ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгінде жастардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Мәселен, кәсіп ашамын деушілерге арналған арнайы гранттар бар. Жұмысқа орналасу үшін тәжірибе толықтыруды мақсат еткендерге де арнайы жоба аясында көмектер көрсетіледі. Бұл ғана емес, дамыған елдердің ілімі мен білімін меңгеруді мақсат еткендерге де көрсетілер көмек көп. Дегенмен қазіргідей жаһандану сынды жойқын күштің қоғамға аса ауқымды түрде әсер етіп жатқанын аңғарсақ, мұның барлығы жеткіліксіз екеніне көзіміз айқын жетеді. Өйткені ғаламтордың кең қолданысқа енуімен түрлі санаға жат, ұғымға қайшы келетін әрекеттер көбейіп келеді.
Соның бір мысалы ретінде лудоманияны атап айтуға әбден болады. Бүгінде бұл кесел әлеумет арасында дендеп бара жатыр. Мыңдарды құрығына ілген құмар ойындарының зардаптары да ауыр. Егер елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, онда олардың бір миллионы құмар ойынның жетегінде жүр. 2023 жылдың бірінші 4 айлығының қорытындысы бойынша осы букмекерлік кеңселердің айналымында 100 млрд теңгеден астам қаражат болған. Ал 1,5 жылды алатын болсақ, айналымдағы ақша 1 трлн теңгеден асқан. Егер, елімізде 1 млн-дай адам құмар ойын ойнайды деп есептесек, онда әрқайсысы орта есеппен 1 млн теңгесін осы ойынға салған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев атап айтқан болатын. Қош делік, қарап отырсақ, құмар ойыннан келетін қауіп көп. Оның материалдық шығынмен қатар адамның психологиясына ауқымды зарарын тигізетіні айтпаса да белгілі. Өйткені лудомания әлемдік деңгейде аурулар тізіміне енгеніне біраз болды. Бұл дерт адамды шыңырауға тартып, барынан айырады. Өзіне тәуелді етіп, тұлғалық тұрғыда дамуға тосқауыл болады. Сондықтан да елімізде лудоманиямен күрес шаралары қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, бір ғана Түркістан облысында жыл басынан бері көптеген мекемелерде қауіпті мәселенің алдын алуды көздейтін түрлі шаралар ұйымдастырылды. Оның ауқымы мектеп оқушыларынан бастап ата-аналарға дейін қамтыды. Бұл ғана емес, мемлекеттік қызметшілер арасында да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Жуырда осындай шараның бірі өткен болатын. Тарқата баяндасақ, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жаңа ғимаратында Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» психологтарына арналған «Жастар арасындағы зиянды әдеттер мен зиянды әрекеттердің алдын алу» тақырыбында көшпелі отырыс болып өтті.
Көшпелі отырыстың мақсаты — психологтар арасында жүйелі тәжірбие алмасу, жастар мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу, оның ішінде нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық және буллинг профилактикасы тағы бар. Көшпелі отырысқа Шымкент қаласының «Көмек қолдау орталығының» аддиктолог-психолог маманы Әліпбайұлы Нұрислам «Жастар арасындағы тәуелділік» тақырыбында, психолог-педагог Абдирахманова Шара «Зорлық-зомбылықтың және буллингтің алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қоғамды шырмап бара жатқан құмар ойындар турасында да кеңінен ақпараттар айтылды. Спикерлердің сөзінше, Қазақстанда лудомания дертіне шалдыққандар саны артып барады. Қазіргі уақытта құмар ойындардың құралдары өте қолжетімді. Интернеттегі онлайн құмар ойындарды қоспағанда, көппәтерлі үйлердің жертөлесінде, дүкендерде орналасқан сары-жасыл ойын аппараттарының өзі жетіп артылады. Кейбір деректер бойынша, ресми тіркелген ойын аппараттарының саны бес мыңға жуық екен. Ал бейресми істеп тұрған терминалдардың саны беймәлім. Жалпы алғанда елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналып үлгерген. Лудомания – есірткіқұмарлық пен ішімдікке салыну сияқты дерттің біріне айналған. Соның кесірінен талай шаңырақ ортасына түсіп, апталдай азаматтар қылмыскер атанып, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Интернетте қызылды-жасылды жарнамасы жалт-жұлт еткен онлайн казинолар жастарға, жеткіншектерге қолжетімді болып отыр. Ендеше құмар ойындарға тыйым салу тек заң тұрғысынан реттеліп қана қоймай, оның зиянын тәрбие, білім арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіру басты міндетке айналды.
Құмар ойынға көбірек баратындардың дені жастар деуге болады. Бізде қазіргі заң бойынша 21 жастан бастап құмар ойынға қатысуға, бәс тігуге рұқсат берілген. 21 жастағы азамат дегеніміз – студент, жас маман болмаса отбасын құрмаған мойнында асып бара жатқан жауапкершілігі жоқ азаматтар. Әлі психикасының тұрақтанбауы құмар ойындарға көбірек баруына әсер етеді. Мысалы, Англияда 25 жастан бастап бәс тігіп ойнауға рұқсат етіледі. Біздегі 25 жастағы азамат дегеніміз – көбіне университет бітірген, 2-3 жыл жұмыс істеген, тіршілік қамымен жүрген, бос уақыты аздау, шаңырақ көтерген, балалары бар болуы мүмкін адамдар. Сол себепті де бәс тігу жасын көтерудің маңызы қоғам үшін айрықша маңызды. Осы тұста айта кетерлігі, елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалған болатын. Дәл осы заңда құмар ойындарға қатысу және бәс тігу жасын 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру бастамасы бар. Қорыта айтсақ, қоғамның кеселіне айналған өзекті мәселемен күрес шаралары қарқынды түрде жалғасып келе жатыр. Мұның өзі мыңдаған азаматты құмардың құрығынан құтқаруға сеп болары айқын.