Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылады


Түркістан облысында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жұмыстар күшейе түседі. Жаңа жобалар қолға алынып, іс-шаралардың сапасы жоғарылайды.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі селекторлық жиында өңір басшысы алдағы жоспарлармен бөлісті.


«Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы ел санасына қозғау салған, «Мәңгілік Ел» болу жолындағы ұлы міндеттерді айқындап берген, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, әрі елді биік мақсаттарға жетелейтін маңызды құжат. Осы құнды бағдарламадағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылуда. Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен түркі тарихына тамыр тартқан бай тарихы туралы айтты. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тарауында атқа міну мәдениеті туралы бөлімінде жылқының қазақтың өмірінде ерекше орын алатынына тоқталған. Түркістан облысында жылқы шаруашылығы, ұлттық ат спорты, атқа міну мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Бүгінде облысымызда 300 мыңдай жылқы бар. Соңғы 5 жылда Қамбар ата түлігі 25 пайызға көбейді. 2025 жылға қарай жылқы санын 450 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Ат – мініс көлігі әрі қымыз бен саумал.
Ат спортын дәріптеу, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер, жарыстар өткізіліп жүр. Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» іс-шарасында ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру мақсатында саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз, қолөнер бұйымдары бойынша байқаулар, сәйгүліктер жарысы өтті. Бұл фестиваль жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықаралық деңгейге көтеріледі деген сенім бар.
Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға негізделген спорт мектебі жұмыс істейді. Көкпаршыларымыз Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарып, ұлттық құраманың жеңісіне сүбелі үлес қосты. Аудандарда жыл сайын ірі көкпар бәсекелері өтіп тұрады. Ол алдағы уақытта да жалғасын табады. Таяу жылдары Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай атшабар салынады. Бұл да ат спортын дамытуға серпін береді» деген өңір басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бастамалар мен міндеттерді Түркістан облысында жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан облысында «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ гүлін қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» фестивалі өткізілген. Былтыр оған 4 мыңдай адам қатысса, 2019 жылы оған мыңдаған саяхатшылар келеді. Сондай-ақ, «Nomad explorer» экспедициясынан 1,5 мыңдай қазақстандық және шетелдік туристер тартылады деп күтілуде.
Сонымен бірге, келесі жылы «Сәйгүліктер» фестивалі ұйымдастырылмақ. Фестиваль аясында ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, ат әбзелдеріне, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы өтеді. «Салбурын – саятшылық мерекесі» іс-шарасы да салт-дәстүр мен атбегілікті насихаттауға серпін бермек.
Сондай-ақ, 2019 жылы «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Онда арнайы жәрмеңке өткізіліп, қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар қойылмақ. Осы бастама арқылы қазақ жері металлургия пайда болған алғашқы орталықтың бірі екенін дәріптеу мақсаты көзделген.
Ел Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әл-Фараби ғұлама туралы ой қозғалған. Бұл бағытта да жұмыс күшейтілмек.
Дәлірек айтсақ, Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар қолға алынады. Ат Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістанда Ясауи музейі салынып, онда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылатып, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Бүгінде Еуропа мен Азияның түкпір-түкпірінде ясауитанушылар бар. Алдағы уақытта Түркістан қаласында әлемнің Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық
конференция өтеді деген жоспар бар. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсірілмек. Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің де шығармалары зерттеліп, тұлғаның ғылыми мұралары кеңінен насихатталады.
Осы және өзге де мәселелерге тоқталған Жансейіт Түймебаев «Елбасы Шолпан ата қаласында өткен Саммитте Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім жобасын әзірлеуді ұсынамын» — деген болатын. Түркі дүниесінде Әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Міне осындай даңқты тұлғалар мен ойшылдардың, жазушылар мен ғұламалардың еңбектерін Түркістанда ашылатын Түркі әлемі орталығында дәріптеуге мүмкіндік бар» дей келе өзге де жұмыстар мен жоспарлар жөнінде баяндады. Алдағы уақытта жобалар толық талданып-сарапталып, осы бағыттағы жұмыстар күшеймек.
Түркістан өңірінде атқарылған жұмыстар мен жоспарларды тыңдаған Әсет Исекешев аймақ басшысына «Рухан жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды сапалы әрі мағыналы етіп өткізуді, сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырды.

Ғалым Әділжанов.