Қалам тербеп Түркістанды түлет

Туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту мен Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеру мақсатында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Таңғажайып Түркістан» атты байқау жарияланды. Оған туған жердің сайы мен қырқасы, тауы мен өзеніне бей-жай қарамайтын, керісінше олардың кереметі мен қасиетін былайғы жұртшылыққа таныстыруға көп асығатын жастар да жасамыстар да қатыса алады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Тұран төрінде Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен өткен кездесуде осылай деді.
«Таңғажайып Түркістан» атты байқаудың шымылдығы түрілген бұл жиында басқарма басшысы :
– Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр, – дей келе, оқу орнында журналистика біліктілігі бойынша білім алып жатқан 100-ге жуық студентті Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы қалам тербеп, оның атын жақсы қырынан дәріптеп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар ол, ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жатқан, жазуға ебі бар студенттердің де аталған байқаудан тыс қалмауын ерекше атап өтті.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында басталған «Таңғажайып Түркістан» атты байқауға қатысушылар facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысынан «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген 24 нысан туралы пост жариялаулары қажет. Ол нысандар Түркістан қаласындағы Жылаған ата бұлағы мен үңгірі, Ясcы (Күлтөбе, Түркістан), Сауран қалашықтары, Үкашата, Гауһар ана, Есім хан кесенелері, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені (Қ.А.Яссауи кесенесі,Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр, Рабия Сұлтан Бегім, Үлкен Қылует және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жері), Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт тау, Исмайл ата сәулет кешендері, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Аппақ-Ишан мешіті, Отырар ауданындағы Отырар қалашығы, Арыстан баб кесенесі, Сайрам ауданындағы Сайрам қалашығы, Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелері, Созақ ауданындағы Созақ қалашығы, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Хақназар хан кесенелері, Таңбалы тас ескерткіші және Ордабасы ауданындағы Бірлік — Ордабасы мемориалды кешені болып табылады. Байқауға қатысушы әрбір адам осы нысандар туралы кем дегенде 20 жазбаны жариялауы тиіс.
Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен басталған «Таңғажайып Түркістан» жарысына материалдар осы жылдың 12-желтоқсанына дейін қабылданады. Ал кімнің бағы мен бабы қатар шауып жеңімпаз болатынын ұйымдастырушы тарапынан арнайы құрылған комиссия анықтамақ. Бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар белгіленетін байқаудың жалпы жүлде қоры 1 млн. 350 мың теңгені құрайды. Ендеше «Таңғажайып Түркістанға» қатысып, үздіктер қатарына қосылыңыз.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.