Сайрам ауданының әкімі Бақтияр МАМАЕВ: «Бірде-бір адамға ұлтарақтай жер бермедім»


– Бақтияр Сапарәліұлы, сансыз баптар мекені Сайрам облыстағы ірі аудандардың бірі. Тарихы тым тереңде жатқан аумақ жуырда өзінің 90 жылдығын атап өтті. Осы жылдар жылнамасында ауданның бағындырған биігін қысқаша еске түсірсеңіз.
– Ауданда ауыл шаруашылығы өрге басқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Осыны назарға алып, ауданның ауыл шаруашылығы бағытындағы қол жеткізген көрсеткіштерін өткен кезеңдермен салыстырмалы түрде айтып өткім келеді. Мәселен, Сайрамда 1991 жылы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 1 млрд. 244 млн. қаржы болған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 58 млрд. 800 млн. теңгені құраған. Тәуелсіздік арайындағы жиырма алты жыл ішінде ауыл шаруашылығы бойынша өнімділік 46 есеге көтерілген. Ауданда ет, сүт өнімдерін өндіру мен астық егу кәсібі кең тыныс алған. Бірақ біздегі жер көлемінің аздығы құлашымызды кең сермеуге қолбайлау болып отырғанын жасырғым келмейді. Дегенмен, бейнетке бейім ауданның халқы мұны желеу қылмай, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тынымсыз тірлігін атқаруда. Сайрамда өзге де өрге басқан тірліктер жетерлік. Бірақ бүгінгі әңгімеге оның барлығын сыйғызу мүмкін емес.

– Ауыл шаруашылығы саласында қандай бағыттар жақсы дамыған?
– Бізде ет өндіру ісі ілгері басқан. Өзіміздің облыс пен көрші аймақтардағы дастархандағы қызыл көп уақытта біздің ауданнан алынады десем артық айтқандық емес. Былтыр 26 мың тонна ет өндірдік. Биыл бұл мақсаттағы көрсеткішті 27 мыңға жеткіземіз деген жоспар бар. Ет өндіру бойынша 913 мал бордақылау алаңымыз бар екенін алға тарту арқылы бұл бағыттың қарқынды дамып жатқанын бағамдауға болады. Еліміз
бойынша ең үлкен мал базарының Сайрам жеріндегі Қарабұлақ елді мекенінде орналасқанын еске түсіру де осы сөзімді қуаттай түседі. Біздегі мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 32-33 мың бас мал бордақылануда. Келер жылы біз ет өндіруді бес мың тоннаға дейін ұлғайтуға білек сыбана кірісіп отырмыз.

– Қазіргі таңда белгілі бір жердің негізгі ерекшелігін сөз еткенде «Ноу-Хауы» деп сипаттама беріп жатады. Сол сынды Сайрамның «Ноу-Хауы» не?
– Ноу-хауымыз ет өндіру болып табылады. Таяуда облысымыздың шаруалары 2018 жылды қорытындылады. Соның нәтижесінде Сайрам ауданы ет өндіру және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан I – орынды алғаны соған негіз болады. Осы ретте ауданымыз жыл қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы көрсеткішімен Шардара, Қазығұрттан кейінгі үшінші орынды алғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Әңгімеміздің әлқиссасында ауданда 900-ден астам мал бордақылау алаңдарының бар екенін айтып өттім. Алдағы жылы олардың санын мыңнан асыру көзделуде. Қазіргі таңда аудандағы мал бордақылау алаңдарының 400-і елу басқа дейінгі өндіріс орындары, 400 бен 500-дің арасында 100 өндірістік орындарын құрайды. Атбұлақ пен Манкент елді мекенінде 2000-3000 бастық мал бордақылау алаңдары бар. Жуырда 10 мың бас мал бордақылауға лайықталған алаң өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда ол жерде 2,5 мың бас мал бар. Оны жыл аяғына дейін межелі көрсеткішке толтыратын боламыз.

