ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОГРЕСС ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДІ УШЫҚТЫРА ТҮСУДЕ
Бүгінгі таңда жаһандану дәуірінде ақпарат құралдарының жылдамдығы, ғаламтор мен цифрлық технологиялардың дамуы қоғам өміріне теңдессіз ықпал етуде. Әсіресе, өскелең ұрпақ – балалар мен жастар осы өзгерістердің бел ортасында жүр. Заман ағымына сай жаңа мүмкіндіктер ашылып, интернет арқылы білім мен ақпарат алу жеңілдеп, сандық технологиялар тұрмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Дегенмен осы игіліктермен қатар қауіп-қатерлер де орын алуда. Солардың бірі – құмар ойындарға тәуелділік. Құмар ойындарға тәуелділіктің қоғамдағы зияны бұрыннан белгілі болғанымен, бүгінде оның әсіресе жастар арасында жылдам таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. «Бір сәтте байып кету» немесе «ойыннан келетін жеңіл ақша» деген желеу өскелең ұрпақтың қалыпты дамуы мен әлеуметтік өмірге бейімделуіне кедергі келтіретін ең өзекті мәселеге айналды. Технологиялық жетістіктер бұл мәселені бұрынғыдан да күрделендіріп жіберді.
Жалпы «өскелең ұрпақ» дегенде 12-25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарды айтсақ болады. Бұл кезең – адамның тұлғалық қалыптасуы, дүниетанымының орнығуы, мінез-құлқы мен құндылықтарының бекемделуі жүретін уақыт. Сол себепті дәл осы жаста түрлі сыртқы әсерлерге тез беріліп, тәуелділікке оңай ұшырауы мүмкін. Жастарды құмар ойынға тартатын факторлар көп. «Тез байып кету», «асқан күш салмай, мол қаржы табу» сияқты иллюзиялар жастарды қызықтырады. Олар еңбектенудің орнына, бәс тігіп, бір күнде байып шыға келгісі келеді. Жастық шақ – эмоцияға толы кезең. Экстремалды спорт түріне құмарлық, батыл әрекетке баруға бейімділік көп байқалады. Құмар ойындар да адреналин береді, көңілде толқу тудырады. Құрдастары немесе танымал блогерлер, спортшылар бәс тігіп, ұтып алғанын жарияласа, жас жеткіншек «мен неге байқап көрмеймін?» деп ойлайды. Топтық психология – қуатты қозғаушы күш. Кез келген жерде, кез келген уақытта смартфон арқылы ойынға қатысуға мүмкіндік бар. Бұрынғыдай арнайы ойынханаға барудың қажеті жоқ. Қаржы аударымы да — бір-екі минуттық шаруа. Осы факторлар жастардың құмар ойындарға деген қызығушылығын арттырып, тәуелділікке дейін жеткізуі мүмкін. Құмар ойынға тәуелділік – адамның психикасын терең меңдейтін, қайталанбалы мінез-құлық бұзылысы. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл тәуелділік нашақорлық немесе алкоголизммен салыстырғанда өте ұқсас механизмдерге сүйенеді. Мидың «сыйақы орталығы» дофамин гормонын артық бөліп шығарып, адамның сана-сезімін ләззатқа, толқуға, жеңіске деген күшті құштарлыққа тәуелді етіп қояды. Жасөспірімдер мен жастардың миы әлі толық жетілмегендіктен, оларда өзін-өзі бақылау мен тәуекелді бағалау қабілеті кемдеу болады. Сондықтан да құмар ойынның нәтижесіндегі сәттік қана ләззат үшін ұзақ мерзімді салдарға көз жұма қарап, үлкен тәуекелге бара береді. Бастапқыда жастар қызық көріп, ойынға кіреді немесе достарының шақыртуымен байқап көреді. Алғашқы не кездейсоқ ұтыста керемет сезімдер пайда болады. «Менің жолым болғыш» деген қате сенім орнығады. Кейінгі ойындарға үлкен үміт артып, көбірек ақша салады. Ұтылған жағдайда шығынды қайтарып аламын деп ойыннан шыға алмайды. Өзіне немесе басқаларға зиян келетінін білсе де, ойнауды тоқтата алмайды. Психологиялық тәуелділік қалыптасады. Қарызға батады, қарым-қатынаста қиындықтар туындайды, оқудан немесе жұмыстан шығу сияқты мәселелер орын алады. Адам тұйық шеңберге түсіп, өмірдің басқа салаларына мән беруді доғарады. Жастардың бұл циклден шыға алмауының себебі – ерік-жігердің әлсіздігі мен әлеуметтік тәжірибенің аздығы.
