ӘН ПАТШАСЫ – ШӘМШІ АҒА

Әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, телегей теңіздей сезім сыйлаған, көңіл пернесін дөп басып, ыстық ынтызарлықтың, шексіз сүйіспеншіліктің төлқұжатындай болған әндердің авторы — Шәмші Қалдаяқовтың туған күні бүгін.
Осы күнге арнап аудандық орталық кітапхананың оқу залында «Адамзатты әнімен тамсандырған» атты әдеби – музыкалық композиция өткізілді. Іс – шараны әдіскер Жанар Нарботаева кешті кітапхана оқырмандары мен кітапхана қызметкерлерін екі топқа суреттер арқылы бөліп, креативті танымдық әдістер арқылы ән әлеміне еркін бойлауға жетелей отырып жүргізді. Кеш басында іс – шараны ашып беру үшін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ директоры Аршатгүл Забынбекқызы сөз алып: «Отырарда өзінің туа біткен дарын, талантымен ел жүрегін жаулап алған, сөзімен де ісімен де, қоғамдық асқақ ойымен, бүкіл болмыс тірлігімен келер ұрпақ, кейінгі біздің бәрімізге де өнеге болған исі күллі адамзатқа ортақ заңғар тұлға аз емес. Сондай өнер айдынындағы алыптардың бірі, әрі бірегейі, «Вальс королі»атанған әйгілі сазгер, ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 88 жыл толып отыр. Әнұранымыздың авторы, бүкіл қазақтың маңдайына біткен жұлдызы Шәмші Қалдаяқовтың аты қазақ барда өлмек емес… Әннің тойы құтты болсын!», — деді. Ән кешінде Шәмшінің әндерін топ болып жарыса айтып, «Ары қарай жалғастыр», «Мен әншімін» ойындары ойнатылды. «Нар тұлға» атты сазгер өмірі мен шығармашылығы туралы видеоролик көрсетіліп, жиын соңында «Шәмші әлемі» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. «Адамзатты әнімен тамсандырған» әдеби – музыкалық композиция әнсүйер қауымның көңілінен шығып, кешке қатысқан оқырмандар Шәмші аға туралы жылы лебіздерімен патриоттық сезімді оятып, рухыңды көтеріп, көңіліңді тасытып, санаңды серпілтіп, бойыңа күш — қайрат беріп, жігеріңе жігер қосып қанаттандыратын мұра қалдырып кеткен композиторға тағзым етті