Өскеннің өмірінің өлең өзені


Созақ ауданының Құрметті азаматы Бөрғазының Өскені өлең өлкесінде де қанатын кең жайған тұлға. Өскен ағаммен көзі тірісінде дәмдес, тұздас, соңынан ерген шәкірті болдым. Әкемнен бір-екі жас үлкен болса да қатарлас, замандас адамдай әңгімеміз жарасатын.
Өскен аға әрбір кездескен сайын әкем туралы көп әңгіме айтатын. «Жыр әлемінде Жеңістен жасым үлкен болса да одан көп өнеге, үлгі алдым. Ол өлең өлкесіне мені өзімен бірге ала келген еді» деген сөзін жиі айтатын. Сабырлы, бір тоға Өскен ақын көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Бар сырын, құпия, мұңын, жүрекжарды шын ниетімен пейілін алдымен ақ параққа төгіп, содан соң елеп-екшеп оқырманына ұсынатын. Ол кісінің өлең оқу мәнері, жүріс-тұрысы, қолын сермеп өлең оқуы, қимыл қозғалысы көз алдымда күні кешегідей тұрса, майда қоңыр үні құлағымда жаңғырып тұр. Өскен аға соғыс жылдары, яғни 1943 жылы дүниеге келді. Соғыстан кейінгі ел басына қиындық туған жылдармен балалық шағы тұспа-тұс келді. Екі бірдей Еңбек Ерінің шаңырағында тәрбиеленіп, ер жетіп есейді. Сондықтан да болар еңбек десе екі қолын көтере қолдап, қуанатын жан болды. Еңбекқор Өскен өлең өлкесінде де өз қолтаңбасын қалдыруда өзін-өзі аямады. Ол өзін Бетпақ даланың аптап ыстығына, аязды, боранды асудың азабына, «дуананың» орына, адами қошеметін, ожданы мен арын салды. Өскен ақын өршіл, намысшыл, шыншыл, жүрегінде иненің жасуындай қиянаты жоқ ақпейіл азамат болатын. Өскен ағаның өзі қаншама жылдар аудандағы жалғыз білім ордасы кәсіптік техникалық училищені басқарды. Мемлекет басшысынан жоғары награда алды. Ауданның жоғарғы наградасы-Құрметті азамат атағын иеленді. Ата-тегі, аға-бауырлары абыройлы азаматтар болды. Бұл атақ-дәреже, абырой-бедел кейбір көтере алмайтындарға көп-көрім жүк болар еді. Кеудені кергізіп, кісілік мінезін кесірлік мінезі жетектесе көне кетердей болар еді. Ал Өсағада бұл мінездің бірі болмады. Қайта атақ-абырой артқан сайын кішілігі мен адами қасиеті даралана түсті.
Өскен аға бар ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Кезінде партия қызметінде бірнеше жылдар еңбек етті. Алайда жұмбақ дүние-жыр әлемінен арқан үзіп кете алмады. Есіне түскен, ойына оралған жыр шумақтарын қойын дәптеріне түрте жүріп, қолы босаған, уақыт тапқан сәттерінде толықтырып, күзеп, түзеп дүние туғызатын.
Осылай жүріп бірнеше кітаптарды оқырман қауымына тарту етті.
Өсағаның тағы бір қыры сөзге тоқтау, уәжге тұруы да елдің аузында қалды. Созақ ауылында шығармашылық кеші өтіп, мен шақырылғандардың қатарында болмай шықтым. Содан Өсағама өлеңмен хат жаздым:
Ағаға наз
Армысың аты мәшһүр Өскен аға,
Қымыз ішіп, құлын қуып өскен аға.
Өн бойыңда өнердің өзені ағар,
Өлеңі өрдің тасын тескен аға.

Сізге тиіп өлеңнің нар пұшпағы,
Алақаның шілдеде қар ұстады.
Қаламың Қаратаудың қазынасы,
Қарқының тау суындай алпыстағы.

Шертілгендей жүректің шертпе қылы,
Сізбенен біз едік қой тектің ұлы.
Түнде жаздым, күндіз ғой көңіліміз,
Әкем кірді түсіме өткен түні.

Әкем кірді түсіме жейдесі аппақ,
Жан еді ғой бесенеден бейнесі аппақ.
Қол созып ем алмады аңғар бермей,
«Қалай-деді, жаман ұл шимай-шатпақ?»

Шатпағымды оқыдым сұрағасын,
Бермеді ол алайда шын бағасын.
«Өскен ағаң секілді алпыс жасқа,
Жеткенше деді ұлым шыңдаласың»

Содан кейін тұрды да ойға қалып,
Сізбен болған жас шағын ойлады анық.
«Өскен досым алпысқа толыпты ғой,
Өлеңіңді оқыдың ба, тойға барып?»

