ШЫМКЕНТ: ҚАЛА БЮДЖЕТІНІҢ КӨЛЕМІ 43,6 МЛРД ТЕҢГЕГЕ АРТТЫ

Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі және ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Соңғы жылдары бұл қалада экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаларда айтарлықтай өзгерістер орын алды. Ең алдымен, құрылыс саласы қарқынды дамуда. Жаңа тұрғын үй кешендері, заманауи бизнес-орталықтар мен демалыс орындары бой көтеруде. Қалада жолдар жөнделіп, қоғамдық көлік жүйесі жаңартылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып, қаланың тартымдылығын күшейтеді.

Сонымен қатар, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік салалары да жоғары қарқынмен дамып келеді. Шымкент – еліміздегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі. Мұнда мұнай өңдеу зауыттары, фармацевтикалық компаниялар мен азық-түлік өндірісі белсенді жұмыс істейді. Кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілуде. Қаланың білім және медицина салалары да даму үстінде. Жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, университеттер мен колледждер студенттерге сапалы білім беруге бағытталған. Денсаулық сақтау саласында заманауи ауруханалар мен медициналық орталықтар салынуда, бұл халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Туризм мен мәдениет саласында да оң өзгерістер байқалады. Шымкент өзінің тарихи орындары, ұлттық мәдениеті мен дәмді тағамдарымен туристерді қызықтырады. Қалада түрлі фестивальдер мен іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, оның туристік әлеуеті артып келеді.
Жоғарыда біз сөз еткен бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғаспақ. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезекті сессиясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды. Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті нақтыланды. Қаржыны салаларға бағыттау барысында өзекті мәселелерді шешуге және маңызды жобаларға басымдық берілді. Жалпы нақтылау нәтижесінде, қала бюджетінің көлемі 806 млрд теңгеден 850 млрд теңгеге дейін артты. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есеп тыңдалып, инфрақұрылымды дамытудың кешенді шаралары мен денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар талқыланды. Сессияда «Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды. Бұл баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Осы орайда, жиын барысында «Бүгін өздеріңізбен бірге маңызды мәселелерді қарап шықтық. Қала бюджетінің көлемі 43,6 млрд теңгеге артты. Қаржы мақсатты, өз орнымен, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын болады» деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. Сессияны қорытындылаған қала басшысы маңызды шешімдерді жүзеге асыруға қолдау көрсеткен депутаттық корпусқа алғысын білдірді.