Шилі өзен, қандым-сай


Айналайын атыңнан, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай, – деп басталып
Қайырмасы:
Шилі өзен қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай, – деп жұртшылықтың ішінде қайырмасы да осы мағынада тарап кеткен халық әнінің шығу тарихына терең үңілсеңіз көп жайға қанығасыз. Кезінде Күләш Байсейітова апамыздың репертуарын молайтқан бұл әнді соңғы жылдары белгілі әнші Айжан Нұрмағанбетова орындап жүр. Сондай-ақ бұл әнді Теріскей даласының перзенті, атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев өзі қобызына салып орындаған еді.
«Шилі өзен» халық әні кәдуілгі Жартытөбе ауылының бергі жағындағы шилі, қандымды алқаптан бастау алған. Қаратаудың бөктерінде арғы шеті Ақсүмбеден бастап, шығысы Аққолтық бөктеріне дейін бірнеше ондаған өзендер болған. Соның бірі осы – «Шилі өзен» өзені. «Шилі өзен» өзені таудың кенересіндегі Кеншімбай, Кызылкөз әулие тау өзендерінен қосыла бастау алып, еңіске қарай ағып Қарақұл, Қандымсай, Қаратас, Құрсай алқабы арқылы Қызылкөлге барып құяды. Өзеннің ұзындығы таудан Қарақұлға дейін 6-7 шақырым, ауылдан Шиліөзенге дейін 2 шақырым асады. Сонау ықылым заманнан бергі жұт, ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары берісі Өзбекстан,
Түркіменстан, арысы Қытай, Түркия, Моңғолияға дейін босып кеткен жерлестеріміз осы әнді өздерімен ала кеткен екен. Әннің тұла бойы елге, туған жерге деген сағыныш пен қимас сезімнен тұратынын көріп, тыңдауға болады. Белгілі абайтанушы ғалым Жабал Шойынбетов те бұл әннің Жартытөбе жерінен бастау алғанын тілге тиек етеді.
Ән мәтініндегі «Қамыс-ай» сөзінің негізі «қандым-сай» болуы ғажап емес. Өйткені біріншіден, қандым бұл бұталы өсімдік. Екінші осы бұталы өсімдік ұйыса өскен сай Шиліөзенге бара қалсаңыз алдымен көзіңізге түседі. Қазақ тілінің аймақтық сөздігіне жататын бұл қандым сөзін негізінен баламалы түрде ақ жүзген деп те атайды. Қандым жүзген тектес бұталы өсімдік. Оның шырынын ертеректе бабаларымыз ағашын қиялай кесіп алып, ішетін болған. Қандым өсімдігі тура осы Шилі өзен маңында молынан өскен. Ал Шилі өзен маңынан қамыстың қарасын көрмейсіз. Қандым сөзі әнді орындаушылар тарапынан тілге жатық, әрі жалпы жұрттың бәрі білетін өсімдік болғандықтан қамыс деп кездейсоқ айтылып кетсе керек.
Жазушы Ә.Шілтерхановтың «Кейуана мен келін» атты әңгімесіндегі: «Көкжайлаудан» таңертең ерте шыққанбыз. Ылдилы жоғарылы, кейде арқар соқпағындай қия жерлермен жүріп келеміз. Жүрісіміз өнбейді. Біз Шыбықбелге жеткенде, Күн де төбеге көтерілді. Сылдырай аққан тау бұлақтары, көк торғынға оранған салқын самалды өзен жағасы артта қалды. Жон үстінің шөбі күннің аптап ыстығына шыдамай, сап-сары болып күйреп кеткен. Тек анда-санда кездесетін долана, тау шиесі, қандым сияқты бұталар ғана реңін бермеген көкжасыл қалпында. Өзен ұлтаны мен Шыбықбелдің үсті көзге жақын көрінгенімен, едәуір жер екен. Кілең өрге өрлегендіктен бе, әлде тауда жүрмеген жазықтың малы болғандықтан ба, аттарымыз шып-шып терлеп, едәуір барлығып қалды» деген жолдар «қандым» бұталы ағашының тауда, жонның үстінде болатынын аңғартып отыр.
Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиет зерттеушісі, фольклоршы А.Балтабаев «Бетпақ даланың шөлді үстіртінде суыққа шыдамды қандым бұта тектес ағашы өседі. Қандым қызулы отын, оның шоғы темірді сексеуілдің шоғынан бұрын балқытады және шоғы көпке дейін сөнбей жатады» деген негіздеме жасағаны белгілі.
Ж. Шыныбековтің «Сәкеннің Сарыарқа сапары» деген әңгімесінде «Осы шаңырақтың үлкен келiнi Күлiмхан екi жiгiт әзер көтеретiн екi шүмектi сары самауырға су құйып, қандым шоғын сала бастады» деген жолдар кездеседі. Кейінгі бір «Оқжылан ата» әңгімесінен де Созақ өңіріндегі оқиғаны айта келе «Мұнда әр жерде болса да тораңғыл мен қандым бар екен. Орайы келе қойған іс мені қатты қуантты. Қандым өте мықты ағаш. Қаттылығы сексеуілден кем түспейді. Ерекшелігі – сексеуіл иілмейді – сынады. Қандым иіледі — сынбайды, бұтақтары түзу. Қамыс – ну! Мен қандым бұтағын маймен сылап, отқа қақтап садақ иіп алдым» деген жолдар кездеседі.
Жоғарыдағы әңгіме ішінен үзіп алған тұстарымыз Созақ, Теріскей даласында болған оқиға желілері сол себепті де «қандым» сөзі ән ұйқасына алынуы заңдылық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейтін болсақ, «Шилі өзен» әні Созақ өңірінде дүниеге келген ән. Әрі осы әнмен барша аудан тыңдармандары талай ғасырлар мақтаныш ететін болады. Сондықтан ән тексті дұрыс мазмұнда:
Айналайын атыңнан, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай.

Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай.

Сіз дария болғанда, мен қоңыр қаз,
Бауырым төсеп бетінде қалқыдым-ай.

Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай.

Айналайын қарағым, кекілдім-ай,
Балапаны аққудың секілдім-ай.
Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай, – деп қайта қалпына келтіріле айтылса бұл өте орынды болар еді.

Мақсат Қарғабай.