– Бүгінде облыстағы барлық аудан, қалаларда тұрғындарды тіршілік нәрімен толыққанды қамтамасыз етуде түйіткілдер көп. Салдарынан суды жерден қазып, немесе тасып жатқан жұрт жетеді. Бұдан бөлек газ деген инфрақұрылымның игілігін көрудің мүмкіндігі болса да, оған әлі қол жеткізе алмай жатқан қаншама халық бар. «Үйі жоқтың күйі жоқтың» керін киіп жүргендер жетерлік. Осы жәйттердің оябын табу деңгейі қалай жүріп жатыр?
– Біздің ауданда 42 елді мекен бар болса, соның 41-де ауыз су құбырлары тартылған. Бір елді мекенде атап айтқанда, Құтарыс ауыл әкімшілігінің Жылыбұлақ ауылында ғана су құбыры тартылмаған. Ол жерде 365 халық тұрады. Келер жылы ол жерге су құбырын тарту құрылысы басталады. Сөйтіп, елді мекендерге ауыз судың тартылуы 2019 жылы жүз пайызға жетеді. Қазіргі таңда төрт елді мекенде су шекті көлемде беріліп жатыр.
Аудандағы елді мекендердің 19-на көгілдір отын тартылған. Жыл аяғына дейін олардың қатарына тағы 10 елді мекен қосылады. Нәтижесінде аудан халқының 78 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. Тиісінше келер жылы тағы бес елді мекенге газ тарту бойынша жобалық сметалық құжаттама жасалады. Соның негізінде 2020 жылы бұл мәселе 100 пайыз шешімін табатын болады.
Ал тұрғын үй бойынша шешімін күтіп жатқан мәселе көп. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 1200-ден асып жығылады. Ал үй іргелік жер алу кезегіне тұрғандардың саны 12000-ға бір-ақ жуықтады. Олардың талабын қанағаттандыратын бізде жер ресурсы жоқ қазір. Ауданда бос жер жоқтың қасы.
Дегенмен де оның шешімін табу жолдары қарастырылуда. Мәселен, біз Манкент пен Ақсу елді мекендерінің арасындағы 230 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Жобасын да жасап қойғанбыз. Егер іске асса ол жерде 300-ден астам бес қабатты үйлердің құрылысын жүргізуе әбден болады. Өз кезегінде бұл 7000-ға жуық адамның басын ауыртқан баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Егер ол жерді үй іргелік жер кезегінде тұрғандарға үлестірсек, бар болғаны 1000-ға жуық адамның өтініші орындалады. Қайткен күнде де халықпен кеңесе отырып тиімді шешім шығаратын боламыз. Біз тек бұл жерге қарап отырған жоқпыз. Қарасу ауыл әкімшілігінің Қызылту елдімекенінде мемлекеттік бағдарламаға сай екі қабатты үш үйдің жобасы дайын. Бюджетке ұсындық. Құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде. Бұдан өзге қаланың кіре беріс жерінде бос жерлерге көпқабатты үйлер салу бойынша жобалар жасалып, бюджетке ұсынылды. Біз әр елді мекендерді аралап бос жатқан құрылыс салуға ыңғайлы жерлерді елді мекен шегіне кіргізіп, мәслихатта қарап, тиісті құжаттарды дайындауға қызу кірісудеміз.

– Жоғарыда бұл жерде ет өндіру жақсы жолға қойылғанын бөле-жара атап өттіңіз. Бұл мұндағы мал басының өзге аудандармен салыстырғанда анағұрлым көбірек екенін білдіреді. Ет өндіру бойынша мол өнім алу үшін жайылым жердің рөлі зор. Бірақ Сіз ауданда жайылым жер аз екенін тілге тиек еттіңіз. Осы парадокстан шығу үшін қандай амалдар қарастырылуда?
– Ауданымызда 220 мың ірі қара, 187 мың жылқы, 200 мыңға жуық уақ мал бар. Осындай көлемдегі мал санын жайып бағу үшін бізге 2 млн.ға жуық гектар жайылым жер керек. Ондай мүмкіндік жоқ. Ауданда бар болғаны 112 765 гектар жер бар. Соның тек 89 мың гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жер. Соның бар-жоғы 17-18 мың гектары
жайылымға арналған. Мүмкіндікте жоқ. Сондықтан да біз оларды үй алаңдарында бордақылауға мәжбүрміз.

