АУДАН МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

 

 

 

 

Отырыр ауданындағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиын басталар алдын аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен облыстық білім басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов бастаған топ Мәдениет сарайының фоесінде ауданның білім саласындағы жетістіктері мен даму перспективасы туралы көрмемен танысты.
Мұнан соң залға жиналған қонақтар мен аудан мұғалімдері алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған бөлім басшысы білім саласындағы игі жаңалықтарды атап өтті.
2018 жылы ауданымыздағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 10924 оқушы алтын ұясындағы білімін жетілдіреді. Биылғы оқу жылында 1250 оқушы 1-ші сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Сондай-ақ аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім мекемелерінде 1920 мұғалім қызмет етуде. Биыл жаңартылған білім беру мазмұны бойынша аудан мектептерінде сабақ беретін 549 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көтерілген және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы қосу қарастырылған.
Есепті хабарламада биыл ауданның білім беру саласына 5,6 млрд теңге қаржы қаралып отырғаны айтылды. Бұл білім саласына үкіметіміз айрықша қамқорлық жасап отырғанының айқын дәлелі. Үстіміздегі жылы Темір ауылындағы С.Әлиев атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек Мыңшұқыр елдімекенінен 300 орындық мектептің құрылысы басталып, оған 824,2 млн. теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ 2017-2018 оқу жылында Ш.Қалдаяқов, Жамбыл, Ө.Жәнібеков, М.Әуезов мектептерінің работотехника пән кабинеттеріне 4 компьютер мен 4 интерактивті тақта, 20 ноутбук алынған. Аталған мектептерде работотехника вариативтік курс негізінде сабақтар жүргізілуде. Мемлекетіміздің осындай қолдауларының арқасында өткен оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша да орта балл 90,4 балды құрап, нәтижесінде облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткішті көрсетті. Жүйелі жұмыстардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырғаны үшін аудан педагогтарына алғыс айтқан Жанат Мұсатаева ұстаздарды жаңа оқу жылында жаңаша қарқынмен жұмыс істеуге шақырды.
Кеңесте сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, мәнін ашуға үлкен мүмкіндік беретін дәстүрлі тамыз кеңесінің мән-маңызына тоқтала келе, ұлағатты ұстаздарды басталғалы тұрған жаңа оқу жылымен құттықтады.
— Бүгінгі тамыз кеңесі қазақ музейінің негізін қалаушы, педагог Өзбекәлі Жәнібековтің туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу – парыз. Ұлы ғұламалардың өзі ұстаздардан сабақ алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз»,- деген сөзі ұстаз қауымына үлкен міндеттерді жүктейтіні сөзсіз. Өйткені еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінсе, осы ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың орасан еңбегі жатыр,-деген аудан басшысы мұғалімдердің алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты жиын мұғалімдердің түрлі деңгейдегі марапаттау рәсімдеріне ұласты. Ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмей, шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп жүрген бір топ педагогтер министрліктің арнайы төсбелгілерімен, Түркістан облысының әкімі мен аудан әкімінің, сондай-ақ облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.