ТӘУЕЛДІЛІК САН СОҚТЫРЫП ЖҮРМЕСІН ДЕСЕК…

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар дамып, адамдардың күнделікті өмір сүру дағдылары түбегейлі өзгерді. Тиісінше сан алуан мүмкіндіктер пайда болды. Оның қатарында онлайн білім алу, қашықтан жұмыс істеу, сауда-саттық жасау, қаржы аудару және тағы басқа да игіліктер бар. Алайда осы орасан зор игіліктермен қатар, интернет пен технология дамуынан туындаған жаңа қатерлер де көп. Соның бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға деген патологиялық тәуелділік. Лудомания – қоғамның әртүрлі топтарына әсер ететін дерт. Дегенмен лудоманияның өзектілігі жас ұрпақ, жастар арасында ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені жас кезде адамның тұлғалық тұрғыдан қалыптасуы, әлеуетін дамытып, жарқын болашаққа ұмтылуы қажет болса, құмар ойындар бұл процесті бұзып, жастың уақытын, күш-қуатын, қаржысын құрдымға жіберіп, өмір жолын шайқалтып жібереді.

Медициналық кітаптарда «лудомания» термині құмар ойындарға деген патологиялық тәуелділік ретінде сипатталады. Яғни, адам басында ақшалай табыс табуға, уақытты көңілді өткізуге қалауы бойынша бірнеше мәрте ғана ойнап көреді. Дегенмен бұл қызығушылық уақыт өте келе құмарлыққа, ал құмарлық асқынып, нағыз психикалық тәуелділікке айналады. Лудоманияның белгілері мыналар – қайта-қайта ойнауға деген шамадан тыс ынта, жеңілістен кейін шығынды қайтаруға деген талпыныс, ойынға жұмсалған уақыт пен ақша мөлшерін жасырын ұстау, қарыз алу, жеке заттарын немесе отбасының мүлкін сату арқылы қаржы табу, қоғамнан, отбасынан оқшаулану, мінез-құлқының өзгеруі, ұдайы стресс, депрессия, ашушаңдық. Бұл белгілер тек ересектерде емес, жастарда да белең ала бастады. Тіпті, мектеп жасындағы жеткіншектер үшін де ғаламторда құмар ойынға ұқсас платформалар көп. Мысалы, компьютерлік ойын ішіндегі қымбат «скиндерді» сатып алу, букмекерлік кеңселер арқылы жасалатын ставкалар, виртуалды ұтыс жүйелері — бәрі де лудоманияға апаратын төте жол. Бұрын адамдар құмар ойындарға қатысу үшін арнайы ойынханаға немесе букмекерлік кеңсеге баруға мәжбүр еді. Ал қазіргі уақытта смартфонға бір-ақ рет қосымша жүктеу арқылы немесе сайтқа кіріп, банк картасын байлау арқылы кез келген жерде бәс тіге салуға болады. Оның үстіне жастардың ақпараттық технологияны жетік меңгергендігі – осы тәуекелді екі есе арттырады. Жасөспірімдер мен студенттер көп жағдайда қаржылық білімді толық меңгере қоймаған. Соның салдарынан «сәттілік серік болса, қомақты ақша ұтып алуға болады» деген алдамшы үміт жетелейді. Кейбірі «колледж бітіргенше, университетте оқып жүргенше оңай жолмен көп қаржы тауып, ауқатты өмір сүрсем» деген арманға беріледі. Десе де мұндай «ақша табудың» нәтижесінде үлкен шығынға, қарызға бату жиі кездеседі. Жастық шақ эмоцияға толы кезең екені анық. Осы уақытта адамда қызығушылықтың тез ауысуы, құндылықтардың толық қалыптаса қоймауы, өзін-өзі тануға деген ұмтылыстың артуы секілді өзгерістер болады. Егер отбасында, достар ортасында немесе оқу орнында жасөспірімді қолдайтын, бағыт-бағдар беретін орта болмаса, ол жалғыздыққа ұшырайды. Мұндайда көңіл күйін көтеріп, уақытын қызықты өткізу үшін немесе ішкі күйзелістен қашу үшін құмар ойындарға жүгіну ықтималдығы жоғары. Қаржылық сауаттылық – кез келген адамның тәуелсіз, қауіп-қатерден сақтанған, ақылға қонымды шешім шығара алатын тұлға болуына көмектесетін маңызды фактор. Бала кезден бері ақшаның құнын, несие алу тәуекелдерін, қаржыны дұрыс басқару қағидаларын үйренбеген жас тез алданады, оңай олжаға елігіп кетеді.
