ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БІРНЕШЕ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Шымкенттің ел экономикасындағы маңызы айрықша. Шаһарда бүгінде жеңіл өнеркәсіп қарыштап дамып келеді. Бірқатар индустриалды аймақтарда көптеген тың бастамалар жүзеге асып жатыр. Осы орайда, жуырда үшінші мегаполиске ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келген болатын.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті. Жиында Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары талқыланды. Сонымен қатар Премьер-министр қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. «Химфарм» фармацевтикалық зауытының аумағында Үкімет басшысына өндірістік қуаттар жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер шығаруға мүмкіндік беретіні баяндалды. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды жеткізеді. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2 пайызды, республика бойынша – 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді. Осы орайда, Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті.
Бұдан кейін Премьер-министр бірқатар кәсіпорындарға табан тіреді. Мәселен, Шымкент қаласының Алтынтөбе елді мекеніндегі «Алан және Компания» джем мен шырын өндіретін кәсіпорнына барған кезде зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталғаны баяндалды. Онда 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау да көрсетілген.
Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы “The Coca-Cola Company” сауда белгілері бар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытпен танысты. «Кока Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан. Кәсіпорын газдалған, газдалмаған сусындар мен бөтелкедегі суды өндіреді, зауыттың қуаты – жылына 283 млн литр. 100 жұмыс орнын ашатын жобадағы инвестиция сомасы 27 млрд теңгені құрайды. Премьер-министр жергілікті жерлерде инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына, сондай-ақ олар шығаратын өнімнің сапасын үнемі арттырудың маңызына айрықша назар аударғанын айта кеткеніміз жөн.