БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласындағы білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары үнемі бақылауда. Мәселен, жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы бірнеше мектеп пен балабақшалардағы құрылыс және жөндеу барысын тексеріп, сайлауалды бағдарламаның орындалу деңгейін бағалады. Бұл бастама партияның сайлау кезінде берген әлеуметтік уәделерін нақты іс жүзінде қадағалаудың бір көрінісі болып отыр.
Бақылау жұмыстары алдымен №19 Ө.Жәнібеков атындағы мектептің жаңа ғимаратында жүргізілді. 325 оқушыға арналған бұл нысанның құрылысы биыл қаңтар айында басталған. Жоспар бойынша желтоқсан айында толық аяқталуы керек еді. Алайда тексеру барысында құрылыс қарқыны төмен екені байқалып, мерзімге үлгеру күмән тудырды. Құрылыс басқармасының өкілдері мердігер ұйымға екі рет айыппұл салынғанын жеткізді. Комиссия мүшелері жағдайды бей-жай қалдыруға болмайтынын айтып, жұмысты жеделдету мен сапаны қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Алдағы күндері бұл жобаға қатысты арнайы жиын өткізу жоспарланып отыр.
Келесі нысан – 1983 жылы салынған №97 «Ақмарал» балабақшасы. 290 орынға лайықталған ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар барлық жұмыстарды жаңа оқу жылына дейін аяқтауға уәде берді. Комиссия мүшелері нысандағы жұмыс қарқынын оң бағалап, сапаның басты назарда болуы керектігін тағы да атап өтті. Бұл жоба уақытында және талапқа сай орындалуы ықтимал екенін көрсетті. «AMANAT» партиясы білім беру нысандарына айрықша мән беріп отыр. Мұндай бақылаудың мақсаты – тек тексерумен ғана шектеліп қоймай, сапалы әрі ұзақ мерзімге жарамды ғимараттарды ел игілігіне беру. Бақылау процесінде партия бір жағынан қоғам алдындағы есептілікті арттырса, екінші жағынан мердігерлердің жауапкершілігін күшейтеді. Айыппұлдар, ескертулер және ұйымдастырушылық шаралар – осы жұмыстың бір бөлігі.
Білім беру нысандары – ел болашағының кепілі. Мектептер мен балабақшалар құрылысының тек ғимарат тұрғызу ғана емес, болашақ ұрпаққа салынған инвестиция екенін ұмытпауымыз керек. Шымкенттегі бақылау нәтижелері уәделердің орындалуы тек қағаздағы жоспарлармен емес, нақты іске және сапалы нәтижеге байланысты екенін көрсетті.




