Сайлау күні 53 ана сәбилі болды
Өткен жексенбіде шымкенттіктер Қазақстан Республикасының кезектен тыс президентін сайлады.
Сайлау күні стационарлық режимде ем қабылдап жатқан тұрғындардың да дауысы назардан тыс қалмады. Олар үшін жабық сайлау учаскелері жұмыс істеді. Ал денсаулығына байланысты жүріп тұруы аздап қиындаған науқастарға комиссия мүшелері бюллетень тастайтын көшпелі жәшіктерді алып барды. Бұл ретте босануға айы-күні жақындап перзентханада жатқан әйелдер қауымы да науқаннан қалыс қалмай, өз таңдауларын жасады.
Айтпақшы 9-маусым ҚР Президентін сайлау күні үшінші мегаполисте 53 сәби дүние есігін ашты.
Жеті кандидат Қазақстандағы ең жоғары лауазым қызметіне таласқан бұл күнде шыр етіп өмірге келген 53 сәбидің 29-ы қыз, 24-і ұл бала болған.
Жалпы еліміздегі өңірлерде атаулы күндердегі мұндай статитистика үнемі жарияланып тұратыны белгілі. Мәселен, жаңа жыл түні үшінші мегаполисте 39 нәресте өмірге келген болатын. 31 желтоқсанда толғағы басталып, 1-қаңтарда баласын бауырына басқан аналардың сол кездегі қуанышына көпшілік ортақ болғаны сөзсіз. Айтулы мейрамда дүниеге келген сол нәрестелердің басым көпшілігі ұл балалар болған.
Ақ халаттылар жыл сайын Шымкентте 27-28 мың сәби дүние есігін ашатынын алға тартуда.
Біз бұған дейін шымкенттік отбасында дүниеге келген сәбилерге ұл балаларға ата-анасы Айсұлтан, Нұрсұлтан, Дінмұхаммед, Әлихан, ал қыз балаларға Медина, Раяна, Кәусар, Айзере, Айсұлу есімдерін жиі қоятыны туралы жазғанбыз. Бұл деректі журналистерге Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы АХАТ бөлімінің мамандары таратқан болатын.