САУРАН АУДАНЫ МЕН КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС КӨП

облыс әкімімен өткен кездесуде қандай
мәселелер көтерілді?

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде халықпен кері байланысты нығайту және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді жедел шешу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданы мен Кентау қаласының тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесулері мен жеке қабылдаулары өңірдегі ашық диалог алаңының тиімділігін тағы бір мәрте айғақтады. Киелі Сауран өлкесі мен өндірісті Кентау шаһарында өткен жүздесулерде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттер кеңінен талқыланды.

Облыс басшылығы тарапынан жүзеге асырылып жатқан жүйелі саясат пен жоспарлы шаралар аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға оң ықпал етуде. Мәселен, тарихиы тереңнен тамыр тартып жатқан Сауран ауданы 2025 жылдың қорытындысында облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 1-орынды иеленсе, 2026 жылдың 6 айында да осы көшбасшылық орнын сақтап, тағы да көштің басынан көрінді. Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 38,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,7 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 миллиард теңгеге жетіп, 19,9 пайызға артса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 12,3 миллиард теңгені құрап, 35,4 пайыздық оң өсім көрсетті.
Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға Сауран ауданы айтарлықтай үлес қосып келеді. Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 57,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Сауда көлемі 1,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 31,8 пайызды құрады. Сонымен қатар өзіндік кірістер 3,3 миллиард теңге болып, 14,5 пайызға ұлғайса, салықтық түсімдер 3,1 миллиард теңгеге жетіп, 36,7 пайызға артты. Есепті кезеңде аудандағы өндірістік алаңдарда жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 894 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды істер атқарылуда. Өткен жылы 2 мектеп, 1 оңалту орталығы, 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, 150 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана және 1 спорт кешені пайдалануға берілсе, тағы 1 спорт кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Аймақтағы өндірістің берік діңгегі саналатын Кентау қаласында да оң даму динамикасы байқалады. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша қалада жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 миллиард теңгеге жетіп, 5,3 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 миллиард теңгені құрап, оның орындалу деңгейі 117 пайызға жетті. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 26,2 миллиард теңгені құраса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 20,5 миллиард теңге тиесілі болды. Аграрлық секторда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 114,8 пайызды құрады.
Кентауда шағын және орта бизнес саласы да тұрақты дамып келеді. Қалада жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 797 бірлікке жетсе, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұдан бөлек, қалада 32 мектеп жұмыс істеп тұр, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапқан. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 99,6 пайызға жетсе, халыққа 13 медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетуде. Инфрақұрылым бағытында құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға өсіп, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістер үлесі 31,4 пайызға жетті. Қалаға қарасты 3 елді мекенге газ тартылып, 17 мың абонент көгілдір отынға қосылды. 120 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Болашақ» мөлтек ауданында 14 көшенің ауыз су құбырлары жаңартылды. Қарнақ ауылында 3,5 шақырымды құрайтын 5 көше орташа жөндеуден өтіп, қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртылды.
Елдің көкейінде жүрген өзекті түйткілдерді дер кезінде анықтап, оларды кезең-кезеңімен шешу — облыс әкімдігінің басты назарында. Бұған дейінгі кездесулерде Сауран ауданы бойынша көтерілген 10 мәселенің 5-еуі толық орындалды. Ескі Иқан ауылдық округіндегі 15 мың басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңы электр желілерімен қамтамасыз етілді. Шаға ауылында бір қабатты екі пәтерлі және Шорнақ елді мекенінде 3 қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бабайқорған мен Игілік арасындағы 9 шақырым жол жөнделуде. Ал Кентау қаласы бойынша бұған дейін көтерілген 26 мәселенің 18-і оң шешімін тапты. Өткен кезекті жүздесулерде Сауран мен Кентау тұрғындары Оқушылар сарайын салу, табиғи газбен қамту, жол, қоғамдық көлік, интернет сапасы, арзандатылған несие, баспана және жер телімдеріне қатысты көкейтесті сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров әрбір өтініш бойынша жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктеп, заң шеңберінде шешуді тапсырды. Одан кейін өткен жеке қабылдауларда тұрғындардың мұң-мұқтажы мұқият тыңдалып, бірқатар түйткілдер сол мезетте шешілді.
Айта кету керек, «eOtinish» бірыңғай базасы мен «Ашық әкімдік» кеңселері арқылы тұрғындарды қабылдау жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің басшылығымен атқарылып жатқан бұл ауқымды жұмыстар халық пен билік арасындағы тығыз байланысты күшейтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа белеске көтеруге берік негіз қалап отыр.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.