Тамыз кеңесінде келелі мәселелер талқыланды

Осы жылы Түркістан облысындағы мектептерде жалпы саны 474 мыңға жуық оқушы білім алатын болады. 2018-2019 жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысы бойынша 55385 өрен бірінші сынып табалдырығын аттайды. Биыл алтын ұяға тарыдай болып кіретін өскелең ұрпақтың саны өткен жылмен салыстырғанда 19 мыңға артқан.

Мұндай оң демографиялық көрсеткіштің байқалуы осы салада 2018-2025 жылдары аралығында өңірде 184 мектеп салу қажеттілігін туындатып отыр. Осыған орай ағымдағы жылы аймақта білім беру саласына қажетті 83 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 40-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Өз кезегінде бұл ғимараттар облыстағы білім беру саласы бойынша 9 апатты, 5 үш ауысымды, 13 ыңғайластырылған және орын тапшылығы байқалған 10 мектеп мәселесінің өз шешімін табуына ықпал етпек. Сондай-ақ, 3 колледждің де ғимараты жөндеуден өткізіледі. Дәл қазіргі таңда жаңа оқу жылы қарсаңына орай мектептерді оқулықпен қамту, оларды қысқы маусымға дайындық деңгейі ойдағыдай.
Осы аптада облыс орталығы Түркістан қаласында білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов «2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер» туралы баяндамасында осылай деп мәлімдеді. Кеңеске аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ұстаздар, білім саласының ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары және өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты. Келелі басқосудың тізгін тартары облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков болды.
Отырыста білім беру саласындағы ізденістер мен жаңа міндеттер төңірегінде ұлағатты ұстаздар қауымы баяндама жасап, жиналғандарға тәжірибелерін бөлісті. Осы жиында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев қаншама тарихтың, толқынысты кезеңнің куәсі болған көне шаһар Түркістанның түркі әлемінің бесігі, еліміздің рухани астанасы болумен қатар, қазақылықтың қаймағы сақталған күнгей өңірінің әкімшілік-іскерлік орталығы ретінде дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Түркістанның жаңа дәуірі басталатынын бөле-жара айтып өтіп, бірақ өткенге салауат айтуды да ұмытпауымыз қажеттігін, бұл ретте Түркістанның арғы-бергі тарихын білу, оны келешек ұрпақтың санасына сіңдіру ұстаздар қауымына тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Бұл туралы ойын ол былай деп сабақтады.
– Мұғалім – қасиетті ұғым әрі киелі тұлға. Ұлағатты ұстаздардың алдында бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Биылғы Тамыз кеңесінің өтуі ерекше тарихи кезең қарсаңында жүзеге асып отыр. Өздеріңізге жақсы мәлім, Елбасының 19-маусымдағы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Құл Қожа Ахметтей бабамыз мен Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы жатқан, қазақтың қаймақтары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның тарихын ұстаздар кауымы оқушыларға үйретуі керек. Барлық аудан және қала әкімдеріне мұғалімдердің жағдайына мұқият қарауды, олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешу жөнінде тапсырма беремін. Ұстаз қайратты болса, еңсесі биік болса ғана мықты шәкірт тәрбиелейді. Бұдан былай мұғалімдерді жөнсіз жұмсау, өз міндеттеріне кірмейтін шаруаларға айдап салу сап тиылуы керек. Ұстаздардың жағдайын көтеру мәселесі Үкімет тарапынан да назарға алынып келеді. Сондықтан бәріміз бірлесіп отаншыл, намысты ұрпақ тәрбиелеуге, Түркістанды дамытуға атсалысайық. Жиі кездесіп тұрайық. Ұстаздар қауымына қолдау көрсетуге дайынбыз. Алдағы жаңа оқу жылының табыстары мен жетістіктері мол, қуаныштары көп болсын!, — деді Жансейіт Түймебаев.
Жылына бір рет ұйымдастырылатын мазмұнды, салиқалы да салмақты жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұлағатты ұстаздар қауымының оқушылардың санасына сәуле шашу кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттарға баса мән беру қажеттігіне тоқталып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, өткен шілде айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облыстық жобалық кеңесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков облысымызда 5,6,7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылып жатқанын хабардар еткен болатын. «Туған елін сүйген ер болады» деген. Аталған оқулықтың басты мақсаты – туған жер туралы деректердің түгелін өскелең ұрпаққа терең таныстыру арқылы олардың елжанды, париоттты болып бой түзеуіне жол ашу болып табылады. Дәл қазіргі таңда мамандар аталған пән оқушылардың туған жер, өскен өлке туралы мәліметтермен қанық болуын ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге де пәндерді оңай игеруіне зор көмегін тигізетінін алға тартуда.

С. НҰРАЙ.