ҚҰМАРЛЫҚҚА БОЙ АЛДЫРУ — ТӘУЕЛДІЛІК ҚҰРДЫМЫ

Лудомания – құмар ойындарға деген шектен тыс әуестік, бүгінгі қоғамда кең етек жайып келе жатқан қауіпті дерт. Әсіресе интернет пен цифрлық технология дамыған заманда жасөспірімдер мен жастар үшін құмар ойындар ойнау бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай және жылдам болды. Мұндай жағдайда ата-аналардың жауапкершілігі күшейіп, балаларын лудоманияның уысына түсуден сақтауы – басты міндеттердің біріне айналды. Баланың болашағына негізделген дұрыс тәрбие, отбасы ішіндегі дұрыс қарым-қатынас және жан-жақты қолдау – лудоманиямен күресте маңызды рөл атқарады.

Осы орайда, Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты №3 Хамза атындағы жалпы білім беретін мектебінде педагог У.Абдикаримова мектепішілік тәрбие жоспарына сәйкес, жоғары сынып оқушыларының ата-аналарына «Құмарлыққа бой алдыру — тәуелділік құрдымы» тақырыбында сабақ өтті. Мақсаты — ата-аналардың өз баласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілетін қалыптастыру, тәуелділік мінез-құлық қаупінің алдын алу жолдарын дамыту. Педагогтың айтуынша, ата-ананың балаларға берер тәрбиесі ең алдымен олардың отбасы ішіндегі мәдениеті мен құндылықтарынан бастау алады. Бала ата-анадан көргенін, естігенін бойына сіңіретіні сөзсіз. Сол себепті отбасында қаржылық сауат, еңбекқорлық, адалдық сияқты ұғымдар дұрыс түсіндірілсе, бала жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылмайды. Көбінесе құмар ойындардың қызығына түскен жасөспірімдер ақшаны тез, оңай, көп қылып ұтып алуды армандайды. Олар оған жетелейтін үлкендердің үлгісі немесе қоғамның жалған жарнамасы болуы мүмкін. Сондықтан отбасының ішінде «жиған тергенді бағалау», «еңбекпен тапқан нанның құндылығы», «ақша – құрал, мақсат емес» деген түсініктер балалар санасында берік қалыптасуы тиіс.
Лудоманияның алдын алу үшін бала мен ата-ана арасында үздіксіз байланыс болуы өте маңызды. Баланың жан дүниесінде не болып жатқанын, қандай дүниелерге қызығатынын, болашаққа қандай жоспары барын ата-ана үнемі сұрап-біліп отырғаны жөн. Кей жағдайда ата-ана баласына қатаң талап қояды да, оның қызығушылықтарын толық ескермеуі мүмкін. Ал бала өз ойларын, армандарын ашық жеткізе алмаса, біртіндеп сенім азайып, ішкі мәселелерімен жалғыз қалады. Осындай қысымға түскен жасөспірім тез жол табамын деп, құмар ойындар секілді теріс әрекеттерге барып қоюы ықтимал. Құмар ойындарға қызығушылардың көпшілігі – ақшаның мәнін, табу мен жұмсау қағидаларын жете түсінбеген жандар. Сол себепті ата-ана баласына қаржылық сауаттылықты ерте жастан бастап үйретуге тырысқаны жөн. Жаңа технологиялар дамыған сайын бала үшін интернет кеңістігіндегі түрлі құмар ойындарға, букмекерлік кеңселерге кіріп көру оңайлай түсті. Ата-аналар бұған бейжай қарамай, ең алдымен техникалық шектеулер қоюы керек. Әрине, тек қатаң шектеулермен бұл мәселе шешілмейді. Бала төлем карталарын да, басқа әдістерді де пайдаланып, ата-анадан жасырын әрекет етуі мүмкін. Мұны болдырмас үшін екі жақты тәсіл қажет: бір жағынан – бақылау, екінші жағынан – сенім мен ашық әңгіме.
Құмар ойындарға құмарту көбінесе бос уақытты қызықты, пайдалы істерге жұмсай алмаудан туады. Бала мен жасөспірімнің энергиясы мол, оны дұрыс бағыттамаса – теріс жолға түсіп кетуі оңай. Сол себепті ата-аналар баласының ішкі ресурсын басқа арнаға бұруға көмектескені жөн. Лудомания – тек ақшамен ғана байланысты мәселе емес, ол адамның жан дүниесіндегі күйзеліс, стреске қарсы осалдығы сияқты факторлармен де тығыз байланысты. Мәселен, баланың көңіл күйі түсіңкі болса, отбасында ұрыс-керіс болып жатса, достарымен түсініспеушілік орын алса – жасөспірім өзіне жұбаныш іздейді. Кейде ол жұбанышты құмар ойыннан табуы мүмкін. Ата-аналар балаға үнемі психологиялық қолдау көрсетіп, оның тілектеріне, қорқыныштарына, мәселелеріне құлақ асып отыруы керек. Егер баланың мінезінде, қызығушылығында, ұйқысы мен тәбетінде, ортадағы қарым-қатынасында күрт өзгеріс байқаса, дереу психолог, психотерапевт секілді мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Шынайы жылылық пен мейірімділікті сезінген бала өзін жалғыз сезінбейді әрі сырттан келетін теріс әсерлерге қарсы тұра алады. «Балаға ақыл айтқаннан гөрі, ісіңмен үлгі бол» деген сөз бар. Ата-ана өзі де құмар ойындардан, бәс тігуден аулақ болса, қаржыны дұрыс жұмсап, отбасының бюджетіне мұқият қараса – баланың соған еліктеп, дұрыс бағытта өсері анық. Кері жағдайда бала ата-анасының әрекетін қайталайды да, олардың жасаған қателігінен сабақ алуды білмейді. Жеке үлгі болу – тек қаржыға байланысты емес, жалпы өмірдің түрлі саласында дұрыс мінез-құлық таныту дегенді білдіреді. Отбасында бірлікті, түсіністік пен сыйластықты сақтау, уақытты тиімді пайдалану, интеллектуалды-танымдық деңгейін көтеру – бәрі бала үшін үлгі-өнеге.
Лудоманиямен күрес – ұзақ мерзімді, кешенді шараларды қажет ететін күрделі жұмыс. Бұл процестегі басты буын – ата-ана. Баланы жасынан еңбекқорлыққа, қаржылық сауаттылыққа, ашықтық пен өзіне сенімділікке тәрбиелеу өте маңызды. Әлемде ақпарат пен жарнама легі толассыз дамып жатқан тұста, баланың санасына құмар ойындардың зияны туралы ақпаратты ертерек жеткізу – ата-ананың парызы. Ата-ана, отбасы – баланың тірегі, қорғаны. Отбасында дұрыс үлгі көрсетіліп, сенімді қарым-қатынас қалыптасса, бала сырттағы жалған жарнамаларға, қысымдарға немесе қиындықтарға бой алдырмай, өз жолын табады. Демек, ата-ана – лудоманияның алдын алудағы ең ықпалды күш. Балаға шынайы қамқорлық, мейірім, дұрыс тәрбие мен бақылау жасалғанда, құмар ойындардың шырмауы оған жолай алмайтыны ақиқат.