Осы орайда, Түркістан облысы, Шардара ауданының білім бөліміне қарасты №1 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 10 «В» сынып жетекшісі С. Қуандықова оқушыларымен «Ойынға салауатты көзқарас» атты тәрбие сағатын өткізді. Мақсаты — лудомания ұғымына түсінік беру, құмар ойындардың зиянды жақтарын және олардың қоғамға кері әсерін талқылау және жастарды теріс қылықтарға әуестенбеуге шақыру. Тәрбие сағаты барысында оқушыларға құмар ойындардың зияны туралы ақпараттық материалдар ұсынылып, пікірталас ұйымдастырылды. Іс-шараның нәтижесінде оқушылар теріс әдеттердің алдын алу жолдарын түсініп, салауатты өмір салтын ұстануға ынталанды. Педагогтың сөзінше, қазіргі таңда құмар ойын индустриясы үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жас буын оп-оңай ойынға қатыса алады. Букмекерлік кеңселер, виртуалды казинолар, киберспортқа бәс тігу платформалары – барлығы да бір-екі рет басу арқылы қолжетімді болып отыр. Ойыншылар банк картасын немесе электронды әмиянды байланыстырса, ақшаны лезде салуға мүмкіндік алады. Ақша «виртуалды» күйде болған соң, оның нақты құнын кейде толық сезінбейді. Әлеуметтік желілер мен сайттарда толассыз жарық көретін «жеңілдіктер», «бонустар», «алғашқы депозитке екі есе көп ақша» сынды ұсыныстар адамды еліктіреді. Оффлайн казинолар немесе ойын залдары белгілі бір жұмыс уақытында ғана ашық болуы мүмкін. Ал онлайн платформалар тәулік бойы істейді. Жастар түн ортасында да, сабақ үстінде де, бос уақытында да оңай кіре салады. Онлайн ойындарға жасырын тіркеліп, кәмелетке толмағанмын деп ашық айтпай-ақ ойнауға болады. Жалған жеке деректерді пайдаланған жағдайлар көп ұшырасады. Осылайша, цифрлық технологиялар құмар ойындармен байланысты қауіп-қатерді еселей түсуде. Жасөспірімдерге бұл ермектің ауыр салдары болатынын жеткізу – қоғамның ортақ міндеті. Жасөспірімдер мен жастар үшін құмар ойындардың салдары ауыр. Көпшілік ойыншылар бастапқыда символикалық сома қойып көреді. Кейін ұтылыс өскен сайын шығындарын өтеу үшін қайта-қайта ақша салады. Осының нәтижесінде студенттер стипендиясын жұмсап қояды, біреулер ата-анасының ақшасына қол салады, тіпті қарызға кіріп, банктен несие алады. Қаржылық шығынның тереңдеуі банкроттыққа, қарызды өтей алмауға, несиені қайтара алмайтын жағдайға соқтыруы мүмкін. Үнемі ұтылып, шығынға батқан адамда күйзеліс, үрей, депрессия күшейеді. Жеңістің дәмін бір татқан жас, келесіде де ұтамын деп өзіне жалған сенім тудырып, қайталай ойынға кіріседі. Ақырында өз-өзіне деген сенімділікті жоғалтып, өмірден түңілуге дейін баруы ықтимал. Құмар ойынға салынып кеткен жастар көп жағдайда достары мен отбасынан оқшауланады. Уақытын ойынға арнағандықтан, әлеуметтік қарым-қатынас әлсірейді, жалғыздық сезімі күшейеді. Жоғары оқу орындарында оқитын студенттер сабаққа кешігіп, үлгере алмай, ақыр соңында оқудан шығып қалуы ғажап емес. Ал жұмыс істейтін жастар уақытында жұмыста болмай, жұмыс өнімділігі төмендеп, әріптестерімен және басшылығымен түсініспеушілікке ұшырайды. Ақшаны қайтару немесе қарызды өтеу үшін жас адам ұрлық, алаяқтық, тонау секілді заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл – қоғам үшін де, өзі үшін де үлкен қатер. Өкінішке қарай, осындай салдарлар мектеп қабырғасынан басталуы ықтимал, ал оның ұзақмерзімді зияны өте ауыр.
