ТҮЙЕ СҮТІНЕН ДИАБЕТТІК ТАҒАМҒА АРНАЛҒАН ӨНІМ ӨНДІРІЛМЕК
Бүгінде заманауи эндокринология саласында қантты диабет ауруы күрделі мәселе болып отыр. Статистикалық мәліметтер бойынша жер шарындағы 60 миллионнан астам адам қантты диабетімен зардап шегеді. Қазақстандық ғалымдар еліміздегі осы жағдайдың алдын алу мақсатында жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде дәрілік сығындылармен үйлескен қышқылды сүт биопрепаратының оң әсер ететіндігі, гипогликемиялық, гиполипидемиялық қасиеті анықталып, дайындалған қышқылды сүт биоөнімі «Инуллакт-Фито» типті қантты диабетін кешенді емдеудегі қолданылуына тиімді мүмкіндік беретінін көрсеткен.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов Қожа Ахмет Яссауаи атындағы ХҚТУ-нің Шымкент медицина институтының директоры Уәлихан Жұмабаев пен институттың үздіксіз білім беру бөлімінің басшысы Талғат Ормановты қабылдады.
Кездесуде ғалымдар түйе сүтінің ақуызында емдік антиоксиданттық, иммунитетті көтеруші қасиеті бар иммуноглобулин, лактоферрин басым келетінін айтып, түйе шаруашылығы жақсы дамыған киелі Отырар ауданында «Инуллакт-Фито» диабеттік тағамға арналған азық-түлік өнімін шығаруды қолға алып жатқанын айтты. Бұл ретте ғалымдар Шілік ауылындағы «Гүлмайра» шаруақожалығының төрағасы Оразәлі Мұстафинмен өткен жылдан бері жұмыс жасап келеді. Шаруақожалық төрағасы өз иелігіндегі 125 түйеден тәулігіне 1тонна 200 литр өнім алады.
Ғалымдардың бұл ұсынысын құптаған аудан басшысы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, отандық фармацевтикалық препараттарды өндіруді 10%-дан 50%-ға дейін көтеру туралы атап өткенін айтып, аудан көлемінде барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
-Ауданымызда Елбасымыздың сарабдал саясатын жүзеге асыру мақсатында өңірдің климаттық орналасу жағдайына байланысты ауылшаруашылығы саласын ғылыммен ұштастыра отырып дамыту мәселесі кеңінен қолданылып келеді. Біз бұған дейін Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану агрохимия институтының ғалымдарымен бірлесіп аудандағы сұрланып – тұзданған жерлерге зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде шаруалар өнім көлемін молайтып, үлкен табысқа кенелді. Сіздер айтып отырған диабеттік тағамға арналған азық-түлік өнімі ауданымызда өндіріліп жатса, мұның өзі өңіріміз үшін үлкен жетістік болары сөзсіз. Сондықтан жаңа ғылыми ізденіске негізделген жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, көздеген мақсаттарыңызға жетулеріңізге сенім білдіремін,- деді аудан әкімі.