САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ
Құмар ойындарының алдын алу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Бір ғана Түркістан облысында соңғы жылдар ішінде көптеген жиындар мен басқосулар өткізіліп, лудоманияның зардаптары қоғамға кеңінен түсіндірілді. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерге ақпараттық-түсіндірме жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Жуырда осындай шараның бірі өтті. Тарқатайық…
Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөнідегі уәкілі Закридин Әлімқұлов Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен кездесті. Келелі жиында сыбайлас жемқорлық, әдеп, тұрмыстық зорлық-зомбылық, діни экстремизм және лудомания мәселелері талқыланды. Басқосуда сөзді бастап берген Закриддин Нұрмаханұлы «Бүгінгі таңда қоғамдық проблемаға айналған сыбайлас жемқорлықты жоюға әрбір мемлекеттік қызметші атсалысуы тиіс. Әр маман өзінен бастап елге адал қызмет көрсету, кез келген жағдайда әдепті және қарапайым болуға әрекеттену қажет. Бұл – ең басты талап. Жұмысшыларға қолайлы орта жарату арқылы елге сапалы қызмет көрсете аламыз. Ол үшін отбасымыздағы тыныштық, берекені сақтай білуіміз керек. Сонда ғана жұмысымыз өніп, нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз» деп атап өтті. Жалпы кездесуде қазіргі уақытта қоғамның өзегінде қайнап жатқан лудомания және діни экстремизмнің қасіреті сынды өзекті мәселе сөз болды. Салалардың дамуына тосқауыл болып отырған жемқорлық сынды күрмеуі қатты түйткілдің заң алдында жауапкершілігі бары түсіндірілді. Басқосуға келген сала мамандары тарапынан спикерге сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді. Жиынды қорытындылаған Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөнідегі уәкілі басқарма мамандарына қызмет алушылармен және тұрғындармен диалогқа түскенде мейлінше кішіпейіл болуға шақырды. Бұдан бөлек, жұмыста және одан тыс уақыттарда мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауы керегі айтылды.
Жалпы елімізде лудоманиямен күрес шаралары қарқын алған. Арнайы заң да дайындалды. Заң жобасының мақсаты – құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде азаматтарды ойынға тәуелділіктен қорғау, азаматтар мен олардың отбасылары үшін ойынға тәуелділіктің теріс әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салдарының алдын алу, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру. Жаңа құжатқа сәйкес, ойын бизнесіне қатысушыларды оның жағымсыз салдары, тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар ету, сондай-ақ мәліметтері борышкерлер тізілімінде бар жеке тұлғалардың ойынға қатысуына тыйым салу туралы міндетті ақпарат енгізіледі. Құмар ойындарға кәмелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазалар белгіленеді. Букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіледі. Сонымен қатар лоторея терминалдарын елге әкелуге және тұрғын үйлерге, дүкендерге, медициналық және білім беру ұйымдарына орнатуға тыйым салынады. Құмар ойындарға қатысу жасы 25 жасқа дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің ақпараттық және қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша, барлық қаржылық операция мемлекетке көрініп отырады.