ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ЖАРЫСА ЖҮРІП ҚОҚЫС ЖИНАДЫ
Қоршаған ортаға құрметпен қарау – әр азаматтың міндеті. Сәйкесінше, елімізде экологиялық сананы тереңдету әрі қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінге дейін республикалық ауқымда бірнеше шара ұйымдастырылды. Мыңдаған белсенді мен ел азаматтары қатысқан шара барысында ондаған тонна қоқыс жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді.
Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, жуырда Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығының» мамандары «Плоггинг» деп аталатын экологиялық акция ұйымдастырды. Шараға қала тұрғындары және шаһардың ерікті жастары атсалысты. Белсенді азаматтар топтарға бөлініп, өздеріне тиесілі аумақтарды жүгіріп өту арқылы қоқыс жинаудан жарысқа түсті. «Плоггинг» – салауатты өмір салты мен экология қамқорлығын біріктіретін ұғым. Жүгіріп жүріп қоқыс жинау, яғни бір оқпен екі қоянды ату дегенді білдіреді. Әлемдік тәжірибеде жастар арасында танымал үрдіс. Физикалық қимыл қозғалыспен жасалатын бұл акция қала тұрғындарының да көңілінен шықты. Тазарту жұмыстары шаһардағы Президент саябағы мен Арыс-Түркістан су арнасының бойында ұйымдастырылып, аумақтары күл-қоқыстан тазаланды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында тазалық жұмыстары күн сайын атқарылып келеді. Себебі саяхатшылар мен туристер табан тірейтін шаһардың тазалығы талапқа сай болуы тиіс. Аталған бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.