– Бұл тек Сайрамның ғана емес облыстың назарындағы мәселе деп білеміз. Бір кездері бұл тығырықтан шығу үшін Сайрамға іргелес жатқан аудандардың бос жатқан жерлерін
жайылым жер ретінде пайдалану туралы бастама көтерілген болатын. Оның орындалу барысы қалай? Әлде бұл сөз бұйда болды ма?
– Бұл бастама жерде қалмады. Керісінше осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, Түлкібас ауданымен біраз келіссөздер жүргізудеміз. Соның негізінде Қарабұлақ ауылдағы малдарымызды аталған ауданның қарамағындағы жерлерге жайып
жатырмыз. Дегенмен ол әлі заңды негізде реттелмеді. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында біз аудандағы барлық жер телімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде ауданымызда 2300 гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оларға шара көру бойынша облыстық жер инспекциясына хат жолданды. Мақсат төрт түлікті ойдағыдай баптау үшін жайылым жерлер табу болып табылады.
– Жуырда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты. Оны зер салып оқып шығып, оның «Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы және онда айтылған түйіндердің шешімі ретінде бағаладым. Сіз оны қалай бағаладыңыз? Сіз үшін «Рухани жаңғыру» деген не? Жаңғыру аясында Сайрам ауданында нендей шаралар атқарылып жатыр?
– Кезінде алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді» — деген екен. Міне бұл күн біздің басымызға туып отыр. Қазақ халқының бағына туған Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқын рухани жаңғыруға бастап отырған, халықты баянды болашаққа қарай соңына ерте білген жан. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басымдықтар ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, прагматизмның дамуына, білімнің салтанат құрып, халықты сананың ашықтығына үндейді. Осындай бағыттан тұратын Елбасының мақаласы аясында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша біздің ауданда 12 жұмыс тобы құрылды. Және олардың
төрағасы жұртты сөзге ұйыта білетін, айтар ойы мен білдірер пікірін тарқатып жеткізе алатын қасиетке ие ел ағалары, қоғам белсенділері болып табылады. Олар ауданның барлық ауылдарын аралап түсіндіру жұмыстарын өз шегінде жүргізіп келеді.

– Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
– Қазақта «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды» деген сөз бар. Елбасымыз Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосылуын басты бағыт етуде. Бірақ осы асқаралы мақсатты бағындырудағы қыруар тірлік пен ауыр жүкті халықтың барлығы бірігіп көтерсе ғана жеңілдей түседі. Осыны терең түсінуде қоғамдық сананың жаңғыруы аса маңызды. Қоғамдық сананың жаңғыруы ол біздің әрбіріміздің өзіміздің санамызды, ой-өрісімізді өзгертіп, ескірген таптаурындықтардан арылу дегенді білдіреді. Осы ретте біз орындауымыз тиіс негізгі талаптар сол мақалада көрініс тапқан. Соған сәйкес еңбек етіп, игі жаққа бет бұруға бейімделу баршамызға сын. Осыны халыққа терең түсіндіру мақсатында біз биыл ауданның өткенінен сыр шертіп, бүгіні бір ізге түсіріп баяндалған «Жаңарған Сайрам» атты кітап шығардық. Өз кезегінде бұл жергілікті халықтың туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайта түседі. Ал кіндік кесіп, кір жуған жерін құрметтеген ел ешқашанда кері кетпейді. Керісінше сол елдің дамуына қандай да бір қолтаңба қалдыруға талпынатын болады. Бұдан бөлек, біз ауданда мұражай салуды қолға алдық. Сайрам жері талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Оның жерінен табылған жәдігерлер соған дәлел болады. Ендігі кезекте солардың барлығын сөреге қойып, жұрт рухани азық алатын жағдайды неге жасамасқа?

– «Саялы Сайрам жері – тарихтың алтын кені» деп тегін айтылмаған ғой…
– Дұрыс айтасыз. Сіздің бұл сөзіңізді қуаттау үшін қаншама жылдан бері адам қамқорлығын көрмей жүрген Ханқорған қалашығын айтуға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталған қалашықта жоғарыда отырған билік басшыларының бастамасымен аспан астындағы мұражай құру туралы бастама көтерілді. Өздеріңізге белгілі бұл қалашық талай сырды ішіне бүгіп отырған тарихи жер. Сайрам ауданы, Мәдени елді-мекені іргесіндегі Арыс өзенінің сол жағалауындағы бұл төбе қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған.
Ханқорғаннан бөлек Сайрамда ақтарсаң тарих сөйлейтін тағы 12 нысан бар. Олардың төртеуі облыстық тарихи маңызы бар киелі жерлер тізіміне енген.

– «Рухани жаңғырудың» кей жерлерде жаңғырыққа айналып бара жатқаны туралы мысалдар жиі айтылып жатады. Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, оны жасырып-жауып қайтеміз. Кейбір шаралардың осы сөзді ұран етіп өткізіліп жататыны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ «көш жүре түзелетіні» сынды бұл олқылықтардың барлығы уақыт өте келе сап тиылады деп сенемін. Ең бастысы түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылғандар міндеттерін талапқа сай орындауы тиіс.

