ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Ордабасы ауданында қоғамның сан түрлі саласы қатар дамып келеді. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы рөлі айрықша. Инвесторларға жайлы жағдай жасау бойынша да кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Бұл ғана емес, аудандағы өнер мен мәдениет те көштің алдында келеді десек, артық айтқанымыз емес. Бұған ауданда ұйымдастырылып жатқан шаралар айқын дәлел бола алады.
Бұған дейін ауданның құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ауылым алтын бесігім» өнер фестивалінің бірнеше ауылда болғанын жазған едік. Енді бұл фестиваль Қарақұм ауылында жалғасын тапты. Шара қарақұмдық ардагерлердің ауданда жүзеге асырылып жатқан нысандармен танысуынан басталды. Артынша топ қасиетті жұмада Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне барып, құран бағыштады. Фестивальде ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің көрмесі мен нан өнімдері, қазақтың салт-дәстүрі кеңінен дәріптелді. Спорт шеберлерінің жетістіктері мен марапаттары да паш етіліп, спорттық жарыстар өткізілді. Аудан әкімі Азат Оралбаев қарақұмдықтарға жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс жариялап, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде ауылдан шыққан өнерпаздар тарихи көріністерін көрерменге ұсынып, күміс көмей әншілер әннен шашу шашты. Салтанатты шара жоғары деңгейде өтті десек, артық айтпаған болар едік.
Айта кетейік, құрылғанына 60 жыл толған ауданда жемісті жұмыстар жүзеге асып келеді. Ресми статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, биылдың алғашқы 5 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 40 млрд теңгені құраған. Енді бұл көрсеткішті жан басына шақсақ, 309 мың теңге шыға келеді. Бұл – халық тығыз қоныстанған әрі ауыл шаруашылығына маманданған Түркістан облысы үшін жақсы көрсеткіш. Ағымдағы жылы аудан бюджетінің көлемі 16,5 млрд теңге болып бекітілген. Оның ішінде өзіндік кірістер 5,4 млрд теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз – жалпы бюджеттің 32,7 пайызы. Қош делік, 2024 жылдың басынан бері ауданға 2 млрд 353 млн теңге кіріс кірген. Яғни кірістер жоспары 113,9 пайызға орындалып отыр. Оны тағы да ішінара тарқатсақ, 287,4 млн теңге артығымен түскен. Бұл үрдіс жыл сайын жақсарып келеді. Нәтижесінде аудан бюджетіндегі өзіндік кірістердің көлемі арта түсуде. Соңғы 2 жыл ішінде кірістер үлесі 6,9 пайыздан 32,7 пайызға артқаны – мұның дәлелі.