Жастардың құмар ойынға тәуелді болуында әлеуметтік және мәдени факторлардың да үлесі зор. Кей отбасыларда қаржылық сауаттылық туралы айтылмайды, бала ақша табудың қандай жолдары барын, еңбектің маңызын түсінбей өседі. Нәтижесінде жеңіл табысқа қызығады. Бүгінгі қоғамда «танымал болу», «бай болу» секілді сыртқы атрибуттарға шамадан тыс мән беріледі. Сол құндылықтар жасөспірімдерді құмар ойынға жетелейді. Жастар үшін топтың пікірі өте маңызды. Егер достарының арасында құмар ойын ойнайтындар бар болса, жасөспірім өзін жат сезінбеу үшін соның ізіне түседі. Танымал адамдардың, блогерлердің, тіпті кейбір атақты спортшылардың да букмекерлік кеңселерді жарнамалауы – жастарға қатты әсер етеді. Олар сол кісілерге еліктеп, жеңіл жолмен табысқа кенелемін деген жалған сенімге бой алдырады. Осындай әлеуметтік-мәдени ахуал құмар ойынның жастар арасында тамыр жаюына жол ашады. Көптеген діндерде құмар ойындар теріс әрекет ретінде қабылданады. Ислам дінінде құмар ойынға ашық түрде тыйым салынған. Өзге дәстүрлі діндерде де құмарлық, ашкөздік, алдау-арбау күнә саналады. Буддизм болса сананы бұлдырататын, ақыл-есті тұмшалайтын кез келген әрекеттен аулақ болуды насихаттайды. Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру, адалдықты бағалау, еңбексүйгіштікке баулу – діни тұрғыдан да, зайырлы ұстаным тұрғысынан да аса маңызды. Егер жасөспірім «жеңіл ақша» идеясын құптамай, «еңбек етсем ғана игілікке жетемін» деген қағиданы саналы түрде ұстанса, құмар ойыннан бойын аулақ ұстайтыны белгілі. Соңғы жылдары жастар арасында киберспорттың танымалдығы артты. Кейде «киберспорт» ұғымы мен «құмар ойындарды» шатастыру кездеседі. Шын мәнінде, киберспорт – спорттың жаңа бір тармағы, мұнда кәсіби ойыншылар жарыстарға қатысып, турнирлерде бақ сынайды, демеушілерден қаржы алады. Ал құмар ойындарда басты ерекшелік – ақшаға тікелей бәс тігу. Мысалы, киберспортта бір команда немесе ойыншы жеңеді, бірақ көрермен немесе жанкүйер ақшасын сол ойынға бәс тігіп, ұтылуы да мүмкін. Яғни киберспорттың өзі – ойын, киберспортқа бәс тігу – құмарлық элемент. Жастардың киберспортқа қызығып, жеңімпаздарды үлгі тұтуы — табиғи жағдай. Бірақ бұл қызығушылық ақырында букмекерлік кеңселер арқылы пайда табуға әкеп соқпас үшін, киберспорт пен құмар ойын арасындағы айырмашылықты түсіндіру қажет. Көптеген елдер құмар ойын бизнесін заңдастырған не қатаң реттейді. Қазақстанда да заң бойынша арнайы ойын аймақтары белгіленіп, казинолар мен ойын залдары тек сол жерлерде ғана орналасуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселерге, лотореяларға да белгілі бір талаптар қойылады. Дегенмен, интернетте шектеу қою қиын. Блоктау шаралары, VPN қызметтерін бұғаттау секілді қадамдар жасалғанымен, заңсыз онлайн-казино мен букмекерлердің саны азаймай тұр. Жастар әлемдік нарықтағы ірі ойын компаниялардың сайттарына да еш кедергісіз кіре алады. Құқық қорғау органдары түрлі шаралар қабылдағанымен, бұл салада сұраныс пен ұсыныс барда мәселені толық шешу оңай емес. Сондықтан заңнамалық шектеулермен қатар, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар да жүргізілуі қажет. Жоғарыда айтылғандай, өскелең ұрпақты құмар ойындардың зиянды тұстарынан сақтандыру үшін ақпараттық жұмыстар өте маңызды. Ол үшін құмар ойындардың