КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ҚАРАЛДЫ

Жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына үлкен кедергі келтіретін қауіпті құбылыс. Ол қоғамның барлық саласына әсер етіп, әділеттілікті бұзады, экономиканы әлсіретеді және халықтың билікке деген сенімін жояды. Жемқорлықтың ең зиянды тұстарының бірі – әділдік пен теңдіктің бұзылуы. Лауазымды тұлғалардың жеке пайдасы үшін заңды бұзуы қарапайым азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіреді. Мысалы, жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметтерді алу немесе сот әділдігі мәселелерінде пара беру мен алудың орын алуы әлеуметтік теңсіздікке әкеледі.
Сонымен қатар, экономикаға тигізетін әсері де зор. Жемқорлықтың кесірінен бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалады, инвестициялар азаяды, ал шағын және орта бизнес дамуға қажетті қолдауды ала алмайды. Бұл экономикалық өсімді тежеп, елдің жалпы әл-ауқатын төмендетеді. Жемқорлықтың алдын алу үшін қатаң заңдар қабылданып, оларды орындау қадағалануы тиіс. Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Егер әрбір азамат әділдік пен тазалықты ұстанса, қоғамда жемқорлық деңгейі төмендейді. Жемқорлық – тек билік пен заң органдарының ғана емес, әрбір азаматтың мәселесі. Сондықтан оған қарсы күресу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әділдік пен тазалық орнаған жерде ғана мемлекет гүлденіп, болашақ ұрпақ үшін жарқын келешек қалыптасады. Жасыратыны жоқ, аталған тақырыпты сөз еткенде Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды айналып өте алмасымыз анық. Соңғы жылдары қалада аталған мәселемен күрес шаралары қарқын алды. Бұл бағыттағы шаралар тоқтап қалмақ емес. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысына аумақтық құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары мен аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінде білім беру саласындағы процестерді цифрландыру мәселесі және жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жүргізілген мониторинг нәтижелері талқыланды.
Қала әкімі жауаптыларға білім беру саласындағы процестерді цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жер қатынастарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша бірнеше ұсыныстар талқыланып, маңызды шешімдер пысықталды. Қала басшысы профилактикалық шараларды күшейтіп, ұдайы тәжірибе алмасу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жоюда нақты тапсырмалар берді.