Қазығұрт тарихы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде «Рухани жаңғыруға» байланысты түрлі іс-шаралар өтіп, жинақ-кітаптар басылуда. 2017 жылы жарыққа шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабына Оңтүстік өңірінен 24 нысан енді.

Биыл Түркістан облысында Сайрам, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас және Қазығұрт аудандарының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Біз мерейтой қарсаңында Қазығұрт ауданы тарихына қысқаша тоқталып өтеміз.
Қазан төңкерісіне дейін Оңтүстік өңірінің қазіргі аумағында Черняев (Шымкент) және Түркістан уездері болды. Аталған уездер Сырдария облысының (орталығы – Ташкент қаласы) құрамына енді. Сырдария облысы Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болды.
Сырдария облысының құрылысы 1867 жылы шілдеде бекітілген «Жетісу және Сырдария облыстарын Уақытша басқарудың Ережесіне» сәйкес анықталды.
1920 жылы 26-тамызда В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған РКФСР Бүкіл Одақтық Атқару комитеті және Халық Комиссариаты Кеңесінің (БОАК және ХКК) Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы декреті Қазақ Кеңестік ұлттық мемлекетінің құрылуын заңды түрде бекітті.
1921 жылғы 11-қазанда БОАК-нің Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы қаулысы қабылданды.
1924 жылдың 11-қазанында РКП (б) ОК-нің қаулысымен Орта Азия Кеңестік республикаларының ұлттық межеленуі мақұлданды. (КСРО ОАК-нің 1924 жылғы 27-қазандағы 2-ші сессиясында бекітілді).
Ұлттық межеленудің нәтижесінде Сырдария облысы Қазақстанға өтті. Сырдария облысы 1924 жылы 12-желтоқсаннан бастап орталығы Шымкент қаласында орналасқан губерния болып қайта құрылды. Ұлттық межеленудің нәтижесінде Қазақ АКСР-нің құрамына берілген Ташкент және Мырзашөл уездерінің болыстары мен Сырдария облысы болыстарының негізінде 1924 жылғы қарашаның алғашқы күндерінде 17 болыстан тұратын Ташқазақ (Ташкент-Қазақ) уезі құрылды.
Сырдария губерниясының құрамында 7 уезд болды, оның ішінде қазіргі Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысының аумағында Ташқазақ, Түркістан және Шымкент уездері орналасты.
Ташқазақ уезінің орталығы Көктерек ауылы болды. 1925 жылы 10-тамызда уезд орталығы Чичерино ауылына ауыстырылды, ал 1926 жылы 12-қыркүйекте Сарыағаш шатқалына көшірілді. (Шатқал 1926 жылдың қазанынан кейін ауыл болып өзгертілді).
Әкімшілік-аумақтық аудандастыру жобасы жан-жақты дайындықтан кейін 1928 жылы 17-қаңтарда Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің алтыншы шақырудағы 2-ші сессиясын бекітті. Қазақстан аумағында губерниялық бөліністің орнына 13 округ, 180 аудан құрылды. (БОАК 1928 жылы 3-қыркүйекте бекітті).
Сырдария округі 1928 жылы 17-қаңтарда құрамына 21 аудан беріліп құрылды. Ташқазақ уезі таратылды. Оның құрамындағы Қаратас болысының орталығы Жаңабазар ауылы болатын. Шарапхана болысы Қаратас болысына қосылған-ды. Шыршық (Жоғарғы Шыршық) болысының орталығы Қожакент ауылы еді. Ақжар болысының орталығы 1925 жылы 26-қарашада Тоболинодан Тұрбат ауылына көшірілген-ді.
Қаратас ауданы – Ташқазақ уезінің Ақжар, Қаратас және Шыршық болыстарынан құрылып, орталығы Тұрбат ауылына орналасты. (Ақжар болысы Келес және Қаратас аудандарының, Шыршық болысы Бостандық және Қаратас аудандарының құрамына енді).
