ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Соңғы уақытта қоғамдағы ақпараттық-технологиялық өзгерістер жасөспірімдер өміріне де тікелей әсер етіп келеді. Ойын индустриясының қарқынды дамуы, интернет пен гаджеттердің қолжетімділігі оқушылар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік мәселесін туындатуда. Лудомания – психологиялық ауытқу, ойынға шектен тыс беріліп кету салдарынан бала өз уақытын, қаржысын босқа жұмсап қана қоймай, рухани-моральдық құлдырауға да ұшырауы мүмкін. Осыған орай, оқушылар арасында лудоманияның алдын алу және онымен күресу – бүгінгі таңдағы өзекті міндеттердің бірі.
Осы орайда, Түркістан облысы, Шардара ауданының білім бөліміне қарасты «Қызылқұм жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 5-7, 8-11 сыныптар арасында қыздар жиналысы өткізілді. Жиналыс барысында директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ақтолқын Байтуғанова буллинг, кибербуллинг, лудомания, зорлық-зомбылық, вейп, нашақорлық, діни экстремизм сияқты қоғамда болып жатқан мәселелердің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын мақсаты — қыздарға лудомания ұғымына түсінік беру, құмар ойындардың зиянды жақтарын және олардың қоғамға кері әсерін талқылау, жастарды теріс қылықтарға әуестенбеуге шақыру, «буллинг» сөзінің мағынасын ашып, оны нақты мысалдар арқылы көрсету, қыздар арасындағы бірін-бірі қорлау, мазақтау жағдайларының алдын алу. Ұстаздың сөзінше, лудомания – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік. Бұл тек ересектерге қатысты деп ойлау қате. Қазіргі таңда түрлі гаджеттер арқылы оқушылар да әртүрлі құмар ойындарға еркін кіре алады. Жасөспірімдер әдетте эмоционалды, қызығушылығы жоғары болғандықтан, виртуалды әлемнің әсеріне тез беріледі. Лудоманияның салдарынан баланың оқу үлгерімі төмендейді. Әлеуметтік ортадан оқшаулану, достарынан алыстау орын алады. Психологиялық күйзеліске түсу, ашуланшақ болу қаупі артады. Қаржылық шығынға ұшырайды, кейде қарызға батып, отбасының берекесін кетіреді.
Оқушылар арасындағы лудоманияның негізгі белгілеріне келсек, уақытты тиімді пайдалана алмайды. Оқушы көп уақытын телефонда немесе компьютерде ойындарға арнап, сабаққа немқұрайды қарайды. Өтірік айту мен жауапкершіліктен жалтару жиілейді. Бала ата-анасына, мұғалімдеріне сабақ оқып отырмын немесе басқа пайдалы іспен айналысып отырмын деп алдауы мүмкін. Ашушаңдық, агрессия көрініс бере бастайды. Ойыннан ұтылса, көңіл-күйі күрт бұзылып, айналасындағылармен жиі ұрысады. Бұрын музыкаға, спортқа, сурет салуға қызыққан бала аяқ астынан сол қызығушылықтарынан қол үзіп, тек ойынға ғана назар аударады. Мұғалімдер не ата-ана баланың ақшаны қайда жұмсағанын түсінбей жатады, кейде сыныптастарынан қарыз сұрай бастайды. Оқушылар арасындағы лудоманияны тоқтатудың бірден-бір жолы – отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен кешенді шараларды ұйымдастыруы. Сондықтан баланың ақшаға қатысты түсінігін қалыптастыру өте маңызды. Отбасында ақша қалай табылатынын, оның құны мен еңбектің маңызын түсіндіріп, жеңіл жолмен байып кету деген түсініктің жалған екенін көрсету керек. Ата-ана баламен жиі сөйлесіп, оның ішкі жан дүниесін түсінуге тырысуы қажет. Бала өз сезімдерін, проблемаларын ата-анаға ашық айтса, түрлі теріс әдеттерге аз бейімделеді. Баланың жасына сай гаджет пен интернет қолдану уақытын реттеу, қауіпті немесе белгісіз сайттарға кіруге шектеу қою тиіс. Алайда толық тыйым салмай, алдымен түсіндіріп, зиянын байыппен жеткізген дұрыс. Отбасындағы әр бала алдына белгілі бір өмірлік мақсаттар мен жоспар қоя алса, құмар ойынға деген әуестік әлдеқайда аз болады. Бұл ғана емес, мектеп бағдарламасына міндетті түрде құмар ойындар мен олардың зияны туралы ақпаратты енгізу керек. Мысалы, информатика, өзін-өзі тану немесе тәрбие сағаттары барысында мұғалімдер лудоманияның белгілері мен салдарын айтып, талқылауға шақыра алады. Мектеп психологы оқушылармен жеке әрі топтық кеңесулер өткізіп, олардың қызығушылықтарын біліп отыруы да аса маңызды.