– Сайрамдағы халықтың 70 пайызы өзбек ұлтының өкілдері. Осы мақаланы сол өзге ұлттардың қабылдауы қандай?
– Ауданда 206 мың халық бар болса, соның 140 мыңға жуығы өзбек ұлтынан. 40-мыңы қазақ. Жалпы жергілікті халық 52 ұлт өкілінен тұрады. Соған орай бізде 8 этноорталық жұмыс жасайды. Олардың барлығы Елбасының Жолдаулары және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытады. Ауданда қазақ, орыс, өзбек тілінде газет шығады. Өз телеарнамыз бар. Ондағы мақалалар мен бағдарламаларды қарау арқылы жергілікті жұрттың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дұрыс қабылдап жатқаны анық байқалады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерді түлету бастамасы көтерілген. Бұл Сайрам ауданында қалай жүзеге асты?
– Жыл басында біз ауданымыздағы және Сайрамнан шыққан іскер азаматтарымызбен Жамбыл, Қызылорда облыстары кәсіпкерлерінің басын қосып конференция өткіздік. Оларға Сайрам ауданында кәсіпкерлік істі алып жүрудің мүмкіндіктерін паш еттік. Шығарып жатқан өнімдерімізді таныстырдық. Бұрынғы өндіріс орнындағы тұралап тұрған өндіріс орындарын аралаттық. Мақсат – Сайрам ауданына инвесторлар тарту. Соның нәтижесінде ауданымызда көп ұзамай 1000, 500 бас мал бордақылау алаңы ашылды. Бұдан соңда ауданға бизнесін жүргізуге құлықты болып 10-15 кәсіпкер келді. Олар кілем шығаруға, картон қағаздарын қайта өңдеу бойынша тірлік істеуге талпынып жүр. Алматыда тамшылатып суару бойынша тірлігін алға сүйреп жүрген Таштаев Қайратта осы жерден жұмыс жүргізуге ниет танытуда. Консервілеу мен үй жиһаздарын жасау бойынша да жұмыс бастауға ниетті болып отырғандар бар. Бізде сыртқы инвестиция көрсеткіші төмендеу. Бірақ жоғарыдағы жұмыстар іске асып, алға басып жатса осы олқылықтың орны толады деген сенімдемін.

– Сіз ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін біршама уақыт өткен соң сібір жарасы қаупі бойынша төтенше жағдай жариялап елді дүрліктіргеніңіз есімізде…
– Бұл дүрліктіру емес, дүйім елді індеттен алдын алу болатын. Сол кезде біздің алдымызда жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың Ақсу мен Сайрамсу өзенінің арнасын бұзу салдарынан сібір жарасымен ауырған мал өлекселерінің көмілген аймағын су шайып кету қаупі төнгені, ендігі кезекте ондағы арнаны түзеп, жағасын бекіту жұмыстарын жүргізу үшін 100 млн. ақша табу қажеттігі міндеті тұрды. «Ауруды елемесең өлесің» деген. Ол кезде біз төтенше жағдай жарияламасақ облыс тұрмақ, тұтас елге қауіп келетін еді. Абырой болғанда жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалып, қауіп сейілді. Қорыққан түбі қуаныш болды.

– Кейбір қоғам белсенділері «Мамаев жер сатып жүр» дейді. Бұл дақпырт па әлде дерек пе?
– Ауданда ушығып тұрған мәселенің бірі жер дауы. Қазір жалған құжатпен бір жердің бірнеше адамға беріліп кеткені туралы былықтар ауданымызда көп. Бірақ олардың заңдылығын анықтайтын түбірі жоқ. Сол бойынша қазіргі таңда тексерулер жүруде. Нәтижесінде кейбір адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Көп ретте мұндай бейберекетсіздікке әкімдерді кінәлап жатады. Бірақ қазіргі таңда бұл тұрғыда әкімдердің заңды белден басқан тұсы анықталмады. Дегенмен бұл істерде жалғанды жалпағынан басып, жұртты зар жылатып жүрген ұйымдасқан топтың бар екені анықталуда.
Ал өз басыма келсем, әкімдік орынтаққа отырғалы бері бірде-бір адамға ұлтарақтай жер бермедім. Бұл тұрғыда менің арым таза.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар:
Әсет ӘссАнди,
Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.