ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ АЙТУЛЫ ШАРА ӨТТІ

Тұтастық – тұрақтылық негізі. Елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың маңызы зор, міндеті айрықша. Өйткені Қазақстанда ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Мұндай маңызды межеге қол жеткізуде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары. Биыл аталған институтқа 30 жыл толып отыр. Осы орайда, Шымкентте бейбітшілікті, келісім мен халықтар арасындағы достықты дәріптейтін еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі — Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Бірлігіміз жарасқан» атты салтанатты жиында тұрғындарды құттықтап, ұлттық бірлікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті. «Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тарихи дәстүр бірлік пен келісімге ұмтылу әрқашан халқымыздың басты құндылықтарының бірі болғанын көрсетеді. Бұл мереке әр шаңыраққа ынтымақ пен бірлік, жылулық әкелсін!» деді Ғабит Сыздықбеков. Сондай-ақ бүгінде Қазақстан тұрақтылық пен этносаралық келісімнің үлгісіне айналғанын, ал Шымкент — жүзден астам ұлт өкілдері құрмет пен достық атмосферасында өмір сүретін қала екенін атап өтті.
Іс-шара аясында мегаполис басшысы этномәдени бірлестіктердің қолөнер көрмесімен, жас кәсіпкерлердің жобаларымен танысты. Сондай-ақ ол қаланың дамуына, этносаралық үйлесімділікті нығайтуға және экономикалық өркендеуге елеулі үлес қосқан азаматтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті. Шығармашылық ұжымдар мен этномәдени бірлестік өкілдері ұлттық салт-дәстүрлер мен өнерді ұлықтап, мерекені айшықтай түсті. Сондай-ақ қала әкімі Шымкент алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімнің тірегі, тату көршілік пен рухани бірліктің үздік дәстүрлері сақталатын құтты мекен болатынына сенім білдірді.