МӘДЕНИ КЕРУЕН КӨШІН КЕЛЕСТІКТЕР ЖАЛҒАСТЫРДЫ
Түркістан қаласында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып келе жатыр. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында ұлттық құндылықтар мен ойындар дәріптелген шаралар турасында тарқата баяндаған едік. Бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасып жатыр. Тарқатайық…
Облыс орталығында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Келес ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Кезекті рет ұйымдастырылған салтанатты шарада Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызына тоқталды. Аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге алғысын жеткізді. Бұл жолы да көрерменді қуанышқа бөлеген концерттік бағдарлама өтті. Онда Сержанәлі Әлібек, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбдіжаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, думанның көркін қыздыра түсті. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы болды десек, артық айтпаған болар едік. Бірінші күні Этноауыл кешенінде келушілерге ұлттық сусындар көрсетілді. Ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрініс сахналанды. Қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ұлттық тағам түрлері де таныстырылды. Сонымен қатар аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы әзірленіп, айтыс өтті. Халық әндері, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды. Екінші күні күндіз ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Айта кетейік, алдағы аптада өнер көшін Түркістан қаласының және Жетісай ауданынының өнерпаздары жалғастырады.