КОНДИЦИОНЕРДЕН КЕЛЕТІН ҚАУІП БАР МА?

Аптап ыстықта жаныңа сая болатын кондиционердің пайдасымен қатар, денсаулыққа тигізер әсері төңірегінде ел арасында түрлі пікір қалыптасқан. Көпшілік бұл құрылғыны міндетті түрде суық тигізеді немесе түнде қосып ұйықтауға мүлде болмайды деп есептейді. Алайда жалпы-тәжірибелік дәрігер Таңшолпан Талғатбекова бұл пайымның жаңсақ екенін айтады.

Маманның түсіндіруінше, ЖРВИ ауруларын салқын ауа емес, вирустар тудырады. Дегенмен салқын ауа ағыны адамға тікелей бағытталса, тыныс жолдарының шырышты қабаты салқындап, ағзаның қорғаныс қабілеті төмендейді де, вирустардың енуіне қолайлы орта қалыптасады. Сонымен бірге кондиционер сүзгілері уақтылы тазаланбаса, онда жиналған шаң, аллергендер мен бактериялар ауаға тарап, аллергия мен созылмалы тыныс алу ауруларын асқындыруы мүмкін. Осыған байланысты бөлме температурасын 23-25 градус шамасында ұстап, сыртқы мен ішкі ауа айырмашылығын 5-7 градустан асырмаған, сүзгілерді тұрақты тазалап тұрған абзал.
Сондай-ақ түнгі уақытта кондиционерді дұрыс режимде қосып ұйықтаудың еш қаупі жоқ, керісінше, ол жайлы ұйқы сыйлап, жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктемені азайтады. Тек температураны 18-19 градусқа дейін тым төмендетпей, 24-26 градус деңгейінде сақтаған және ауа ағынын төсекке бағыттамаған жөн. Бөлме ауасы құрғап кетсе, ылғалдандырғыш қолданып, бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп алған дұрыс. Түйіндей айтқанда, дертке құрылғының өзі емес, оны дұрыс пайдаланбау себеп болады, ал қарапайым ережелерді сақтау денсаулыққа зиянсыз жайлылықты қамтамасыз етеді.