ҚАМБАҒА 27 МЛН ТОННА АСТЫҚ ҚҰЙЫЛДЫ

саладағы сандар көрсеткіші
нені меңзейді?

Ауыл шаруашылығы – соңғы уақытта айрықша көңіл бөлініп келе жатқан саланың бірі. Осы орайда, жуырда Үкімет отырысында 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындылары жарияланып, аграрлық сектордың даму динамикасы мен алдағы жылдарға қойылған міндеттер кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, өткен маусым отандық ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты әрі технологиялық серпілістерге толы жыл болды. Егіс жұмыстарындағы тұрақты өсім агротехнологияларды қатаң сақтау мен оңтайлы әртараптандыру стратегиясының тиімділігін дәлелдеді.

Деректерді тарқатсақ, республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектар егістік алқаптан гектарына орта есеппен 17 центнер өнім алынып, қамбаға 27 млн тонна астық құйылды. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тонна өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артық. Айта кетерлігі, бидай егістігі 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемінің артуы озық агротехнологиялардың нақты тиімділігін көрсетіп отыр. Ал арпа түсімі 4 млн тоннаға жуықтаған. Бұршақ дақылдары алғаш рет 1 млн тоннаға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Сонымен бірге майлы дақылдар бойынша да ерекше нәтижелер байқалуда. Биыл 4,3 млн тонна өнім жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр. 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналып, Мақтаарал өңірінде мақта терімі аяқталды. Тамшылатып суару технологияларын қолдану нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алған. Жалпы орташа өнімділік гектарына 30 центнер болып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл көрсеткіш бір жылда 42 пайызға өскен.
Министр жем-шөп, дәнді, майлы және бұршақты дақылдардағы жоғары өнім агротехнологиялық талаптарды сақтаудың нәтижесі екенін атап өтті. Ел бойынша жүргізілген талдау агротехнологиялар мен өнімділік арасында тікелей байланыс бар екенін көрсеткен. Яғни шаруашылықтардың 60 пайызға жуығы гектарына 15-30 центнер өнім алса, 8 пайызы 30 центнерден жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Дегенмен 12 пайыз шаруа қожалығында өнімділік әлі де төмен – 7-8 центнер деңгейінде. Бұл шаруашылықтар технологияға баса назар аударуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік қолдау шаралары аграрлық сектордың тұрақты дамуына үлкен ықпал етіп отыр. Ерте жеңілдетілген кредит беру бағдарламасының көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Вегетациялық кезеңде 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізіліп, бұл қажеттіліктің 56 пайызын құрады. Элиталық тұқымдардың үлесі 9,5 пайыздан 11,5 пайызға өсті. Келесі жылдан бастап фермерлерге револьверлік кредит беру тетігі қолжетімді болмақ. Бұл қаржыландыру жүйесі бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техника паркі белсенді жаңартылып жатыр. Соңғы деректерді сараласақ, техника жаңарту қарқыны 6,5 пайызға жетіп, оның тозу деңгейі екі жылда 80 пайыздан 70 пайызға дейін қысқарды.
Егіннің молдығы экспорт көлеміне де оң әсер етті. Өткен маусымда Қазақстанның астық экспорты 47 пайызға өсіп, 13,4 млн тоннаға жетті. Экспорттық субсидиялау бағдарламасы бұл бағыттағы өсімнің негізгі драйверінің бірі болды және оның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Қазақстандық астық Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтарында тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Соның ішінде Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, БАӘ, Марокко, Алжир, Мысыр елдеріне жеткізілімдер артқан. Сонымен қатар Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды. Жаңа өнімнен қазірдің өзінде 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылға қарағанда 21 пайызға жоғары.
Ауыл шаруашылығы министрі ұсынған деректер 2025 жылғы аграрлық маусымның жоғары өнімділікпен және оң құрылымдық өзгерістермен өткенін көрсетеді. Технологиялық тәртіп, қолжетімді қаржыландыру, сапалы тұқым және тыңайтқыштарды қолдану саланың тұрақты өсіміне ықпал етті. Министрлік алдағы жылдары да агротехнологияларды енгізуді және өнімділікті арттыруды басты басымдық ретінде сақтайтынын мәлімдеді. Алдағы міндет – майлы дақылдар мен көкөніс өнімдерін уақытылы жинау, дайын астықты дұрыс сақтау, жаңа маусымға сапалы тұқым әзірлеу және фермерлердің қаржылық міндеттемелерін уақытында орындауын қамтамасыз ету. Бұларсыз келесі жылы жоғары өнім алып, қамбаны толтыру мүмкін емес…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.