ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. Нақтырағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын мемлекет басшысы. Осы орайда, Қазақстанда жыл сайын белгілі сала қызметкерлеріне арналған атаулы даталар бар.

Мәселен, тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде құрысшылар күні аталып өтеді. Сәйкесінше, дәл осы күні саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті мамандар марапатталып жатады. Биыл да игі дәстүр бойынша Ордабасы ауданында арнайы іс-шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейрамбек Ақмұратов ауыл-аймақтың өміріне мол өзгеріс енгізіп жатқан маман иелерінің өлшеусіз жұмыстарына алғысын жеткізіп, құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар құрылыс саласын жетік білетін, қала берді ауданның дамуына, көркейе түсуіне мұрындық болып жүрген еңбек адамдарына алғысын білдіріп, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты жиын барысында сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдаулет Жұмабеков те құттықтау лебізін білдіріп, кәсіби мереке иелеріне аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарын табыстады. Бұдан кейін шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.