салдары туралы нақты мысалдар келтіріп, арнайы сабақтар, семинарлар, сынып сағаттары ұйымдастырылса, жастар ерте жасынан хабардар болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, Instagram, TikTok, YouTube секілді платформаларда құмар ойынның кері әсерлері жайлы бейнебаяндар, сұхбаттар, танымдық материалдар шығарып тұру керек. Танымал өнер адамдары, спортшылар, қоғам қайраткерлері құмар ойыннан іргесін аулақ ұстап, жастарға өздерінің адал жолмен табыс тауып жүргендерін үлгі етсе, жастарға әсері зор болмақ. Бұл шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, болашақта оң шешім қабылдауына бағыт-бағдар береді.
Жастардың құмар ойынға тәуелді болуының алдын алуда ата-ананың мынадай іс-әрекеті маңызды. Алғашқысы — ақша, еңбек, жауапкершілік тақырыптарын ерте жастан түсіндіру. «Ақша маңдай термен келеді» деген қағиданы болашақ ұрпақтың құлағына құю қажет. Баланы кішкентайынан ақшаны жоспарлау, үнемдеу, кіріс-шығысты жазып отыру сияқты дағдыларға үйрету де маңызды. Сонда жеңіл жолмен байып кету идеясы орынсыз екенін түсінуі оңайырақ болады. Кәмелет жасына толмаған балаға шексіз интернет мүмкіндігін бермеу, телефонға бақылау орнату, белгілі бір сайттарға немесе төлемдерге шектеу қою тиіс. Спорт секциялары, өнер үйірмелері, еріктілік жұмыстары, басқа да қызықты шараларға қатыстырып, баланың тұлғалық дамуына көңіл бөлу керек. Отбасында баланың жан-дүниесіне үңіле білу, онымен сенімді қарым-қатынас құру – құмар ойыннан сақтанудың алғашқы кепілі. Егер баланың құмар ойынға тәуелді болып қалғанын сезсе, оны жалғыз қалдырмаған жөн. Кәсіби психологтардың, психотерапевттердің көмегі өте маңызды. Қаржылық сауаттылық деңгейі жоғары адам өз ақшасын аңғалдықпен бәс тігуге салмайтыны белгілі. Сондықтан жастарға ерте кезден ақшаға байланысты мынадай түсініктерді беру керек. Ақша – ресурс. Ол еңбектің, уақыттың, қабілеттің қайтарымы. «Ақша – өздігінен келмейді» деген түсінік бекітілсе, құмар ойыннан алыс жүреді. Жеке және отбасылық бюджет жасап, кіріс пен шығынды есептеуге дағдылану керек. Жеңіл және тез табыс әпермейтінін түсіну қажет. Мектепте және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық пәнін енгізу – бүгінгі заман талабы. Бұл жастарды көптеген алданыштан қорғап қана қоймай, олардың болашаққа жоспар құрып, өзін-өзі дамыта білуіне көмектеседі. Телеарналар, әлеуметтік желілер, интернет порталдар – ақпарат ағымының басты көздері. Жастардың күнделікті өмірінде медианың алатын орны ерекше. Осы орайда медианың кейбір теріс тұстары да бар. Теледидарда, YouTube-та, Instagram-да «ақша тігіп, ұтып алыңыз», «бүгін тіркеліп, бонус ұтып алыңыз» деген жарнамалар жиі шығады. Мұндай жарнамалар жастарды қызықтырады, олар оңай ақша табуға болады деп сенеді. Кейбір әншілер, спортшылар, блогерлер букмекерлік кеңселермен келісімшарт жасап, солардың брендін жарнамалайды. Жастар үшін сол кісілер үлгі болғандықтан, олар да бәс тігуге ұмтылады. «Мен мына компания арқылы күніне 100 мың теңге тауып жатырмын» деген сияқты роликтер көп. Бірақ оның артында қанша адамның шығынға ұшырап жатқаны айтылмайды. Медиа саласының жауапкершілігі – осындай біржақты жарнамаларды шектеу, жастарға құмар ойындар туралы толық және шынайы ақпарат беру. Мемлекет те бұл бағытта заңнамалық деңгейде