БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Елімізде жұмыспен қамту шаралары қарқын алып келеді. Бұл бастама әлеуметтің әлеуетін арттыру мен халықтың тұрмыстық жағдайын түзеуге айрықша әсер етеді. Сондықтан да еліміздің барлық өңірінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп келе жатыр. Ол қатарда Шымкент қаласы да бар. Жыл басынан бері үшінші мегаполисте аталған бағытта бірнеше шара ұйымдастырылды. Жалпы елімізде қыркүйектің үшінші жексенбісі — «Еңбек күні» мерекесі. Бұл атаулы датаның мақсаты – Мемлекет басшысының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясын жүзеге асыру, өнімді еңбекті ынталандыру.
Осы орайда, Шымкентте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Еңбек күні» мерекесі аясында «Адал еңбек – адам көркі»атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Арбат алаңында өткен жәрмеңкеге қала аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік 100-ден астам жұмыс берушіден 4 534 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 2 764 орын тұрақты, 1 770 орын «Жастар практикасы» бағдарламасына арналған. Мерекелік іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, өндіріс орындары мен білім беру салаларындағы еңбек озаттарын марапаттады. Іс-шара барысында Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Еңбек.кз электрондық порталы ұсынған жұмыс орындарын халыққа таныстырды.
Биыл қалада 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, осыған дейін 23 691 адам қатысты. Жоспар 78,4 пайызға орындалды. Атап айтқанда, 2 426 адам http://xn--nbek-u4d.kz/ порталы талап еткен дағдыға онлайн оқыса, 3 228 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, 428 адамға комиссияның шешімімен қайтарымсыз грант бекітілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 6 639 адам жолданса, қаладағы тұрақты бос жұмыс орындарына 10 970 адам орналастырылды. Жәрмеңке арқылы 335 адам тұрақты жұмыс орнына, 106 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жолдама алса, 139 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Одан бөлек, 65 тұрғын қайтарымсыз грант, 18 адам өңіраралық көші-қон жөнінде мамандардан кеңес алды.