Шымкент қаласы жастарының Қазақстан халқына арнаған ҮНДЕУІ



​Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату жөнінде саяси шешім қабылдағандығы біздерді, Қазақстан жастарын ерекше қимастық сезімге бөледі.
​Біз, бүгінгі жас буын Қазақстанымызды Назарбаев арқылы таныдық, Отаным деп сүюді үйрендік. Біздің замандастарымыз үшін Елбасы мен Қазақстан тамырлас ұғымдар болып қалыптасты.
Тұңғыш Президенттің жетекшілігімен Қазақ елі бағындырған шыңдар жетерлік. Толайым табыстардың тізбегінде басты құндылығымыз – Тәуелсіздікке қол жетіп, ғаламның саяси картасында Қазақстан Республикасы деген алып мемлекет дүниеге келді.
Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Мемлекеттіліктің атрибуттары – Ту, Елтаңба, Әнұран бекітіліп, айналымға төл валютамыз – теңге енгізілді. Тәуелсіздіктің символы – арман қала Астана тұрғызылды.
Буыны енді беки бастаған жас мемлекет алғашқы күндерден-ақ бейбітшілік пен келісімді бағдар етіп бекітіп, әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестірген қуатты елге айналды.
Ұлтын сүйген Ұлт Көшбасшысы алпыс жыл бойы Абай мен Шәкәрім сынды даналар дүниеге келген Семей топырағын улап келген ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болып тарих қойнауына енді.
Бейбітшілікті ту еткен Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарының мінберінен жаһандық қауіпсіздікті сақтау жөнінде бастама көтеріп, жаһандық ядролық сынақсыз аймақ құру жөнінде ұсыныс жасады. Астана төрі халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу жөніндегі келіссөздер жүргізу алаңына айналды. Әлем халқы Қазақстанның батыл бастамаларына қолдау көрсетіп келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолын таңдады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосылды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Ұлттың қамын ойлайтын, дамудың келешегін болжайтын дана саясат ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты 51 елдің қатарына қосты. Қазақстан кешегі тоталитарлық жүйенің түйіндерін шешіп, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды, діни толеранттылыққа қол жеткізді.

Құрметті жас қазақстандықтар!
Ардақты замандастар!

Елбасы Отанымыздың іргесін бекітіп, қуатын арттырды. Келешектегі даму бағдарын айқындап берді. Оның бастамасын әрі қарай жалғастыру, жетістіктерді еселеу – бізге, жас буынға сын.
Баршаңызды Қазақстанымыздың гүлденуі үшін аянбай, еңбек етулеріңізге шақырамыз.