ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР КӨП ІС АТҚАРЫЛҒАНЫН АЙҒАҚТАЙДЫ

Бүгінде жаһандық экономика көптеген мәселелерге тап болып отыр. Бірнеше жыл бұрын басталған саяси һәм экономикалық процестер әлем елдерінің көптеген салаларын тұралатып тастады. Дегенмен кез келген қиындық жаңа бір мүмкіндікті тудыратыны белгілі. Сәйкесінше, логистикалық тізбектің бұзылуы елімізге жаңа мүмкіндіктерді ашты. Мұны тиімді пайдалана алған өңірлер де бар. Ол қатарға Шымкентті жатқызуға әбден болады.

Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үшінші мегаполистің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар. Қаланың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша 3-орынға көтерілген. Ескере кетейік, 2023 жылдың тиісті кезеңінде қала ел бойынша 6-орында тұрған. Үшінші мегаполистегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджеттің түсімдері де артқан. Биыл бюджет шығыстарының көлемі 764 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге көбейді. Ал бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8 пайызға артығымен орындалды. Бюджет көлемі артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.