Осы орайда, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының білім бөліміне қарасты «Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-не «Бәйдібек аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық ұйымының» төрайымы Н.Қырықбаева, ішкі саясат бөлімінің маманы Б.Едіге келіп, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен жастар, мұғалімдер, мектеп оқушыларының қатысуымен «Салауатты сана» жобасы аясында «Сыбайластыққа жол жоқ» тақырыбында кездесу өткізді. Жиын мақсаты — қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кездесіп жатқан бес індет — нашақорлықпен, зорлық-зомбылықпен, вандализммен, лудоманиямен, ысырапшылдықпен күреске үлес қосу. Мамандардың сөзінше, жастық шақ – адамның тұлғалық дамуына, кәсіби біліктілікке ие болуына, ғылым мен өнерге, спортқа бет бұруына ең қолайлы кезең. Өкінішке қарай, құмар ойындарға байланып қалған жас сол мүмкіндіктердің бәрін ысырып қойып, виртуалды ставкалар мен ұтыс жүйелерінің соңынан кетеді. Нәтижесінде, жіберілген уақыт еселеніп келешекте орны толмайтын өкінішке ұласуы мүмкін. Лудоманияға шалдыққан адам бар ақшасын, тіпті қарызға, несиеге алған қаражатын да ойынға салып жіберетін жағдайлар кездеседі. Жас отбасын құрғандар болса, олардың күнделікті тұрмысына қажетті қаржысы далаға кетеді. Қарыздан-қарызға кіріп, үлкен дағдарысқа ұшырайды. Осының бәрі ұрыс-керіске, ажырасуға, тіпті қылмыстық әрекеттерге апарып соқтыруы ықтимал. Үнемі ұтыламын ба, ұтамын ба деп күйзеліске түсу – адамның жүйкесін әлсіретеді. Адамның ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасында кикілжіңдер көбейеді. Көп ойыншы сонымен қатар ішімдік пен темекіге немесе тіпті есірткіге әуестеніп, ауыр дертке шалдығуы да мүмкін. Жастар арасында дос, жақын адамдармен араласу өте маңызды. Ал лудоманияға салынып, тәуліктің көп бөлігін ойынға арнаған жас біртіндеп оқшауланады. Достары мен туыстарының шақыруларынан қашқақтап, қоғамнан алшақтайды. Әлеуметтік оқшаулану – адам психикасына кері әсер етіп, әдепкі өмір салтына қайта оралуды қиындата түседі.
Лудоманияның қауіптілігі соншалық, оның салдары тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға кері әсер ететіндігінде. Сондықтан оны болдырмаудың немесе ерте кезеңде анықтап, емдеудің түрлі жолдары бар. Алайда ең бастысы – алдын алу жұмыстары. Мемлекет тарапынан құмар ойын бизнесіне қатаң бақылау, заңнамалық шектеулер орнату – маңызды қадам. Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігуді реттейтін арнайы заңдар бар. Дегенмен интернет пен цифрлық технология дамыған сайын, бұл салада да жаңа тетіктер енгізілуі тиіс. Мәселен, онлайн құмар ойын сайттарына жасөспірімдердің кіруін шектейтін жүйелер, жас ерекшелігін растау механизмдері міндеттелуі керек. Ойын бизнесіне қатысты жарнамаларды азайту не мүлдем шектеу, әсіресе жастардың дені көп пайдаланатын әлеуметтік желілер мен сайттарда мұқият сүзгілеу қажет. Заңсыз ойын бизнесімен айналысатын ұйымдарды анықтау үшін киберполиция қызметін жетілдіру, халықаралық деңгейде де ынтымақтаса жұмыс істеу маңызды. Мектеп жасынан бастап, оқушыларға қаржылық сауаттылықтың негіздерін үйрететін пәндерді, арнайы курс немесе электив сағаттарды енгізу керек. Онда оқушылар ақша айналымының, банк жүйесінің негізгі қағидаларын, несие алу тәуекелдерін, қаржы жинақтаудың артықшылықтарын және құмар ойындардың зиянын ұғынуы тиіс. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да әлеуметтік пәндер, психология және құқық негіздері аясында лудомания тақырыбы ашық талқыланып, нақты статистика мен мысалдар ұсынылса, оның алдын алуға мүмкіндік көбейеді. Бұл жерде жастарға тек теорияны емес, өмірден алынған нақты жағдайларды, тәжірибелік жаттығуларды да көрсету тиімді. Жастың тәрбиесі ең алдымен отбасында басталады. Ата-ана мен баланың арасындағы өзара сенім мен түсіністік қандай деңгейде болса, соған орай жасөспірімнің сыртқы қауіпті әсерлерден қорғаныс қабілеті қалыптасады. Осы орайда, ата-ана баласына қаржылық сауаттылықты үйретіп, ақша тапқан кезде адал еңбекпен тапқанның маңызы зор екенін түсіндіруі керек. Отбасы мүшелері бірге уақыт өткізіп, баланың қызығушылығын үнемі назарда ұстағаны жөн. Егер ата-ана өзі де букмекерлік кеңселерге баратын, не құмар ойынға жақын болса, бала сол үлгіні көріп өседі. Сондықтан ең алдымен ата-ана өзін-өзі тәртіпке шақыруы қажет. Ата-анаға баласының мінез-құлқында кенеттен өзгеріс байқалса, дер кезінде психолог немесе басқа да мамандарға жүгіну керек. Үкіметтік емес ұйымдар мен ерікті жастар ұйымдары лудоманияға қарсы күресте үлкен күшке ие. Олар мектептер мен ЖОО-ларда, жастар орталықтарында ақпараттық жиындар, семинарлар, тренингтер өткізіп, зиянды әдеттердің алдын алады. Сондай-ақ нақты лудоманияға шалдыққан жастарға психологиялық көмек, қолдау көрсететін орталықтар ашу да – осы ұйымдардың қызметінің бір бөлігі.
Лудомания – тек адамның құмарлығы ғана емес, медициналық тұрғыда тәуелділік ретінде қарастырылатын дерт. Сондықтан кей жағдайда адамға кәсіби психотерапевт, психолог, психиатрдың араласуы қажет болуы мүмкін. Ата-ана, ұстаз немесе достары лудомания белгілерін байқаса, дер кезінде маманға жүгінгені дұрыс. Психотерапия – адамның ішкі мәселелерін шешуге, өзін-өзі тануына және проблемалық мінез-құлық механизмдерін өзгертуге көмектеседі. Топтық психологиялық қолдау сеанстары, «анонимді құмар ойыншылар» клубтары да нәтижелі болуы ықтимал. Емдеу үрдісі ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ жүйелі түрде, тұрақты көмек алу – адамның өмірін түбегейлі өзгертеді. Лудоманияның зиянын насихаттау үшін түрлі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, теледидар мен радиода арнайы бейнероликтер, мақалалар, бағдарламалар көбейгені жөн. Блогерлер мен танымал тұлғалардың, спортшылар мен өнер жұлдыздарының лудоманияға қарсы сөз сөйлеуі де қоғамда үлкен резонанс тудырады. Жасөспірімдер мен студенттерге қаржылық білім беру – лудоманияның алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ақшаның құнын білу, бюджетті жоспарлауды үйрену, инвестициялау негіздерімен танысу, ең бастысы – еңбектің маңызын түсіну жас адамды жеңіл ақшаға құмартудан сақтайды. Осы тұрғыда мектепте де, ЖОО-да да, қосымша курстарда да жастарға қаржылық сауаттылықты тереңдетіп оқытса артықтық етпейді. Спорт секциялары, өнер үйірмелері, ғылыми жобаларға қатысу – мұның бәрі де жастардың бос уақытын пайдалы істерге жұмсауына жағдай жасайды. Денсаулығы мықты, рухы биік жасөспірімдер компьютерге, телефонға тәуелді болмай, шынайы өмірден ләззат ала алады. Мұндай қызықты, мағыналы істер лудоманияның алдын ғана алмайды, сонымен қатар адамның бойында лидерлік қасиеттерді, табандылықты дамытады. Жастарға қиындық туындағанда қайда барып, кімнен көмек сұрауға болатынын көрсету – өте маңызды. Бұл ата-ананың, ұстаздың міндеті ғана емес, мектепте немесе университетте арнайы психолог кабинеттерін, сенім телефондары мен онлайн чаттарды ұйымдастыру да қажет. Қоғамдық ұйымдар мен ерікті топтар да түрлі кездесулер өткізіп, жастарға қолдау көрсетсе, олар өз мәселесімен жалғыз қалмай, дер кезінде шешуге мүмкіндік табады.
Жасөспірімдер мен жастар арасында «менің өміріме өзім жауаптымын» деген түсінікті қалыптастыру – тәрбиенің басты мақсатының бірі. Әркім өз мүмкіндігін, қабілетін уақытында танып, оған сәйкес әрекеттер жасаса, құмар ойындардың жарнамасы немесе достарының ықпалы оған әсер ете алмайды. Жауапкершілігі жоғары жастар тәуекел мен зиянды салдарды алдын ала сараптап, шешім қабылдайды. Ата-аналар мен оқу орындары ақпараттық технологияны жастарға толықтай тыйым салмай-ақ, оны қауіпсіз пайдалануды үйретулері керек. Арнайы фильтрлер, «ата-ана бақылауы» жүйелері орнатылса, балалардың құмар ойын сайттарына немесе зиянды контентке кіруі шектеледі. Сонымен қатар, мобильді құрылғыларда да уақыттық шектеулерді пайдалану – тиімді тәсілдердің бірі. Көптеген мемлекеттер лудоманияға қарсы заңнамалық шараларды қолға алып келеді. Мысалы, кейбір елдерде құмар ойын сайттарын реттеу немесе тіпті толығымен бұғаттау жүйесі іске қосылған. Жапония сияқты дамыған елдерде жасөспірімдердің ойын залдарына кіруіне қатаң шектеу қойылған, ал онлайн ойындарға кешкі және түнгі уақытта шектеу салынады. АҚШ-та да кейбір штаттар құмар ойындарға тыйым салса, басқа штаттарда оларды заңдастырып, қатаң бақылау мен салық салу арқылы реттеп отырады. Еуропа елдерінде де онлайн құмар ойындарды лицензиялау мен жарнамасын шектеу белсенді жүргізілуде. Қазақстан үшін де халықаралық тәжірибеге сүйеніп, жергілікті менталитет пен ерекшеліктерді ескере отырып, кешенді заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды жақсартып отыру қажеттілігі туындайды.
Қазақ қоғамында «Еңбек етсең – емерсің» деген дана сөз бар. Бұл – маңызды қағида. Шынайы еңбектің арқасында ғана адам өмірден орнын тауып, қоғамға пайдасын тигізе алады. Лудомания сияқты тәуелділікке түскен жан өз болашағынан айырылуы мүмкін, себебі ол уақытын, күш-қуатын, арманын құмар ойындардың «виртуалды тұзағына» байлап қояды. Ал бұл дерттен айығудың жолдары да бар, ол үшін ең әуелі адамның ниеті, жанашыр ортасы және дұрыс бағыт беретін қоғам қажет. Жастарды дұрыс жолдан тайдырмау үшін, мемлекет, отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық институттар бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Нәтижесінде, өсіп келе жатқан ұрпақ адал еңбектің қадірін сезіне біледі, қаржылық сауатты меңгереді, өмірлік мақсаттарын дұрыс жолмен жүзеге асыруға дағдыланады. «Жастарды лудоманиядан сақтандыру – баршамыздың міндетіміз» деп ұрандату бекер емес. Қоғамның болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Ел ертеңін қалыптастыратын жас буын рухани, моральдық, психикалық жағынан сау болуы тиіс. Құмар ойындардың шырмауына түскен жасөспірім құндылықтарынан айрылып, өз мүмкіндіктерін жоғалтып, қиындыққа тап болады. Сондықтан алдын алу жұмыстарын жан-жақты әрі үздіксіз жүргізу – аса маңызды қадам. Жеке тұлға, отбасы, мектеп, жоғары оқу орны, мемлекет, БАҚ және қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақты іс-қимыл ғана лудоманияның жолын кесіп, жастарды сақтап қала алады. Бұл жолда әрбір адам өзінің үлесін қоса алады және қоса алуы тиіс. Жастарымыз аман-есен, жарқын болашаққа ұмтылып, өз қабілеттерін дұрыс бағытта аша білсе, еліміздің де келешегі нұрлы болмақ. Біз бірге әрекет етсек, лудомания сияқты қауіпті дертті жеңе аламыз. Ұрпақтың санасы сау, білімі терең, рухы биік болса, елдің еңсесі биік болмақ. Ендеше, «Жастарды лудоманиядан сақтандыру – баршамыздың міндетіміз» деген ұран әрқайсымыздың жүрегімізде жаңғырып тұрсын!