1928 жылы 19-маусымда Қаратас ауданының орталығы Тұрбаттан Шарапхана ауылына ауыстырылды, ал 1931 жылы 22-мамырда Ленин ауылына көшірілді.
1932 жылы 20-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы құрылып, оның құрамына Қаратас ауданы да енгізілді. Аудан орталығы Степное ауылы болды.
1932 жылы 13-қарашадағы мәлімет бойынша құрамында төмендегі ауылдық кеңестері бар аудан құрып, аудандастыруға рұқсат етілді. 1.Алтын; 2.Жүзімдік; 3.Жаңабазар; 4.Қазығұрт; 5.Қарабау; 6.Қақпақ; 7.Келес; 8.Ленин; 9.Сембі; 10.Тұрбат; 11.Төбеқұдық; 12.Ұя; 13.Шарапхана; 14.Шарбұлақ.
1934 жылы Жартытөбе, Қызылқия, Ақпарақ, Қызылтал, ал 1935 жылы Фогелев, 1940 жылы Жұма ауылдық кеңестері құрылды.
1945 жылдың соңындағы мәлімет бойынша аудан орталығы Ленин ауылы. Ақпарақ, Ұя және Сембі ауылдық кеңестері орталығы Сембі ауылында орналасқан Сембі ауылдық кеңесі болып біріктірілді;
Қазығұрт және Жаңабазар ауылдық кеңестері орталығы Жаңабазар ауылында орналасқан Жаңабазар ауылдық кеңесі болып;
Жартытөбе және Шарапхана ауылдық кеңестері орталығы Шарапхана ауылында орналасқан Шарапхана ауылдық кеңесі болып;
Қақпақ және Қызылқия ауылдық кеңестері орталығы Энгельс атындағы ұжымшарда орналасқан Қызылқия ауылдық кеңесі болып;
Қарабау, Шарбұлақ және Тұрбат ауылдық кеңестері орталығы Тұрбат ауылында орналасқан Тұрбат ауылдық кеңесі болып;
Жүзімдік және Жұма ауылдық кеңестері орталығы Жігірген ауылында орналасқан Жұма ауылдық кеңесі болып біріктірілді.
1962 жылы 3-мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент облысы деп өзгертілді.
1963 жылы 2-қаңтарда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Шымкент облысындағы Қаратас және Георгиев аудандары таратылып, осы аудандардың аумақтары есебінен Ленин ауылдық ауданы құрылды. Аудан орталығы Ленин ауылынан Ленгір қаласына көшірілді. Аудан құрамына келесі ауылдық кеңестер кірді: Қаратас ауданынан – Жаңабазар, Жұма, Қызылқия, Ленин, Сембі, Тұрбат, Фогелев, Монтайтас және Шарапхана; Георгиев ауданынан – Жоғарғыақсу, Георгиев, Қазығұрт, Калинин, Қасқасу, Первомай және Совет.
1963 жылы қазанда Жаңабазар, Жұма және Сембі ауылдық кеңестері Жаңабазар ауылдық кеңесі болып біріктірілді.
1965 жылы қаңтарда Монтайтас ауылдық кеңесі Бөген ауданына, Қызылқия ауылдық кеңесі Сарыағаш ауданына берілді.
1967 жылы қаңтарда аудан орталығы Ленгір қаласынан Ленин ауылына көшірілді. Өз алдына Ленгір ауданы құрылып, оған Ленин ауданынан Жоғарғыақсу, Георгиев, Қазығұрт, Калинин, Қасқасу, Первомай және Совет ауылдық кеңестері берілді.
Бір мезгілде Сарыағаш ауданының Қызылқия ауылдық кеңесі, Бөген ауданының Монтайтас ауылдық кеңесі Ленин ауданының құрамына берілді.
1967 жылы тамызда орталығы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы ауылда орналасқан Алтынтөбе ауылдық кеңесі құрылды.
