МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ

Шымкент қаласы – халық саны қарқынды өсіп жатқан еліміздің ірі мегаполистерінің бірі. Соған сәйкес, мектепке дейінгі білім беру саласына жүктелер жауапкершілік те арта түсуде. Қала халқының табиғи өсімі мен көші-қон үдерісіне байланысты балабақшаға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда Шымкент аумағында мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 634 ұйым қызмет атқаруда. Оның ішінде 71-і – мемлекеттік, ал 563-і – жекеменшік балабақшалар. Бұл деректер Шымкент қаласы білім басқармасының 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы анықтамалық ақпараты негізінде ұсынылған.

Мемлекеттік және жекеменшік секторлардың ара салмағына қарағанда, жекеменшік ұйымдардың үлесі едәуір басым. Бұл тенденция еліміздегі білім беру саласында жекеменшік бастамалардың белсенді дамып келе жатқанын аңғартады. Мемлекеттік балабақшалар санының аздығы, бір жағынан, жеке сектордың қажеттілікті өтеу арқылы мемлекеттің жүгін жеңілдетіп отырғанын көрсетеді. Дегенмен бұл жағдай мемлекеттік балабақшалар желісін кеңейту мен жаңғырту қажеттілігін жоққа шығармайды. Қазіргі таңда мемлекеттік №97 «Ақмарал» балабақшасында сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысан 1983 жылы салынған және бүгінгі күнге дейін мыңдаған бүлдіршінді тәрбиелеп келеді. Аталған абаттандыру жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Жобаның құны – 349 млн теңге. Бұл тек бір балабақшаға бағытталған қаражат болғанымен, оның аясында балабақшаның ауласы, ойын алаңдары, көгалдандыру мен қауіпсіздік элементтері жаңартылып, балалардың жайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік жасалмақ.
Сондай-ақ Шымкенттегі барлық мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда ағымдағы жөндеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл шаралар ғимараттардың тозу деңгейін төмендету, санитарлық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау мақсатында қолға алынған. Жөндеу жұмыстары әр балабақшаның нақты қажеттілігіне қарай жүргізіледі және оларға бөлінген қаржы көлемі әртүрлі болуы мүмкін. 71 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда жалпы саны 19 225 бала тәрбиеленуде. Бұл мәлімет балабақшаларға бөлінген топтар саны мен балалардың жас ерекшеліктеріне негізделген нормативтерге сәйкес есептеледі. Мемлекеттік балабақшалардың ішінде 64 жалпы бағыттағы балабақшада – 15 869 бала, ал 7 арнаулы мекемеде – 780 бала тәрбиеленуде. Арнаулы мекемелерде, негізінен, ерекше білім беру қажеттілігі бар немесе арнайы педагогикалық қолдауды қажет ететін балалар оқытылады.
Бұл көрсеткіштер қаладағы мектепке дейінгі білім берудің белгілі бір деңгейде жүйелі ұйымдастырылып отырғанын байқатады. Алайда бала санының жылдан-жылға өсуі бұл жүйені үнемі жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі таңда орын тапшылығы – өзекті мәселе. Әсіресе, қаланың жаңа шағынаудандарында балабақшаға деген сұраныс артқан. Осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану арқылы жаңа балабақшалар ашу, бұрынғы нысандарды қайта бейімдеу жұмыстары маңызды болып отыр. Жекеменшік балабақшалардың көпшілігі стандартты бағдарламалармен жұмыс істейді, алайда олардың арасында қосымша қызметтер ұсынатын, авторлық әдістемелерге негізделген орталықтар да бар. Бұл әртүрлілік ата-аналарға балалары үшін таңдау мүмкіндігін береді. Алайда сапа мәселесі кейбір жекеменшік ұйымдарда әлі де назар аударуды қажет етеді. Сондықтан мемлекеттік бақылау мен лицензиялау үдерісі қатаң әрі жүйелі жүргізілуі керек.
Қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру мақсатында бірнеше бағытта жұмыс атқарып келеді. Олардың қатарында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, цифрлық технологияларды қолдану, сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері бар. Әсіресе, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнаулы балабақшалар мен топтардың дамуы – заманауи білім беру жүйесінің маңызды бір тармағы. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан 19 мыңнан астам баланың сапалы білім мен тәрбие алуына қажетті жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Балабақшадағы тәрбие – баланың тұлға ретінде қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Бұл кезеңде қалыптасатын құндылықтар мен дағдылар баланың мектептегі, кейінгі өміріндегі жетістіктеріне тікелей әсер етеді.
Шымкент қаласы әкімдігі мен білім басқармасы алдағы уақытта да мектепке дейінгі ұйымдардың инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа балабақшалар ашу және қолжетімділікті арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырмақ. Бұл тұрғыда, демографиялық және урбанистік факторлар ескеріле отырып, аудандар мен тұрғын алаптардағы нақты қажеттіліктерді зерттеу маңызды болмақ. Қорытындылай келе, Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі қазіргі таңда кең ауқымды әрі серпінді дамып келеді. Мемлекеттік және жекеменшік сектор арасындағы тепе-теңдік, инфрақұрылымды жаңарту, педагогтардың кәсіби өсуі, инклюзивті білім беру мен цифрлық шешімдерді енгізу – бұл саланың болашағына салынған инвестиция. Мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті – әрбір баланың мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтылуын қамтамасыз ету, өйткені бұл – ұлт болашағының негізі.