Арыстан баб кесенесі..

Белгілі түркітанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Түркістан облысына келген сапарында облыстық телеарнаның «Ақтолғай» бағдарламасына арнайы сұхбат берген еді. Мәнді, әсерлі әңгіме болды. Елдік мәселелерге қатысты көшелі пікірін айтты. «Оңтүстік – қасиетті мекен. Бұл жер сансыз бабтың, сансыз әуленің жатқан жері. Осында келген сайын аяғымызды аңдап басқымыз келеді. Оңтүстікте тарс-тұрс жүруге, айқайлауға, дауыс көтеруге болмайды. Қайсыбірін айтайын, мұнда ұлы бабаларымыз, би-шешендеріміз, небір батырларымыз жатыр», деп тебірене сөйлеген-ді ғалым. Әдебиетіміздің білгір маманынан асырып не айтамыз? Айтса айтқандай-ақ, Оңтүстіктің қай ауданына барсаңыз да әулие-әмбие көп.

 

Бүгінгі айтпағымыз – Арыстан баб кесенесі. (Отырар ауданы, Шәуілдірден 12 км) қашықтықта орналасқан кесене – халық рухани азық алатын әрі зиярат ететін қасиетті орындардың бірі, мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші. Кешен 17 гектар аумақты алатын бірнеше аймақтардан тұрады. Бұл – туристерге қызмет көрсететін этнографиялық мекен. Мұнда кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген мешіт, қажылық орталық, екі қонақүй («Фараб» үлкен және шағын), имамдар дайындайтын сыныптар, құлшылық ететін зал бар.

Бабтардың бабы атанған Арыстан баб кім? Қысқа-нұсқа айта кетейік. Діни аңыздар бойынша, Арыстан баб есімі Отырар, Сайрам, Иасы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде кеңінен танымал. Десе де, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерінде ұстазға арналған ыстық лебіздер мен оның тәлім-тәрбиесін үлгі ету, өнеге ету жиі ұшырасады. Арыстан бабтың әулиелігін халық мойындаған. Сондықтан зиярат етушілер сол заманнан күні бүгінге дейін әулие басына түнеп, ғибадат етеді. Енді бір деректерде Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбардың замандасы дейді. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың аманат қылып берген киелі құрмасын тілінің астына сақтап, Қожа Ахмет Ясауиге табыстаған. Арыстан бабтың туған жылы нақты болмаса да, жанама мәліметтер арқылы болжаммен айтылады.

Кесене киелі жер ғой. Мұнда тәу етіп жатқандар көп. Әсіресе жазда. Осындайда еске түседі. Былтыр Шымкентте тұратын бір кәсіпкерден сұхбат алғанымыз бар. Ешқандай себеп-салдарсыз қос жанарынан айырылған бизнесмен азамат осы Арыстан баб кесенесіне қатысты естелігімен бөлісіп еді. «Жиырмадан асқан кезім. Киелі жерден өтіп бара жатып, көлігімді тоқтаттым. Жаспыз ғой, қайдан білейін, кесенеге қарап дәрет сындырдым. Осыдан соң үйге келіп, көз шырымын алып, ұйықтап тұрған едім. Сол заматта екі көзім тас қараңғы болды. Қазір жасым 60-қа таяды. Содан бері бармаған жерім жоқ. Ешқайсысы диагноз қоя алмады. Тіпті әйгілі көріпкел Ванганың да қабылдауында болдым. Ол бұл аурудың емі жоқ деп шығарып салды. Сонда түсінгенім, әрбір нәрсенің киесі болады екен. Қасиетті жерді, әулиелі мекендерді, қастерлеп, қадірлеп жүрейік», – деп еді ол өткен күндерін еске алып.

 

Бұл жер – тек бет сипап, саяхат жасайтын орын ғана емес, ол өткенімізді танып, руханиятқа, тарих пен мәдениетке құрмет көрсететін қасиетті мекен. Кесене қызметкері Қуаныш Шохаевтың сөзінше, бүгінде Арыстан бабқа жылына 150 мыңға жуық турист келеді екен. Ал ол жерден 2 км жерде Отырартөбе бар. Сондай-ақ кешен аумағына ұлы ұстаз Әл-Фараби мен атақты әскери қолбасшы Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың Шам шаһарындағы зиратынан 2006 жылы топырағы әкелініп қойылыпты.

Тағы бір маңызды мәліметті қоса кетейік. Келесі жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне 2-3 миллионнан астам турист келеді деп жоспарланып отыр. Жалпы қазіргі таңда шетелдік туристер үшін Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 73 маршрут білгіленген. Оның ішінде Оңтүстіктен 15 нысан (3 және 5 күндік) бар. Соның бірі – Арыстан баб кесенесі. «Оңтүстік Туризм» орталығының жоба менеджері Дархан Асанханның айтуынша, көрмеге үлес қосу мақсатында бүгінде онда арнайы инфотурлар өткізіле бастаған.

 

Керек деректер.

✔ Арыстан баб кесенесінің ең көне бөлігі – қабірхана шамамен XII ғасырда салынған. XIV ғасырда мазар қайта қалпына келтірілген.

 

✔ Кесененің салынуы жайында мынадай аңыз тараған. Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір Қожа Ахмет Иасауидің құрметіне кесене тұрғызуға жарлық етеді. Кесененің қабырғалары қаланып болған түні алып өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Кесене қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қаланғанда әлгі оқиға тағы қайталанады. Осындай оқиғалардан кейін Әмір Темірдің түсіне ақ киімді қария кіріп: «Алдымен Қожа Ахметтің алғашқы ұстазы – Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал», дейді де ғайып болады. Ертеңінде Әмір Темір Арыстан баб әулиенің қабірінің басына кесене тұрғызуға жарлық береді. Ол салынып біткенде ғана Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің құрылысы ойдағыдай аяқталады.

 

✔  Кешен 1909 жылы жергілікті халықтың қаражатымен қайта өңделген. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелер мен қабірханаға бөлінген.

 

С.Тастанбек.