талаптарды қатаңдатып, жасөспірімдерге зиянды контентті шектеу әдістерін күшейткені жөн. Жалпы алғанда, құмар ойынға тәуелділік – психикалық денсаулық проблемасының бір қыры. Жастарда стресс, депрессия орын алса, олар оны жеңілдетудің жолын құмар ойыннан іздеуі мүмкін. Осы себепті мектеп пен жоғары оқу орындарында психолог мамандардың қолжетімді болғаны маңызды. Олар балалардың немесе студенттердің күйзелісін ерте анықтап, сауатты кеңес бере алады. Қажет болған жағдайда кәсіби емдеу орталықтарына жолдайды. Ата-аналармен бірлесіп жұмыс істейді, балаға жасалған психологиялық қысым немесе зорлық белгілерін байқайды. Егер жастардың психикалық денсаулығына уақытылы көңіл бөлінсе, олар күйзеліс пен жалғыздықты құмар ойын арқылы өтемейді, дұрыс жолға бағытталады.
Құмар ойынға тәуелділіктен шығып, жаңа өмір бастаған жастардың өмірбаяны – басқа құрдастарына үлкен сабақ бола алады. Мысалы, бір жас жігіт университетте оқып жүріп, достарының айтуымен бәс тігіп бастайды. Басында ұтқанымен, кейін бар ақшасынан айырылып, қарызға батады. Оқуды тастай жаздайды. Ата-анасы мен мамандардың көмегі арқасында тәуелділіктен арылып, оқуды жалғастырады. Жұмысқа тұрып, қарыздарын ақырындап қайтарады. Бұл тәжірибе арқылы ол енді ешқашан құмар ойындарға жақындамайды. Тағы бір бойжеткен интернет арқылы лотереяларға қатысып, ақырында банк картасында ақшасы қалмай қалады. Ақша жоғалтқан соң өзін кінәлап, депрессияға түскен. Психологпен бірнеше сеанс өткеріп, содан кейін өзінің эмоциясын басқа арнаға бұрады: музыкамен айналысады, еріктілер клубына қосылады. Соның арқасында жаңаша өмір жолын тапқан. Мұндай оқиғаларды жария ету, әңгіме қылу басқа жастарға ескерту болады, әрі тәуелділікке түскендерді жігерлендіреді. Құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында мынадай шараларды қолға алуға болады. Ашып айтсақ, «Құмар ойындардың зияны», «Қаржы сауаттылығы», «Тәуелділік деген не?» тақырыптарында ашық талқылаулар өткізу керек. Мамандарды шақырып, студенттер мен оқушыларға құмар ойынның психологиялық қырларын түсіндіру, интерактивті жаттығулар өткізу қажет. Оқушылар мен студенттерге уақытын пайдалы жұмсауға мүмкіндік беретін жобалар ұйымдастыру да маңызды. Бұл олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті арттырады. Ата-аналарға құмар ойындарға арналған арнайы ақпараттық парақтар мен ұсыныстар тарату да тиімді нәтиже береді. Егер бұлар жүйелі түрде жүзеге асса, жастар құмар ойындардан ерте бастан сақтанып, саналы шешім қабылдайды. Көп жағдайда жастар құмар ойындарға бос уақытын өткізу үшін, қызықты эмоция іздеу үшін барады. Осы себепті оларға баламалы іс-шаралар ұсынудың маңызы зор. Яғни футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сияқты секцияларға қатысу арқылы физикалық және рухани тұрғыдан дамиды, денсаулықтарын шыңдайды. Музыка, сурет салу, театр, қолөнер сияқты салаларда дарындарын шыңдап, өздерін жаңа қырынан танытады. Мектептерде пікірсайыс, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жастардың логикалық ойлау қабілетін дамытады. Қоғамдық іс-шараларға қатысу, волонтерлік қызмет атқару, қайырымдылық істерге араласу – жастардың әлеуметтік жауапкершілігін нығайтады. Осы іс-шараларға белсенді қатысқан жас құмар ойыннан алшақ болатыны сөзсіз.
