ОТҚА ЖАНБАЙТЫН, СУҒА БАТПАЙТЫН ЭКС-БАСШЫНЫҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жұмағали Исмаилов үй қамауына алынды. Кезінде облыстың бас дәрігері қызметін атқарған оған ҚР ҚК-нің 253-бабының 6-тарауы «Коммерциялық пара беру» және 262-бабының 3-тарауы «Қылмыстық топ (қылмыстық ұйым) құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу» бойынша айыптар тағылып отыр. Істің ақ-қарасын анықтау мақсатында қазіргі таңда құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер көрсетілген баптар бойынша Ж.Исмаиловқа тағылған айып анық дәлелін тапса оның жағдайы мәз бола қоймасы анық. Себебі аталған баптар бойынша қылмысқа бой алдырғандарға бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

 

Жұмағали Исмаилов Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасына 2009-2015 жылдары аралығында басшылық еткен болатын. Сол жылдары оған аймақтағы ауруханалардың бас дәрігерлері оның мемлекеттік сатып алу конкурстары кезінде белгілі бір фирмалардың мүддесін қорғайтынын, қол астындағы қызметкерлеріне де дөрекі екенін айтып, оны қызмет орнын босатуын талап еткен болатын. Жұмыстан кетпесе де сол кездегі облыс басшысынан қатаң сөгіс естіген еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында оған қарата жазылған сындар да бір басына жетіп артылатын. Оған негіз де жоқ емес-тін. Себебі сол жылдары күнгейде ана өлімі кеудеге күрсін кернетер көрсеткіш те болды. Бірақ бұл кемшіліктердің барлығы оны орынтағынан кетіре қоймады. Қысқасы Ж.Исмаилов «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтынның» керін киді. Сөйтіп орынтағында 6 жыл тапжылмай отырды.
Исмаилов ОҚО денсаулық сақтау басқармасынан қызметтен кеткен соң, ол сол кездегі вице-премьер Б.Сапарбаевтың кеңесшісі, «Денсаулық сақтауды дамыту орталығының» бас директоры сынды лауазымды міндеттерді атқарады. 2016 жылдың наурыз айынан бастап ол кісі Алматыдағы «Ұлттық физиопульмонология ғылыми орталығының» басшысы болып жұмыс істеген болатын.
Талай жауапты қызметтердің құлағынан ұстаған Ж.Исмаиловтың ендігі тағдыры қалай өрілетіні әзірге белгісіз.

«Уақыт».