Қазақстанда теңдесі жоқ қалашық алғаш рет «Қайтпас-2» шағынауданында салынды
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын күнгейге келген кезекті сапары кезінде «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және оны Шымкентте сүру керек» дегені жұрт жадынан әсте кете қоймасы анық.
Елбасының бұл сөзі қызбалықпен айта салынған тезис емес. Әбден електен өткізілген, талай адамның көзі жеткен тұжырым екені анық. Расында да шөбі шүйгін, суы мол Шымкентте жұрт тамсанатындай, таңдай қағатындай көрікті орындар мен керемет нысандар жетерлік. Адам аяғы үзілмейтін қаладағы «Қиял әлемі», «Кен баба», «Жайлаукөл» саябақтары мен дендробақтарымыз, олардың ішіндегі ойын жабдықтарымыздың өзі неге тұрады?! Тұтынушылар үшін барлық жағдай жасалған сауда үйлері, қонақ үйлер мен кафе-ресторандарымыздың қызметіне сүйсінбейтін қазақ жоқ шығар сірә… Қалада инженерлі инфрақұрылым жүйесі жыл сайын игі бастамаларға толығып, тұрғындарға жайлылық сыйлауда. Салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін де талай тың жобалар қолға алынуда. Жуырда ғана аға буын ардагерлердің өз уақытын тиімді пайдалануы үшін «Асыл жүрек» белсенді өмір салтын қалыптастыру орталығының пайдалануға берілуі соның жарқын мысалы.
Осы және өзге нысандармен сәулеті асып, гүлденіп жатқан Шымкентте тағы бір қалашық бой көтерді. «Отау-групп» компаниясы жүзеге асырған бұл жоба Қазақстанның ешбір өңірінде бой көтермеген. Қаладағы «Қайтпас-2» шағынауданында бой көтерген қалашықтың ерекшеліктері қандай?
Ерекше қалашықта 80 коттедж бар. Еуропалық нұсқада салынған зәулім үйлерде тұрған да арманда, тұрмаған да арманда дерсің?! Соңғы заманауи үлгіде салынған үйлерде барлық жағдайлар жасалған. Ең бастысы күзет қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуі үшін тиісті тетіктердің барлығы ойластырылған. Мұндай баспаналарды салу үшін «Отау групп» компаниясы бірнеше жылдар бойы ізденісте болып, жан-жақты зерттеулер жүргізіп, көкейге қонымды дүниелерді қаперіне алып, қағазға түртіп, кейіннен оларды өз жобаларына енгізіп отырған.
Компания директоры Қайрат Молдасейітов қалашықты салу қолмен қойғандай барлығы оңай бола қоймағанын, нәтижеге қол жеткізу үшін көп ізденгенін айта келе, «Мысалы бұл жерде инфрақұрылым жүйелерінің барлығы жер астынан жүргізілген. Интернет кабельдері де дәл солай өткізілген. Теледидарды қосу үшін адамдар антенна қойып әбігерге түспейді. Тағы бір айта кетерлік жәйт ол қауіпсіздік мәселесі. Қалашық аумағын қауіпсіздік компаниясы тәулік бойы бақылап тұрады. Барлық периметрлерде соңғы технология бойынша әзірленген камералар орнатылған. Бақылау камералары кез келген қашықтықтағы адамды жақындатып, оның бет-жүзін анық көре алатындай мүмкіндікке ие. Кез келген отбасы үйін, бала-шағасын тастап, сырттағы тірліктерін тындырып жүре берулері үшін жағдай жасалған. Сонымен қатар мұндағы үйлерде қоршау жоқ. Үй араларында қоршаудың болмауы тұрғындардың бір-бірімен әрдайым емен-жарқын араласуына жол ашады десек қателесе қоймаспыз» деп сөзін түйіндеді.
Сөз соңында компания басшылығы мұндай қалашықты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сапалы тұрғын үй ұсыну туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырғанын айта кетейік.