Құмар ойынға тәуелділіктің ушығуына заңсыз ойын орындары мен сайттар ықпал етеді. Рұқсат етілмеген интернет-казинолар, түрлі сайттар, лотерея атын жамылған алаяқтық жобалар – жастарды арбап, ақшасынан айырады. Мемлекет пен құқық қорғау органдары бұл саланы интернет мониторингі арқылы бақылап, заңсыз ресурстарды бұғаттай алады. Қаржы транзакцияларын қадағалап, күдікті төлемдерді анықтау, төлем жүйелерімен бірлесе жұмыс істейді. Жарнаманы қатаң реттеп, көпшілік орындарда, БАҚ беттерінде заңсыз ойын бизнесін насихаттауға тосқауыл қояды. Құқықтық тұрғыда жасалатын бұл іс-қимылдар жастардың зиянды ортаға түспеуіне ықпал етеді. Мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық ұйымдар да құмар ойындарға тәуелділікпен күресте белсенді болуы керек. Олар ақпараттық кампаниялар жүргізеді, буклеттер таратады, әлеуметтік желілерде бейнероликтер шығарады. Қайырымдылық және оңалту шараларын өткізеді. Тәуелділікке шалдыққан адамдарды қайта әлеуметтендіруге атсалысады. Еріктілер қозғалысының да рөлі ерекше. Жастар бір-біріне қолдау көрсетіп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырса, қоғамда оң өзгерістер орын алатыны сөзсіз. Халықаралық тәжірибеге ойыссақ, Сингапурде мықты заңдар қабылданып, казиноларға кіру үшін сингапурлықтарға қосымша салық төлеу талабы қойылған. Бұл тұрғындарды ойынханадан шектейді. Ұлыбританияда құмар ойындарға жарнама өте қатаң бақыланады, әсіресе балалар көретін уақытта мұндай контент көрсетуге мүлдем тыйым салынады. Сондай-ақ онлайн-казино лицензиялары қатаң регламентке сай беріледі. Норвегияда мемлекеттік лотереяны есептемегенде, құмар ойындардың көбіне тыйым салынған. Онлайн да бақыланады, банктік төлемдер шектеледі. Бұл елдердің тәжірибесі көрсеткендей, құмар ойындарға мемлекет тарапынан қатаң қадамдар жасалса ғана жастарды қорғауға болады. Құмар ойындарға тәуелділік – бір күнде шешілетін мәселе емес. Ұзақ мерзімді, кешенді стратегия қажет. Олар — интернеттегі ойындарға қатаң бақылау, жасөспірімдерді қорғау шаралары, жарнаманы шектеу, мектеп пен ЖОО-да қаржы сауаттылығы мен тәуелділік психологиясы туралы сабақтарды тұрақты түрде өткізу, ата-аналарды да оқыту, оларға арналған тренингтер, семинарлар ұйымдастыру, жастарға арналған мәдени, спорттық, жобаларды көбейту, ауданда, қалада, ауылда жастарға бос уақытын өтімді пайдаланатын инфрақұрылым құру, мектепте, колледжде, университетте психологтардың болуын қамтамасыз ету, «сенім телефондары» мен онлайн кеңес беру платформаларын дамыту. Бұл қадамдар бірігіп әрекет еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Жастарды құмар ойындардан қорғаудың бір жолы – олардың ішкі әлеуетін ашуға мүмкіндік беру. Тұлғалық даму, рухани ізденіс арқылы адам өмірінің мәнін түсінеді, қысқа жолмен байлыққа жетуді көздемейді. Тұлғалық өсу – ұзақ әрі қызықты процесс және ол құмар ойынның өткінші рахатынан әлдеқайда құнды әрі пайдалы. Жастарды құмар ойын зардабынан құтқару үшін қоғамның әрбір саласы жауапты. Мемлекет – заң қабылдайды, реттеулер енгізеді, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырады. Ата-ана – отбасылық