ШЫМКЕНТТІК ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ КӨРЕРМЕННІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

Бүгінде Шымкент қаласында қоғамның сан түрлі саласы қатар дамып келе жатыр. Оның ішінде өнер мен мәдениетке айрықша көңіл бөлінуде. Сәйкесінше, шымкенттік өнерпаздар халықаралық деңгейде өтетін түрлі шараларда талантын танытып жүр. Осы орайда, жуырда Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері аясында салтанатты шара өткен еді. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткен шаралардың бірі болды десек, артық айтқанымыз емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қатысуымен өткен шарада «Кохи Борбад» сарайында Қазақстан мен Тәжікстанның өнерпаздары өз өнерлерін паш етті. Astana ballet, «Астана Опера» театрының хоры және «Hassak» этно-фольк тобы Тәжікстан көрермендеріне ұмытылмас әсер қалдырды. Сонымен қатар 22 тамыз күні Орта Азияның шежірелі Худжанд қаласында 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының өнерпаздары да концерттік бағдарламаларын ұсынды. Концерттік бағдарлама «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт аспаптар оркестрі және «Қазына» би ансамблінің орындауында Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйі мен Құрманғазының «Балбырауын» күйінен тұратын «Думанды дәурен» композициясынан басталып, дәстүрлі әндер мен қазақ классикалық жауһарларымен жалғасты.
Концертте Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы Қазақ ұлт аспаптар оркестрімен орындалды. Шымкент қалалық опера және балет театрының солисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасын орындап көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар домбыра шеберлері қазақ композиторлары Е. Хасанғалиев, Қ. Мырзалиев, И. Байзақ, Қ. Жапсарбаев және К. Әзірбаевтың туындыларын орындап, худжандтық көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы және Тәжікстан Республикасының екі жақты өзара қатынасы достық сипатта және жоғарғы дәрежедегі саяси ынтымақтастық бағытында дамып келеді. Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті.