ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

default
Түркістан облысы соңғы жылдары Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени және туристік бастамалардың орталығына айналып келеді. Бұған дәлел – облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылға жоспарланған ірі мәдени-туристік іс-шаралар мен халықаралық жобалардың ұйымдастырылу барысының талқылануы. Жиында өңірдің мәдени әлеуетін көтеру, туризмді дамыту және ұлттық руханиятты дәріптеу бағытындағы маңызды мәселелер қарастырылды.
Әлеуметтік-мәдени жобалар – қоғамның рухани тұтастығын сақтап, жаңа буынның ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратын басты құрал. Түркістан облысы – тарихи-мәдени мұраларға бай өңір. Сондықтан мұнда өткізілетін мәдени іс-шаралар тек жергілікті халыққа емес, бүкіл елге әрі шетелдік қонақтарға да әсер етеді. Ертай Кенжебекұлы жиын барысында бұл бастамалардың тұрақты түрде өткізілуінің қажеттілігін баса айтты. Өйткені мәдени және туристік жобалардың жүйелілігі – өңірді мәдени астана ретінде нығайтуға, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан дамуына да ықпал етеді. Туризмнен түсетін табыс, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті халықтың әлеуметтік белсенділігінің артуы – осындай шаралардың нақты нәтижесі.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Облыс аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты тарихи нысандар бар. Соңғы жылдары бұл мұраларды әлемге таныту бағытында ірі халықаралық форумдар, мәдени фестивальдер мен көрмелер жиі ұйымдастырылып жүр. Жиында атап өтілгендей, республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып, өңірге келушілер ағынын көбейтіп отыр. Бұл – тек экономикалық тұрғыдан емес, Қазақстанның халықаралық мәдени имиджін қалыптастыруға да оң ықпал ететін қадам. Жиын соңында басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл әкімдік тарапынан мәдени саясатқа ерекше назар аударылып отырғанын көрсетеді. Себебі көптеген өңірде жобалар жоспарланғанымен, олардың жүзеге асырылуы барысында кешеуілдеу немесе формалды өткізу сияқты кемшіліктер байқалып жатады. Түркістандағы бұл қадам тиімді басқару мәдениетінің орнығып келе жатқанын аңғартады. Түркістан облысында қолға алынып жатқан әлеуметтік-мәдени және туристік жобалар – тек өңірдің емес, тұтас елдің рухани өміріндегі маңызды бастама. Олардың жүйелі түрде жүзеге асуы Қазақстанның мәдени бренді қалыптасуына, ұлттық құндылықтарды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.




