ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕ ҚАРЖЫ ҚҰЙҒЫСЫ КЕЛЕТІН ИНВЕСТОРЛАР САНЫ АРТУДА

Түркістан облысы шетелдік инвестицияларды тарту бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың Қатардың ең ірі инвестициялық құрылымдарының бірі «Power International Holding» компаниясының өкілдерімен ресми кездесуі өңір экономикасының даму стратегиясындағы маңызды кезең болып саналады. Бұл кездесуде энергетика, құрылыс, туризм, ойын-сауық индустриясы, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларға басымдық берілді.
Кездесу барысында аймақ басшысы Түркістан облысының артықшылықтарын кеңінен атап өтті. Ол өңірдің табиғи ресурстарға бай, индустриялық әлеуеті жоғары екенін, уран өндірісі бойынша елде көш бастап тұрғанын, ауыл шаруашылығы саласында да көшбасшы орын алатынын жеткізді. Бұл сөздер тек экономикалық деректер ғана емес, инвесторларға нақты ұсынылған артықшылықтардың көрінісі. Өйткені қазіргі жаһандық инвестициялық бәсекеде тек табиғи байлық емес, инфрақұрылымдық дайындық, мемлекеттік қолдау шаралары мен географиялық қолайлылық шешуші рөл атқарады. Түркістанның көлік-логистикалық мүмкіндіктері, халықаралық әуежайы мен заманауи теміржол және автокөлік жолдары да шетелдік әріптестер үшін аса маңызды факторлар. Нұралхан Көшеровтың сөзінде ұзақмерзімді, сенімді әрі тиімді серіктестікке басымдық берілетіні ерекше айтылады. Бұл мәлімдеме облыстың шетелдік инвесторлар үшін тек қысқа мерзімді пайда емес, тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты көздейтінін білдіреді. Бұл бағытта өңірде арнайы өндірістік және агроиндустриялық аймақтар құрылған, қажетті инженерлік желілер тартылған. Демек инвесторлардың жобаларын жүзеге асыру үшін дайын алаң бар.
«Power International Holding» өкілдері де өз кезегінде Түркістанның экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, өңірдің инвестициялық ахуалын қолайлы деп таныды. Бұл компанияның таңдауы кездейсоқ емес. «PIH» – Араб әлеміндегі ең ірі отбасылық конгломераттардың бірі. Оның құрамында 400-ден астам компания бар және бизнес бағыттары құрылыс, энергетика, денсаулық сақтау, телекоммуникация, азық-түлік өндірісін қамтиды. Мальдив аралдарынан бастап, Қатарға дейін түрлі ауқымды жобаларды жүзеге асырған бұл компания — халықаралық тәжірибесі мол, қаржылық тұрғыдан қуатты құрылым. Компанияның Қазақстандағы инвестициялық қадамдары да назар аудартады. 2025 жылдың қаңтарында «PIH» «Казахтелеком» компаниясынан Tele2/Altel брендімен белгілі «Мобайл Телеком-Сервис» АҚ үлесін сатып алып, Қазақстан телекоммуникация нарығына кірді. Бұл – инвестордың елімізге деген сенімі мен ұзақ мерзімді жоспарларының айқын дәлелі. Демек Түркістандағы келіссөздер де — жай кездесу емес, стратегиялық маңызы бар жаңа жобалардың бастамасы.
Қатар тарапынан қызығушылық танытылған салалардың әрқайсысы Түркістан облысы үшін ерекше мәнге ие. Энергетика өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, жаңа қуат көздерін дамытуға мүмкіндік береді. Құрылыс урбанизация мен инфрақұрылымдық жаңғыруды жеделдетеді. Туризм мен ойын-сауық индустриясы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін күшейтіп, шетелдік туристер легін арттыруға ықпал етеді. Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық аймақ халқы үшін сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттырады. Ал агроөнеркәсіп кешені Түркістанның ауыл шаруашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге сеп болмақ. Бұл келіссөздер Қазақстан мен Қатар арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады. Қатар – Таяу Шығыстағы ең ірі инвестициялық ойыншылардың бірі. Оның инвестициялық капиталы әлемнің көптеген елдерінде табысты жобаларға бағытталып отыр. Қазақстан үшін мұндай әріптестік — тек қаржылай салым емес, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды тарту, нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейту деген сөз.
Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастыққа ашықтығы – бұл өңірдің даму саясатының жаңа бетбұрысы. Соңғы жылдары облыс тек мәдени-рухани астана ретінде емес, инвестициялық тартымды аймақ ретінде де таныла бастады. Шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Қазақстанның жалпы инвестициялық имиджін нығайтуға ықпал етпек. Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша нақты салаларда жұмыс жүргізуге уағдаласты. Бұл уағдаластық қағаз жүзінде қалмай, нақты экономикалық нәтижелерге жеткізсе, Түркістан облысы Қазақстанның инвестициялық картасында жаңа белеске көтеріледі. Сонымен қатар Қатармен стратегиялық әріптестік екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін ашады. Осылайша, Нұралхан Көшеров пен «Power International Holding» компаниясы өкілдерінің кездесуі Түркістан облысы үшін тек инвестициялық келісім емес, өңірдің болашақтағы даму бағытын айқындайтын тарихи қадам болмақ.




