АНАЛАР КЕҢЕСІ АТҚАРЫП ЖАТҚАН ШАРУАЛАРДЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

Ана – бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі. Ол ұрпақ тәрбиелеп, ұлт болашағын қалыптастырады. Ана – мейірімнің, ізгіліктің, даналықтың символы. Оның қоғамдағы рөлі орасан зор, себебі әрбір азамат ең алдымен ананың тәрбиесін алады. Ана — баланың алғашқы ұстазы. Ол сәбидің бойына имандылықты, адамгершілікті, еңбекқорлықты дарытады. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген бала кейін өз отбасына, Отанына адал қызмет етеді. Демек ананың қоғамдағы рөлі ұрпақ тәрбиесі арқылы анықталады.

Осы орайда, 11 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан негізі қаланған Аналар кеңесі — бүгінде ел аумағында мыңдаған аналардың басын бір арнаға тоғыстырған ірі қоғамдық құрылым. Негізгі міндеті – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етуді көздеген кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу, отбасылық құндылықтарды тарату жөніндегі шараларды жүзеге асыруға өз деңгейінде атсалысып келеді. Бүгінде Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 60 мүшесі бар. Жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сай, кеңес мүшелері қала аумағында өткен бірқатар қоғамдық-көпшілік іс-шаралар мен білім ордаларындағы тәрбие сағаттарына қатысып, жас буынның тәлім-тәрбиесіне бағытталған тақырыптық іс-шаралар мен жобалардың іске асуына жұмылдырылды. Кездесулерде жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелеу әрбір ата-анаға жүктелген абыройлы әрі мерейлі міндет екені айтылды.
Ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар институтының айрықша мәнге ие екендігі түсіндіріліп, білім беру ұйымдарының әлеуетімен жас ұрпақ бойына жаман кеселдер туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру – жас буынды жағымсыз әдеттерден ерте бастан іргесін аулақ салуға әсер ететіні баяндалды. Былтырғы 3-інші құрылтайда Мемлекет басшысы Ассамблея мен оның жанында әрекет ететін қоғамдық құрылымдар атқаратын жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап берді. Соның ішінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде Ассамблея маңызды рөл атқарып келеді. Президенттің осы тапсырмасын бүгінде Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар мен Аналар кеңесі жан-жақты қарастырып, семинарлар, түрлі ортада практикалық жиындар, басқосулар ұйымдастыру бойынша арнайы жоспар түзіп, тақырыптық іс-шаралар кестесін әзірледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы 5 кеселдің алдын алу мақсатында «Салауатты сана», «Адал азамат» деп аталатын жобаларды жүзеге асырды. Әлеуметтік кеселдердің зияндылығын қоғамға, әсіресе жас буынға тәпіштеп түсіндіруді мақсат тұтқан жоба аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары білім беру мекемелері мен ассамблея алаңында, шағынаудандарда ұйымдастырылған кесдесулер мен талқылауларда айтылып, жас буынға соның ішінде этнос жастарына әлеуметтік кеселдердің түбі орға жығатыны кеңінен түсіндірілді.