200-ДЕН АСТАМ ЖАС ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР БОЙЫНША ҮЗДІКТЕРДІ АНЫҚТАДЫ

Салауатты өмір салтын сақтаудың ұлт денсаулығын нығайтудағы маңызы айрықша. Сондықтан елімізде аталған бағытты насихаттайтын түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Жазғы демалыс басталған уақыттан бері тарихи қалада салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың бос уақытын тиімді өткізуге септесетін тың бастама қолға алынған еді. Бүгінде бұл жоба кең танымалдыққа ие болып келеді.

Яғни Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен басталған ашық алаңдағы спорттық сайыстар жалғасып жатыр. Осы орайда, өткен аптада ұйымдастырылған шара барысында 200-ден аса жасөспірім қазақтың ұлттық ойындары, дойбы, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, секіргішпен секіру, шахмат сияқты спорт түрлерінен жарысқа түсті. Ойын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілер тарапынан сыйлықтар беріліп, алғыс хаттар мен медальдар табысталды. Қала тазалығына жанашырлықпен қарау – азаматтық борышым деп білген халықаралық дәрежедегі спорт шебері, түркістандық дзюдошы Дидар Хамза да тазарту күніне белсенді атсалысып, жасөспірімдерге үлгі бола білді.
Бұдан бөлек, спорттық ойындар тұрғындарға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қауымға қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері өнер көрсетіп, ерекше көңіл-күй сыйлады. «Түркістан» әні Яссы халықтық этнофольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалып, көрермен қошеметіне бөленді. Айта кетейік, ашық алаң ойындары Түркістан қаласында біршама уақыттан бері жалғасып келе жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрге айналған ойындар биыл қала тұрғындары арасында танымал бола түсуде.