САУРАН АУДАНЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгінде жастар саясаты жоғары қарқынмен дамып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жастар орталықтары қарқынды жұмыс істеп келе жатыр. Оның ішінде өскелең ұрпақ арасында тараған сан түрлі мәселелерге үн қатып, шешімін табуға атсалысуда. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда нашақорлық, ащы суға құмарлық, құмар ойындарына әуестік сынды құрығын кеңге жайған түйткілдер баршылық. Мұнымен мемлекет болып күресіп келе жатқанымыз да айқын. Тіпті, өзекті тақырып үлкен мінберлерден де көтеріліп келеді.
Бұған дейін Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе, Үкіметке тиісті тапсырмаларды берген болатын. Осының негізінде арнайы заң жобасы да дайындалды. Бұдан бөлек, құмар ойындармен күрес бойынша арнайы жоспар бекітіліп, жүзеге асыру жолдары сараланып жатыр. Ал өңірлер бұл түйткілді түйінмен күресті әлдеқашан бастап та кетті. Мәселен, бір ғана Түркістан облысында құмар ойыннан қоғамды сақтандыру мақсатында жыл бойы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттерін қамтыды. Сонымен қатар дін саласы мамандарынан, құқық қорғау органы қызметкерлерінен, психологтар мен ақсақалдардан жасақталған арнайы түсіндірме топтары қалалар мен аудандарда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға құнды кеңестер берді. Бұл ғана емес, жастар орталықтары да күрес шараларына қарқынды үлес қосып келе жатыр. Мәселен, жуырда Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Urker» жазғы демалыс аймағында жастарға арналған «Үміт, Сенім алға жетелейді!» атты облыстық жастар форумы өтті. Жиынға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшының орынбасары Пердебек Сержанұлы, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері Жандос Қапанов қатысты.
Форумның алғашқы кезеңінде лудомания зардаптарының алдын-алу және күресу жолдары бойынша семинар- тренинг өтті. Сонымен қатар екінші кезеңде «Шекербұлақ туристері» атты экстремалды спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Ал, үшінші кезеңде жастар арасында «Интелект баттл» интелектуалдық ойыны өтті. Сайыс жеңімпаздары арнайы аудан әкімінің алғыс хаты және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Форум соңы «Zhastar party» караоке кешімен қорытындыланды. Айта кету керек, шараның алғашқы күнінде жастарға лудоманияның зардаптары турасында кеңінен ақпараттар берілді. Спикерлердің айтуынша, қазіргі замандағы жастарды еліктіріп, жаман жолға бастайтын жолдардың бірі, ол – құмар ойыны. Оған салынып жатқан көп жастардың отбасынан береке кетіп, жолы болмай, небір қиыншылықтарға тап болып жүргені өкінішті. Еңбектеніп тапқан табысын картаға, букмекерлік кеңселерге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқан жастарды көп кездестіруге болады. Негізінен қазіргі кезде осы құмар ойынның кесірінен көп жастарымыздың жұмыс жасауға деген қабілеттері төмендеп, еріншектік қасиеттері басым болып бара жатыр. Ақша табудың осындай жеңіл жолын көздеген жастарымыз қоғамға да, отбасына да, өзіне де көп зиян келтіріп жатқанын түсінуі керек. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген мақалдың мәнін түсініп, ризық-несібесін адал жолмен тапқанға не жетсін. Сондықтан жастар құмар ойынмен күрес ісіне белсенді атсалысуы керек. Қоғамда бұл мәселеге кезіксе, қол қусырып отыруға болмайды. Айналада құмар ойынның шырмауына түскендер болса, шұғыл түрде ата-анасына, туған-туысына хабарлауы шарт. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта лудоманияның шырмауына түскен жастардың қатары қалың. Олар бастапқыда көретін азын-аулақ пайданы кәсіпке айналдырып, артынша тәуелді болып қалғандар десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде бұл кеселді дүниеге тап болғандарды анықтау оңай. Олар қоғамнан бөлектене бастайды. Болмашы нәрсеге ашу шақырып, айналасына эмоциясын көрсетуді қалыпты құбылыс ретінде қарай бастайды. Ең басты ерекшелігі – қарыз сұрауды жиілетеді. Яғни өзінің тапқан-таянғанын бәске ұтқызғаннан кейін, бір сәттік жеңіс үшін түрлі өтіріктер айтып, қаржы табу қамына кіріседі. Сөйте жүріп, алған ақшаны қайтармайды. Бұл үрдіс тоқтаусыз жалғаса береді. Ата-анасы ұлының құмар ойынға ақша тігіп жатқанын білгенімен, қарызынан құтылуына көмектесіп жататын жағдайлар да жоқ емес. Мұндай кезде лудоманның қарызын жауып берумен мәселе шешілмейді. Керісінше, оның қайтадан ойынға тәуелді бола түсуіне ықпал етеді. Ата-аналар мұндай жағдайға тап болса, баласының емделуіне жағдай жасауы керек. Яғни психолог және психотерапевт сынды кәсіби мамандарға жүгінгені абзал. Өйткені лудомания халықаралық деңгейде ресми түрде аурулардың қатарына қосылған. Бұл дерттен адамды емдеп жазуға біршама уақыт керегін ұмытпаған абзал. Сондықтан да мәселенің салдарымен күресуге қарағанда, себебін анықтап, оны жоюдың маңызы зор.
Айта кету керек, жуырда Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жазды. Нақтырағы «Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. Естеріңізде болса, Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі. Лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды» деген болатын мемлекеттік кеңесші. Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады. Жалпы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сенер болсақ, Қазақстанда шамамен 350-400 мыңдай лудоман бар көрінеді. Бұл мәліметтерді оңалту орталығының мамандары да құптайды. Себебі орталықтан айықтыруға көмектесулерін сұрап өтініш жасайтындардың қарасы көп дейді. Ал ҚР Ішкі істер министрлігі таратқан бір деректе «Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды» делінген. Сол себепті бұл шарамен күресте бүкіл қоғам болып атсалысатын қимыл болуы керек. Ойын аппараттарына шектеу салу керектігі басты назарда тұр. Мемлекет тарапынан күрес күшейген сайын алаяқтар түрлі тәсілдерге барып, әлеуметтік желі беттерінде жарнамаларын тоқтатпай тұрған жайы бар. Алайда заң талаптары күшейген сайын, адамдарды аздырып, қалталарын қағып алуды көздейтін алаяқтардың өрісі тарыла түседі деген сеніміміз бар.