тәрбиені дұрыстайды, баланың интернет кеңістікте не істеп жүргенін бақылайды. Мектеп пен университет – қаржы және құқықтық сауаттылықты арттырып, психологиялық көмек көрсетеді. Қоғамдық ұйымдар – еріктілер арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәуелді адамдарды сауықтыруға көмектеседі. Бизнес қауымдастық – жауапты жарнама мен әлеуметтік жауапкершілікті ұстануға, жастарды адастырмауға көңіл бөледі. Бұл тізбектің әр буыны мықты жұмыс істесе, өскелең ұрпақ саналы, салмақты, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасады. Жастар өз болашағын ойласа, құмар ойындардан аулақ болуды саналы түрде таңдауы тиіс. Әлемде көптеген табысты адамдар құмар ойынға емес, еңбекке, білімге, өнертабысқа, кәсібилікке сүйенеді. Жастарға қазірден бастап ұзақмерзімді мақсаттар қою пайдалы. Олардың қатарына жоғары оқу орнына түсу, шет тілдерін меңгеру, спорттық жетістіктерге ұмтылу, әр салада стартап жобалар ұйымдастырып, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту, қоғамдық белсенділік, еріктілік арқылы тәжірибе жинақтау сынды маңызды мақсаттарды жатқызуға болады. Осы мақсаттарға жетудің жолы – табанды еңбек пен білімге инвестиция жасау. Ал құмар ойын – сәттік қана ләззат әрі материалдық және рухани шығынға жол ашады. «Өскелең ұрпақтың ең өзекті мәселесі – құмар ойынға тәуелділік» деп атай отырып, біз бұл дерттің қоғамға тигізер зиянын ашып көрсетіп келеміз. Жастар – елдің ертеңі, қоғамның болашағы. Егер олар құмар ойындардың құрсауында қалса, мемлекетіміздің рухани, экономикалық дамуына, әлеуметтік тұрақтылығына зор қауіп төнеді. Сондықтан әрбір адам, әрбір ұйым жастарға қолдау білдіріп, оларға дұрыс бағдар беруі тиіс. Журналистер құмар ойынның зияны туралы шынайы ақпарат таратсын, педагогтар мен ата-аналар алдын ала сақтандырсын, заң шығарушылар ойын бизнесін қадағаласын. Ортақ күш-жігер арқылы ғана біз жастарды құмар ойынның теріс ықпалынан қорғауға мүмкіндік аламыз.
Қорыта айтсақ, жастар психологиясы құбылмалы, эмоцияға толы, еліктегіш келеді. Бұл оларды құмар ойынға тез тартып, тәуелді етіп жіберуі мүмкін. Интернет пен цифрлық технологиялар құмар ойын индустриясын қолжетімді етіп, тәуелділікті күшейтуде. Тәуелділіктің салдары – қаржылық қиындық, отбасылық жанжал, әлеуметтік оқшаулану, білім мен жұмысқа салғырт қарау, тіпті қылмысқа бару қаупі. Мәселені шешу үшін кешенді амал қажет. Оның қатарында заңнамалық реттеу, ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту, отбасы мен білім беру жүйесінде алдын алу шараларын жүргізу, психологиялық көмек пен оңалту қызметтерін ұйымдастыру сынды жұмыстар бар. Ең бастысы – әр жас адамның санасында «еңбек пен білім арқылы ғана жетістікке қол жеткіземін» деген түсінік орнығуы тиіс. Құмар ойындар сәттік қана рахат сыйлайды, ал нақты нәтижеге тек табанды еңбекпен жетуге болады. Осы қағидаларды ескерсек, өскелең ұрпақты құмар ойындардың теріс ықпалынан қорғап, дені сау, рухы берік, білімді әрі өркениетті қоғам қалыптастыра аламыз. Жастарымыздың болашаққа деген сенімі мықты, мақсаттары айқын, бағдары дұрыс болса, еліміздің ертеңі де жарқын болмақ.