Елінің ертеңін ойлаған көшбасшы
Қазақстан Республикасының Президенті, Түркі халықтарының ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіздікті баянды етуде халықаралық деңгейдегі феномен тұлға. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғаш сәттен бастап, Н.Назарбаев ақсақал халқының азаттық рухында өскенін, еркіндік рухын сезінгенін қалады. Ақсақалдың: «Рухы еркін халық ғана ұлы істер атқара алады» деген пікірі үлкен философия.
Ұлы даланың төсінде, ұлы істерді атқару жолында Қазақстанның әрбір ісі көпке үлгі. Елінің ертеңін ойлаған басшы халқының азаттық рухын сезіну жолында жұмыс жасайды. Жақында жариялаған әрбір сөйлемінің рухани мәні терең Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді», — деп мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстанды мақтап етіп, бұдан да терең патриоттық сезіммен сүю мен қастерлеудің жолын көрсетті.
Мақалада Түркі әлемінің ақсақалы: «Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих», — деді. Ортақ тарих жасау – көпшілікке ортақ, жағымды пікір арқылы қалыптасып дамиды. Ол үшін алысты болжау мен көрегендік керек. Ондай көреген басшы – Ұлы дала көшбасшысы, Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы бодандықтан басылып қалған қазақ ұлтының рухын ояту мен Қазақстан халқының бірлігін дамыту үшін тер төгіп келеді. Тағы да мақалаға үңілсек: «Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ». Биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Н.Ә.Назарбаев: «…орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», — деп халқының рухын көтеріп, еңсесін тіктеп білімнің маңызды екенін кезекті рет айқындады, қазақтың ешкімнен кем емес мықты, ұлы халық екенін айтты. Ұлылығы сол – жеті атасын білетін халық, жеті ұрпағының қамын әсте естен шығармай, кең даланы ұрпағына аманаттап қалдырғаны. Ата аманатына адал асыл азамат
Н.Назарбаев: «Біз қандай да бір қазақстандық бренд ойластыруымыз керек. Жапония Күншығыс елі, Корея таңғы балғындық елі, Нидерланды — қызғалдақтар елі, Қытай — аспан асты елі атанған. Шексіз далада, мәңгілік көк аспанда біздің ата-бабамыз өмір сүрген. Тәңір — аспан. Жасыл дала мен көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Біз ұлы даланың балаларымыз. Дәл осы ұранмен және жаңа брендпен біз Қазақстанды әлемге танытуымыз керек», — деді. Қазақ жері ежелден әлемді мойындатқан данышпандар мекені, терең білім мекені. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өз жастарын әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып, білімдерімен әлемді мойындатып жүр.
Ұлы даланың көшбасшысы, Түркі әлемінің ақсақалы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігін нығайту мен Түркі халықтарының бірлігін арттыру жолында өлшеусіз еңбек етті, қайрат көрсетті. Қазақстан әлемнің дамыған, керегесі кең елдерімен терезесін теңестіріп үлгерді. Жеңіске жетуден сақтап қалу қиынның қиыны деген тәлсім бар. Осы тәлсімге салсақ, Тәуелсіздікті сақтап қалу мен Қазақстанды Мәңгілік Ел етуде, қазақ ұлты мен 100-ден астам этнос өкілдерін бір идеяға біріктіре білген Н.Назарбаевтың кемеңгерлігі әлемдік үлгілік феноменге айналды. Құрметті Президент Н.Назарбаев мыңжылдықтар тоғысында Қазақстанды үлкен қиындықтан алып шығып, даму жолына салды. Халықтың рухын қайта оятуда көп іс жасалып жатыр. Мұның барлығы халықтың рухани күш-жігерін аттыруға бағытталған. Рухани мықты халық бәсекелестікке қарсы тұра алады. Осыны тереңінен білетін Түркі әлемінің ақсақалы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», — деді. Яғни, Қазақстандықтар үшін ең басты мәселе Тәуелсіздікті сақтау жолында бір болуы керек. Тәуелсіздікті сақтау үшін әрбір адам рухани мықты болуы керек. Рухани мықты адам, білімді адам – бәсекеге қабілетті болады. Бәсекеге қабілетті адам – Тәуелсіздігін сақтау мен елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін болады. Міне, Түркі әлемінің ақсақалы Тәуелсіздік, рухани жаңғыру және бәсекеге қабілеттілік туралы айтуының терең мәні осында жатыр.
«Мәңгілік Ел» салтанат қақпасын ашу рәсімінде Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бұл тамаша жасампаздық қақпасын еңбегіміздің, табыстарымыздың нышаны ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көпұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге ұлы мерекені – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз. Мен барлығыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Халқымызға жақсылық, бақыт, әрбір отбасына амандық тілеймін! Қазақстан жасасын! Тәуелсіздік жасасын! Қазақстандықтардың бірлігі жасасын! Мерекелеріңізбен!», — деген еді. «Мәңгілік Ел» – Қазақстан Республикасы 20 жылдығын тойлаудағы ел мен халықтың ынтымақтастығының шаттыққа толы шаңырағы, кереметке толы керегісі мен бақытқа толы баянды болашағының босағасы, сәні жарасқан салтанаты қақпасы. 2015 жылғы халыққа Жолдауында Н.Назарбаев: «Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», деген болатын. Ал, мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» дей келе: «Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты», — деді. Түркі әлемі көшбасшысының білім мен ғылым саласына деген қамқорлығы ананың баласына деген сезімі сияқты ерекше. Әр кезекті Жолдауында жаңа, жоғары деңгейде қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш болып танып, құттықтаған Түркия мемлекетінің өкілі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігі мен бағындырған шыңдарына сүйсіне қараймын. Ақсақалымыз Н.Назарбаевтың арқасында жері үлкен, жүрегі кең Қазақстан халқы бұдан да биік жетістікке жетеріне сенеміз!
Вакур СУМЕР,
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры.