МИНИСТР ТҮРКІСТАНДАҒЫ БІРНЕШЕ ТАРИХИ ОРЫНДЫ АРАЛАДЫ
Түркістан қаласы туристер жиі келетін қалалардың арасына қосылып келеді. Бүгінде тарихи қалада саяхатшылар баратын орындардың саны да арта түсуде. Бірқатар орындарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, мәдени мұра нысандарындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ведомство басшысы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қылует жерасты мешітіне және Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығына барды.
Министр «Әзірет Сұлтан» музей-қорығын аралау барысында 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық» мәртебе беру нысанның Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау үшін маңыздылығын көрсететін оқиға екенін атап өтті. Өз сөзінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы — археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені, мұнда халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар 45 нысан бар. Жыл сайын 350 мыңнан астам адам келетін жер Қазақстанның ең қастерлі мекендерінің бірі» деп атап өтті министр.
Бұдан кейін сапар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жалғасты. Онда ведомство басшысы нысанды сақтаудың нақты шараларына тоқталып өтті. Өз сөзінде өткен жылы жүргізілген күрделі ғылыми зерттеулер барысында нысан құрылымын нығайту бойынша шұғыл іс-шаралар қажеттігі анықталғанын сөз еткен министр айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер еткенін, нәтижесінде жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл процесс қазірдің өзінде автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Құрылымның одан әрі тозуына жол бермеу үшін 100 тоннадан астам қоқыс пен топырақ шығарылған. Аида Балаева Қылует жерасты мешітіне ерекше назар аударып, 2021 жылы Түрік Республикасының «TIKA» ұйымы арқылы осы нысанды музей ретінде жаңғыртуды ұсынғанын атап өтті. Дегенмен Қылуеттің тарихи келбетін сақтау үшін Түрік шеберлерінің жұмысын сүйемелдейтін топ құру туралы шешім қабылданды, бұл шынайылық пен тарихи мұраны құрметтеуді қамтамасыз етеді.
Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қайта құрылған ғимараттардың бірінде ұйымдастырылған мониторинг орталығы жұмысының маңыздылығына да назар аударды. Орталық жұмысы аясында температура мен ылғал режимін, қабырғалардың түзулігін және басқаларын үздіксіз режимде бақылайтын 100-ден астам қондырғысы бар автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылды. Мұны тамашалаған Аида Ғалымқызы өз ойын «2023 жылдың желтоқсан айынан бастап автоматты мониторинг жүйесі ескерткіштің сақталуына әсер ететін әртүрлі процестерді, соның ішінде микроклиматты үздіксіз қадағалап отырады. Атап айтқанда, жүйе жасыл желектерді жақында алып тастауға байланысты өзгерістерді тіркейді, бұл кез келген жойылу қаупіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Мониторинг-орталық сонымен қатар кесененің жай-күйін зерделейтін және оны сақтау шараларын әзірлейтін отандық және шетелдік сарапшыларды қабылдайтын негізгі пункт болып табылады. Мұнда барлық ғылыми-зерттеу және техникалық деректерді жинау, талдау жүзеге асырылады. Бұл ЮНЕСКО-ның осы маңызды Дүниежүзілік мұра нысанын тиімді басқаруға мүмкіндік береді» деп толықтырды. Бұдан бөлек, Аида Балаева Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығында болып, бірегей тарихи ескерткішті сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған археологиялық қазбалармен және қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты.