КӨҢІЛДІ КЕШ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Кез келген қаланың туристер жиі келетін орынға айналуы ұйымдастырушылыққа байланысты. Шаһар таза болса, қала берді мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып, өнерпаздар талантын танытып жатса, мұндай қалаларға саяхатшылардың жиі келері анық. Қала берді, бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған уақытта мұндай бастамалар айрықша мәнге ие. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкенттің мүмкіндігі мол.
Үшінші мегаполисте түрлі шараларды ұйымдастыруға қажет орталықтар мен алаңдар жеткілікті. Оны тиімді пайдалансақ, қала тұрғындарының да көңілі көтеріңкі болары анық. Бұл қала билігінің назарынан тыс қалған бастама емес. Жалпы Шымкентте биылғы жаз бұрынғы жаздан өзгерек. Олай дейтініміз, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй, ерекше демалыс сыйлау мақсатында «Шым қала кештері» атты концерттік бағдарламаларын 27 шілдеден бері тұрақты өткізіп келеді.
«OPEN AIR» форматындағы концерттік іс-шара қаладағы халық көп шоғырланатын демалыс аймақтарында әр сенбіде өтіп жатыр. Өткен сенбінің кешінде «Наурыз» алаңында «Шымкент-Цирк» эстрадалық оркестрі өнер көрсетсе, «Шымсити» саябағында опера және балет театры ұжымы әуелеген әнімен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Асар» шағынауданы халқы «Шымкент концерт» ұжымының концертін тамашалап, кешті көңілді өткізді. Өткізіліп жатқан іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени, рухани демалыс сыйлап келеді. Айта кетейік, «Шым қала кештері» күзге дейін жалғасады.