары таныстырылды. Жоспарлы мақсаттарды жүзеге асыру көзделген кездесу кезінде екінші тарап Шымкенттегі аграрлық-өнеркәсіптік кешен бойынша инвестиция тартуды бірлесіп жалғастыру туралы келісімге келді.
Дәл осындай мақсатта осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов GG Group трансұлттық корпорациясының атқарушы директоры Варун Чаудхаримен кездесті. Бұл азамат Chaudhary Group компаниясының иегері, непалдық миллиардер Бинод Чаудхаридың ізін басар ұлы. Естеріңізде болса, осы кездесуден бірер күн алдын Ғабидолла Рахметолллаұлы аты әлемге мәшһүр бұл бай-бағланмен кездесетінін алдын ала хабарлаған болатын. Мақсат – мегаполисте салынатын заманауи аквапарк пен аттракциондар құрылысы жобасын талқылау еді.
Көптен күткен жүздесу сәтті өткендей. Бұл туралы мегаполис басшысы Ғ. Әбдірахымов өзінің инстаграм аккаунтында хабарлаған. Ол Варун Чаудхаримен болған іскерлік кездесуде құрылысын екі жылдың ішінде аяқтау межеленіп отырған аквапарк жобасын егжей-тегжейлі талқыланғанын, нысан бой көтеретін нақты жер учаскесінің анықталғанын, оны жедел орындау үшін арнайы жұмыс тобының құрылғанын жазған.
Қалаға инвестиция тарту ісі осымен түгесілмейді. Алдағы күндері жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында 100 медициналық жедел жәрдем көлігі алынатын болады. Шымкент жедел жәрдем медициналық станциясын жаңғырту мақсатында алынатын бұл техникаларға жергілікті билік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында түрік компаниясының өкілдерімен түзілген келісім негізінде қол жеткізіп отыр.

С. НҰРАЙ.