АССАМБЛЕЯ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН КҮРЕСУГЕ КҮШ САЛАДЫ
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті сақтауда ауқымды шараларды атқарып келе жатыр. Бұл ғана емес, бүгінде әлеумет арасында туындаған түрлі түйткілдердің шешімін табуға да атсалысуда. Мәселен, Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда аталған ұйымның жанынан құрылған кеңестер түрлі кездесулер өткізіп, лудомания, нашақорлық, темекі мен алкогольге әуестік сынды жастар арасындағы өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақыл-кеңестерін айтып келе жатыр. Әрине, мұның қоғам үшін маңызы зор. Өйткені заң бұзып, талапқа томпақ келетін әрекетке баратындардың бірқатары жоғарыда аталған мәселелердің салдарын салмақтамайтындардың қатарына кіреді. Осыншама игі бастамаға себепші болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түспек.
Тарқата баяндайтын болсақ, Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» атты жобасы таныстырылды. Іс-шараға ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, мемлекеттік органдардың, қоғамдық қорлардың өкілдері, республикалық және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемелерінің басшылары қатысты. ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи таныстырылым модераторы болды. Елордадағы келелі кеңеске Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қатысты. Сондай-ақ Басқармалар үйінің мәжіліс залында «Зуум» форматында «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова және аудан, қалалық Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері қатысты. Кіріспе сөзінде Леонид Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында ҚХА Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе, ҚХА-ның 13 арнайы жобасын және оларды іске асыру жоспарларын әзірлеп, бекіткенін айтты.
Аталған жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған. Таныстырылып отырған «Салауатты Сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған. Сонымен қатар жиын барысында ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай «Салауатты сана» жобасы аясында аталған дерттердің алдын алу және олармен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Атап айтқанда өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден, қоғамдық дерттерден сақтандыру, рухани тәрбие беру және ұлттық, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қажетті заңнамалық өзгерістер туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады. Іс-шара соңында қатысушылармен ҚХА Аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаның жүзеге асыру бойынша идеялар мен міндеттері талқыланды.
Айта кету керек, соңғы жылдары Ассамблея тарапынан ауқымды шаралар атқарылып келеді. Оның ішінде құмар ойынға құмартушыларды лудоманияның шырмауынан шығаруға ықпал ететін түрлі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асуда. Күні бүгінге дейін кездесулер мен жиындарда құмар ойынның зардаптары турасында кеңінен ақпараттар берілді. Түрлі сала мамандарынан жасақталған спикерлер құнды кеңестер айтып, лудоманияның зардаптарын талқылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Тіпті, шаралар легі толығып, жұмыс қарқын алмақ. Өйткені «Салауатты сана» жобасы дәл осы мақсатты көздеп отыр.