ҚАЗАҚСТАН АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫН САЛУҒА ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

Әзірге елімізде атом электр стансасын салуға қаржының қандай көзден алынатыны нақты белгісіз. Дегенмен Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов бірнеше әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.
Сөзінше, алдымен жеткізуші анықталады, содан кейін жоба құрылымы дайындалады. Содан соң жобаның өзі, оған қолданылатын технологиялар мен оның құны бойынша нақтылау жұмыстары жүргізіледі. Әзірге бұл мәселелер ашық күйде қалып отыр, нақты шешім қабылданған жоқ. Шешімдер белгілі болғанда, қаржыландыру қандай қаражат есебінен жүргізілетіні анықталады. Вице-министрдің мәлімдеуінше, АЭС құрылысына шетелдік жабдықты пайдаланған жағдайда экспорттық-несиелік агенттіктер арқылы несие қарастырылуы мүмкін. Мысалы, Қытайдан жабдық сатып алса, оны қаржыландырумен Қытайдың «Эксимбанкі» айналысады, Германияда «Гермес» агенттігі, ал АҚШ-та «Эксимбанк» бар. Олар әлеуетті қаржыландыру көзі бола алады. Сонымен қатар, халықаралық даму институттары да қаржыландыруды қамтамасыз ететін ықтимал көзі ретінде қарастырылады. Жалпы әлемдік тәжірибеде электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобалар тәуекелі төмен саналады. Мұнда қаржының табылатынына және оның тиімді шартпен ұсынылатынына ешқандай күмән жоқ.
Айта кетейік, қазіргі заманғы энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз етудің маңызды жолдарының бірі – атом электр станциясы. АЭС – экологиялық таза, экономикалық тиімді және энергия көздерінің тұрақты түрі. Біріншіден, АЭС көмір, мұнай және газ сияқты дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда парниктік газдарды аз бөледі. Яғни, ауаға көмірқышқыл газының шығарындылары азайып, климаттың өзгеруіне кері әсері төмендейді. Бұл экологияны қорғауға ықпал етеді. Екіншіден, АЭС тұрақты және мол энергия өндіреді. Бір ғана ядролық реактордан алынатын энергия көлемі көмір немесе газ станцияларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, ядролық отын ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарамды, ал оның қоры көмір мен мұнайға қарағанда әлдеқайда ұзаққа жетеді. Үшіншіден, АЭС-тің экономикалық тиімділігі жоғары. Атом электр станциялары бастапқыда қымбатқа түскенімен, олар ұзақ мерзімді перспективада арзан әрі тұрақты энергия көзіне айналады. Бұл әсіресе дамушы елдер үшін энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.