ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 370 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА 1-СЫНЫПҚА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Қазақстан халқының саны тұрақты түрде өсіп келеді. 2024 жылғы деректерге сәйкес, ел халқы 20 миллионнан асты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары туу көрсеткішінің төмендеуі мен эмиграция әсерінен халық саны баяу өссе, кейінгі жылдары туу деңгейінің артуы және көші-қон үдерістерінің өзгеруі оң ықпал етті. Осы орайда, елімізде жыл сайын мектепке баратын балалардың санында өсім байқалады.
Жалпы құжаттарды бірінші сыныпқа қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінен 31 тамызына дейін жалғасады. Жаңа оқу жылында 370 мыңнан астам қазақстандық бала мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланған. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің ақпараты бойынша, ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-аналардың өтініші бойынша қабылданады. Құжаттарды eGov mobile қосымшасы мен электронды үкімет порталы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде — тікелей мектептерде тапсыруға болады. Ол үшін барлық мектепте қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. ҚР ЦДИАӨМ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметінше, биыл eGov порталында құжат тапсыру рәсімі жеңілдетілген.
Енді ата-аналарға медициналық анықтамаларды қолмен жүктеудің қажеті жоқ – «Бала денсаулығы паспорты» мен «Профилактикалық екпе картасындағы» мәліметтер автоматты түрде алынады. Егер медициналық анықтамалар жүйеде болмаса, олардың скан-көшірмелерін жүктеуге болады. Сондай-ақ өтініштің мәртебесін қарау және оны бір батырмамен кері қайтару мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, өтініштер мереке және демалыс күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Сұраныс жіберілгеннен кейін өтінішті қарау мерзімі – 1 жұмыс күні.