1969 жылы маусымда Шарапхана ауылдық кеңесі Қаратас ауылдық кеңесі, Шарапхана ауылы Қаратас ауылы болып өзгертілді.
1972 жылы қыркүйекте орталығы Қызылтаң ауылында орналасқан Қызылтаң ауылдық кеңесі құрылды.
1973 жылы желтоқсанда Алтынтөбе ауылдық кеңесінің елді мекеніне Қаржан ауылы атауы берілді.
1974 жылы қарашада Шарбұлақ, 1976 жылы шілдеде Шанақ ауылдық кеңестері құрылды.
1986 жылғы 1-қаңтардағы мәлімет бойынша аудан құрамына келесі ауылдық кеңестер енді: 1.Алтынтөбе; 2.Жаңабазар; 3.Қаратас; 4.Қызылқия; 5.Қызылтаң; 6.Ленин; 7.Монтайтас; 8.Тұрбат; 9.Фогелев; 10.Шарбұлақ.
1986 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен:
– Алтынтөбе ауылдық кеңесінің Алғабас елді мекені Қаржан ауылымен біріктіріліп, Қаржан атауы берілді;
– Шарбұлақ ауылдық кеңесінің Ынтымақ және Куйбышево елді мекендері біріктіріліп, Шарбұлақ атауы берілді.
1989 жылы 13-қазанда Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Монтайтас ауылдық кеңесі Арыс ауданының құрамына берілді.
1991 жылы 22 шілдеде:
– Фогелев ауылдық кеңесінің Фогелев ауылы – Рабат ауылы болып;
– Қаратас ауылдық кеңесінің Киров атындағы ауылы – Майлыошақ ауылы болып өзгертілді.
1993 жылы 4-мамырда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Төралқасының қаулысымен Ленин ауданы Қазығұрт ауданы болып өзгертілді;
– Қаратас ауылдық кеңесінің К.Маркс ауылы – Махамбет ауылы;
– Қызылтаң ауылдық кеңесінің Қызылтаң ауылы – Қақпақ ауылы деп аталды.
1993 жылы 7-қазанда ҚР Жоғары Кеңесі Төралқасының қаулысымен:
– Қазығұрт ауданының әкімшілік орталығы Ленин ауылы – Қазығұрт ауылы;
– Қаратас ауылдық кеңесінің әкімшілік орталығы Қаратас ауылы – Шарапхана ауылы болып өзгертілді.
1993 жылы 9-желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Жергілікті кеңестердің өкілеттілігін шұғыл тоқтату туралы» заңына сәйкес, аудан құрамындағы барлық ауылдық кеңестер өз жұмысын тоқтатты.
Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің қаулысымен 1994 жылы 5-қаңтарда өзіне бірнеше елді мекендерді қамтитын ауылдық кеңестердің шекараларында келесі ауылдық округтер құрылды: 1.Алтынтөбе; 2.Жаңабазар; 3.Қазығұрт; 4.Қақпақ; 5.Қарабау; 6.Қаратас; 7.Қызылқия; 8.Рабат; 9.Тұрбат; 10.Шанақ; 11.Шарбұлақ.
1997 жылы 17-қарашадағы аудан әкімінің №749А шешіміне сәйкес, Жаңабазар ауылдық әкімшілігінің құрамынан Көкібел ауылдық әкімшілігі құрылды.
Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының 2006 жылғы 29-қыркүйектегі №25/295-ІІІ шешіміне, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2006 жылғы 2-қазандағы №333 қаулысына, аудан әкімінің 2006 жылғы 11-желтоқсандағы №518 қаулысына сәйкес, Көкібел ауыл округі құрамынан Жігерген ауыл округі құрылды.
2012 жылы Рабат ауылы округіне Қарақозы Әбдалиевтің, Көкібел ауылы округіне Сабыр Рақымовтың есімдері берілді.

Қ. ЕРГӨБЕК.