300 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ БАСПАНА КЕЗЕГІНЕН ШЫҒАРЫЛУЫ МҮМКІН

Еліміздегі ең өзекті мәселе – баспана. Ресми деректерге сүйенсек, 650 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр, оның 255 140 жуығы — халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адам тізімнен шығарылуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Тізімнен шығарылуы мүмкін топқа яғни, талапқа сай келмейтін, баспанасы бар немесе заң бойынша тұрғын үй алуға өтініш беруге құқығы жоқ тұлғалар жатады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін, әкімдіктер жалпы саны 34 000 азаматты кезектен шығару туралы қаулы қабылдады. Кезекте тұрғандар арасындағы ең үлкен сәйкессіздіктер бірнеше себеп бойынша анықталды. Олар – кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінің жылжымайтын мүлкі бар, кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректер сәйкес келмейді, әлеуметтік жағдайы сәйкес келмейді, мемлекеттік қызметші мәртебесі сәйкес келмейді.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрғандарды жеке деректерін жаңарту қажеттілігі туралы SMS хабарлама арқылы хабардар ету туралы шешім қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде келе бастады. Бүгінгі таңда, 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бүгінге дейін 17 000 азамат кезектен шығарылды.