Әруақтың қашанда мысы басым,
Жауабым жоқ не айтам тұтылғасын:
-Тойға арнаған өлеңім қалтамда тұр,
Деппін ғой шыбын жаным қысылғасын.

Заман-түлкі, тазы-бай қағынуда,
Той-томалақ қағазға бағынуда.
Тойға барып алдымен отырар ем,
«Татардың қаны болса тамырымда»

Жасынан пайғамбардың аттағасын,
Жетпіс, сексен тойласын мақпал басың.
Тойдан-тойға жетіңіз, Өскен аға,
Қарлығаш жыр мәңгілік аспандасын.

Той дегенің рас ол қазына ғой,
Ақ тілектен туады мағыналы ой.
Өскен аға бұл менің өкпем емес,
Өскен ұлға өсер ұлдан базына ғой,-деп жазған едім.

Хатты конвертке салып, арнайы беріп жібердім. Арада біршама уақыт өткен соң Шымкент қаласында өткен шығармашылық кешіне Өскен аға арнайы шақыру қағазын жазып, өзі әкеліп беріп: «Мақсатжан өткендегі бір ауыз өлеңің етімнен сүйегіме өтіп кетті. Сөздің бір атасы-тоқтау, бір атасы-уәж» деген еді. Кейін Өскен аға өзінің «Толғаныс толқынында» атты кітабына менің өлеңімді басыпты. Сол кітапты ұсынып тұрып, алғашқы бетіне мына өлеңді жазып жіберіпті.
Мақсат балама

Жүрсің бе аман текті ұлым,
Өлеңмен назды жетті үнің.
Әкеңмен бірге жүрген кез,
Туралы сырым көп тұғын.

Уақыт-тұлпар зулаған,
Өркендеу үшін туды адам.
Із қалдырар ізгі жан,
Бөстекілік қумаған.

Ақынның ұлы ақынсың,
Сынығы алтын-асылсың.
Талабың сенің ашылып,
Атағыңды асырсын.
Шахановша айтқанда,
Талайға сен бас ұрдың.
Сол талайлар мықтылар,
Енді саған бас ұрсын!
Автор Бөрғазының Өскені
08.05.2007 жыл, — деп қолын қойып сыйға ұсынған еді.
Өскен ағаның жарыққа шыққан кітаптарының барлығын оқып шықтым. Ауылда туған, ауылда өскен, ауылдастарымен бірге өмір кешіп, қиындық пен қуаныштарын бөліскен азамат қалай жүріп-тұрса өлеңдері де сондай қарапайым, жүрекке жылы көңіл сыйлайды. Өзіңді сол өлеңнің ішінде, ауылдастардың арасында жүргендей сезінесің. Қу тіршілікпен жүріп кейде өзге түгілі өзімізді де ұмытып кетеміз ғой.

Тірісінде шалма тастап, құрық салып,
Жақсылардың кім екен жайын ұғар.
Өлгеннен соң езіліп еметейі,
Қазасына қаламы дайын тұрар,-демекші Өскен ақын көзі тірісінде елге, жерге, ауданына еселі еңбегін қалдырды. Бір азамат Созақ үшін тер төксе, ауданның өркендеуі мен гүлденуіне ат салысса -ол Өскен ағамыз дер едім. Дей тұрғанымен биыл көзі тірі болғанда 75 жасын тойлауға тиіс ағамызды аудандағы ақын-жазушылар, олардың басын қосатын шығармашылық бірлестіктер болып (екеуі бар) ақынның алып тұлғасын естерімізден шығарып, ұмыт қалдырғанымыз ыңғайсыздау болды.
Ұмытпаңдар азамат ақыныңды,
Көшеңізде ізі қалған аяғының.
Ақындарын құрметтеп, ізет етсе,
Ол ерекше болар-ед аялы күн.

Ұмытпаңдар ақынның асқақ үнін,
Таулар менен бауларда жаңғыратын.
Шәкірттері баршылық, жоқтайтұғын,
Ұстазының бейнесін ән қылатын.

Сол себепті рухын биіктетіп,
Өскен атын ерекше дәріптеңдер,
Ақын деген алып тау, шынар шыңдар,
Ақын деген тым терең асыл кендер.

Әлі де жыл соңына дейін біршам күн бар екен. «Ештен кеш жақсы» демекші ауылдың мәдениет үйі, кітапхана үйі, орта мектеп, өзі білім берген кәсіптік мектеп қаперлеріне алып қам жасар деген үміттеміз.

Мақсат Қарғабай,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.